Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны

Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны

Еріншектің ертеңі бітпес. Қай істі болса да, кейде орындауға қиынсынып, ертеңге ысырып тастаймыз. Мақсатқа жеткіңіз келсе, еріншектікті жеңе білу керек. Осы тұста ұлы Абай мен өзге тұлғалардың осы тақырып төңірегінде айтқан ой толғамдарын назарларыңызға ұсынамыз.

Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады.

Абай Құнанбаев

... еңбек қылмас, еріншек - адам болмас.

Абай Құнанбаев

... Әрбір жалқау кісі – қорқақ... надан, арсыз келеді.

Абай Құнанбаев

Орынды іске жүріп ой таппаған,

Не болмаса жұмыс қып, мал таппаған.

Қасиетті болмайды ондай жігіт,

Әншейін құр бекерге бұлғақтаған.

Абай Құнанбаев

Бес нәрседен қашық бол:

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ.

Абай Құнанбаев

Еріншекке есік те асу көрінер.

Жалқауға бұлт та жүк көрінер.

Махмуд Қашғари

Еріншек егіншіден елгезек масақшы озады.

Ыбырай Жақаев

Еңбекті дұшпан санаған адамда өмірі мейірім жоқ.

Сәбит Мұқанов

Бостандық таңы атты, қазағым көріңдер!..

Еріншек, жалқаулық әдеттен безіңдер.

Арамдық, аразды түбімен жойыңдар,

Өтірік, өсекті біршама қойыңдар.

Шәкәрім Құдайбердиев

Адамды жөн білетін дана деп біл,

Істерін жалқау жанның шала деп біл.

Шал ақын

Бойкүйез, арамтамақ жатып ішер,

Жаман дерт осы бастан сақтаныңдар.

Кенен Әзірбаев

Сурет: adme.ru

Н. Айдархан