Адамды алға жетелейтін ақша емес

Адамды алға жетелейтін ақша емес

Оқуын жақсы тәмамдаған жас жігіт арманына қол жеткізіп, кәсіпкер атанады. Талай биік шыңды бағындырып, туған-туысқандарына көмектеседі. Осылай жүргенінде алаяқтарға алданып, жолы болмай қарызға белшесінен батады. Тауарды жеткізушілер мен несие берушілер ақша талап етіп мазасын алады.
Бәрінен үміт үзген кәсіпкер ой жинақтау үшін саябаққа барады. Қарыздарынан құтылудың амалын қарастырып отырғанында, кенеттен бір қария пайда болып: «Жарқыным, мен сені бір нәрсенің мазалап тұрғанын білемін. Бөліспейсің бе?» - деп сұрайды.

Жанашыр достарынан күдерін үзген жас жігіт қарияға көп қарыз алғандығын, оны қайтара алмай жүргендігін баяндайды. Қария сөзін бөлмей ұзақ тыңдап: «Мен саған көмектесе алатын сияқтымын», - деп чек ұсынады. Ақшаны керегіне жаратып, бір жылдан соң өзіне қайтару керектігін айтады. Жігіт алғысын айтып үлгергенше шал қалың жұртқа сіңіп кетеді.

Чектің сомасы жазылатын жерге 500 000$ деген жазу тіркелген екен. Төменгі тұсында чек иесі «Джон Рокфеллер» екені жазылған. Ал Джон Рокфеллер - әлемдегі ең бай адамдардың бірі.

Қуаныштан жүрегі жарылардай болған жігіт «Барлық қиындығымды бір уақытта шеше аламын» деп ойлап, чекті сейфке салып қоюды жөн көреді. Көкейінде бизнесімді қалай да болсын сақтап қаламын деген қуаныш пайда болады.

Оптимизмінің арқасында жаңа серіктестерімен келісім шартқа отырып, қарыздарын қайтарады. Небары бірнеше айдың ішінде аяғына нық тұрып, арада бір жыл өткен соң саябаққа әлгі чекті алып келеді.

Қарт келіскендеріндей межеленген жерде күтіп тұр екен. Өмірден көп сабақ алған жігіт шалға ендігі мырза атанып, қиындықтарын шешкендігін айта бергенінде бейтаныс медбике жүгіріп келіп, қарияны ұстап алады.

- "Әйтеуір ұстадым ғой сізді. Кешіріңіз, бұл қария сізді мазаламады ма? Үнемі үйден қашып, өзін Джон Рокфеллермін деп таныстырады", - дейді медбике.

Кәсіпкер не айтарын білмей бір орында тұрып қалады. Оның бойына күш-қуат сыйлап, жігерлендіре түскен әлгі чек еді. Енді бизнесін ойдағыдай дамытқан чектің жалған екенін білді. Өмірін түбегейлі өзгертуге жалған ақшаның септігі тигенін түсінді.

Сол себепті, өмірде бастысы – құрал емес, өзіңізге, табысқа жете алатындығыңызға деген сенім екенін біліңіз. Мұндай қарияны Алматы көшелерінен жолықтырмасақ та, бізді арманға жетелейтін сенім жоғалмасын!

Сурет: rudaki.ru 

Қ. Бүйенбай