Асқар Cүлейменовтің афоризмдері

Асқар Cүлейменовтің афоризмдері

Белгілі жазушы, әдебиет сыншысы, драматург Асқар Сүлейменовтің елдік, ұлтжандылық, адамдық туралы айтқан афоризмдерін назарларыңызға ұсынамыз.

* Есесін жіберген ел - ел емес.

* Экономикалық қауіпсіздіктің мәселесі, ең алдымен, - ұлттық қауіпсіздіктің мәселесі.

* Ел ділімен танылмақ.

* Ұлтжандылықты ауаның деңгейіне көтерген үш халық болса, екеуі - француздар мен поляктар, екі халық болса - тағы сол екеуі. Ұлтшылдықпен тыныстау олар үшін табиғи нәрсе. Парижде қайтқан Шопеннің жүрегін Варшавадағы шіркеуге мирас қылғаны ұмыт қалмайды. 

* Қит етсе болды америкалап шыға келетін аура етек алды. Бұл өзі мегежіннің інгенмен бой салыстырғанындай.

* Кісілігін жоғалтпаса - жауыңның қайсыбір иттігін кешіруге де болады.

* Ұяла алмаған - тірі өлік.

* Адамның адамдығын - оның басқаға, басқаларға шын зәрулігімен өлшеуге болады.

* Бұл ғаламда тұзақты да, тұсау-тұсамысты да туабітті танымасқа жаралған біреу бар: ол – адам.

* Даусызға дауды дауасыз айтқан...

Тәрбиенің еркіндігі - еркіндікпен тәрбиелеу.

* Кейбір адамдардың бағасын жауының санымен де өлшеуге болады.

* Байлық - барлық болғанда, өнер - мұрат. Байлықтан мұрат шықпаған. Ал, мұрат - тірлік.

* Бірлік түбі – зорлық.

* Үлкен арман сабырда жатады.

* Ашық айту - анық айту болғанымен, ақиқатты айту емес.

* Сүрінгенін секіргендей көрсете білер бар.

* Тіс тимеген шөп жесір, құс қонбаған көл жесір.

* Өмір - тән, өнер - жан: тән тұншыққанда - жан шыңғырады.

* Өлімге берер жаным бар – пендеге берер арым жоқ.

* Тірлік кешкен адамның сол тірліктен алып кетері – жат тізені кеудесіне шығармау.

* Сауалы бұйрық тектіге – солқылдақ жауап жүрмеген.

Сурет: өңделген

Ш. Талап