Жыл сайын қыркүйек айының соңғы аптасында Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері күні тойланады. Аталған мереке қарсаңында тіл өнеріне қатысты қазақ халқының мақал-мәтелдерін топтастыруды жөн көрдік.
* * *
Туған ел – тұғырың,
Туған тіл – қыдырың.
* * *
Қазақтың ақылы – көзінде,
Қасиеті сөзінде.
* * *
Тіл — буынсыз,
Ой - түпсіз.
* * *
Тілі өлген ел – тірі өлген ел.
* * *
Еттен өткен таяқтан,
Сүйектен өткен сөз жаман.
* * *
Ішімдегінің бәрі тілімде,
Тілімдегінің бәрі түрімде.
* * *
Құр судан май шықпайды,
Құр сөзден мән шықпайды.
* * *
Аталы сөзге арсыз ғана жауап қайырады.
* * *
Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі.
* * *
Орақты ора білмесең,
Қолыңды кесерсің.
Сөзіңді сөйлей білмесең,
Жолыңды кесерсің.
* * *
Ажал келмей жан шықпас,
Қысыр сөзден мән шықпас.
* * *
Тілі бардың тіріде ақысы кетпейді.
* * *
Жүйелі сөз —
Жүйесін табар;
Жүйесіз сөз —
Иесін табар.
* * *
Жақсының сөзі
Өлшеп, пішкендей,
Жаманның сөзі
Түйеден түскендей.
* * *
Тілден тілдің кеңдігі болғанымен, кемдігі жоқ.
* * *
Тіл – қылыштан да өткір.
* * *
Сөз бергенге ерме,
Бөз бергенге ер.
Сөз — бейнет болар,
Бөз — көйлек болар.
* * *
Ине көзінен сынады,
Шешен сөзінен сынады.
* * *
Жатып сөйлеген жігітке жараспайды.
* * *
Сөйлей білмеген кісіден
Үре білген ит артық.
* * *
Тілі алмасқа сөз айтсаң,
Адам таппас жауап айтар.
* * *
Аяғы жаман төрді былғар,
Аузы жаман елді былғар.
* * *
Тәрбие тілден басталады.
* * *
Басқа пәле тілден.
* * *
Бал тамған тілден у да тамар.
* * *
Малға кедей – жарлы,
Тілге кедей – сорлы.
* * *
Әңгіме бұзау емізер,
Бұзау таяқ жегізер.
* * *
Бас кеспек болса да,
Тіл кеспек жоқ.
* * *
Аузы құлып сандықты, тіс ашпаса тіл ашар.
* * *
Шешеннің тілі – шебердің бізі.
* * *
Ашынған тілді болар,
Ашыққан ұры болар.
* * *
Ашуың келсе — қолың тарт,
Айтпас жерде — тілің тарт.
* * *
Жақсы байқап сөйлер,
Жаман шайқап сөйлер.
* * *
Алажағым кетсе де,
Айташағым кетпесін.
* * *
Әділ сөздің зілі жоқ,
Көп көзінен өткен істің міні жоқ.
* * *
Біреу қасып айтады,
Біреу басып айтады,
Біреу жаны ашып айтады.
* * *
Найзалассаң, найзалас,
Тіл найзаңмен түйреме.
Тіл найзаңа түйреп ап,
Олай-бұлай сүйреме.
* * *
Өлеңді қосылып айтқан жақсы,
Сөзді тосып айтқан жақсы.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: aikyn.kz