- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Мақсатқа жету жолындағы...
Мақсатқа жету жолындағы қиындықтар
– Ұстаз, – деді бір күні шәкірті бірдеңе сұрамақ болып, – өз әлсіздігімізді сездіретін, жолымыздан тайдырғысы келетін, мақсатымызға жетуге кедергі келтіретін қиындықтар неге туындайды?
– Сенің қиындық деп отырғаның, – деді Ұстаз, – негізінде мақсатыңның бір бөлігі. Мұнымен күресуді доғар. Жол таңдағанда жай ғана осыны ойла да, есепке ал. Садақ атып жатқаныңды елестетші. Жерге қалың тұман түскендіктен сен нысананы көрмейсің. Алайда сен тұманмен күресесің бе? Жоқ, сен жел соққанды күтіп, тұман өздігінен тарап кеткенін күтесің. Енді нысана көрінді дегенде, жебеңді жел басқа жаққа ұшырып әкетеді. Сен желмен күресесің бе? Жоқ, сен оның бағытын аңдып, садақты басқа бұрыштан атуға кірісесің. Садағың да қатты әрі ауыр, кейде садақтың адырнасын тартуға күшің жетпей жатады. Сондайда садақпен күресесің бе? Жоқ, бұлшық еттеріңді жаттықтырып, күн өткен сайын адырнаны жеңіл тартасың.
– Бірақ желсіз, жаймашуақ күні жеңіл әрі иілгіш садақтан ататын адамдар бар ғой, – деді шәкірт өкпелеп. –Неге дәл менің атысым өз жолында көптеген қиындыққа ұрынады? Әлде Жаратқан менің алға ұмтылуыма қарсы ма?
– Ешқашан ешкімге қарама, – деп жымиды Ұстаз. – Әр адам өз садағын, өз нысанасын және атуға қолайлы уақытты өзі таңдайды. Біреулер дәл тигізуді мақсат тұтады, басқалар — атып үйренгісі келеді.
Ұстаз даусын бәсеңдетіп, шәкіртіне тура қарай:
– Және саған тағы бір құпияны ашайын, балам. Жаратқан саған қарсы шықпайды және көмектеспейді де, ол сенің ісіңе араласпайды. Тұман сенің атысыңа кедергі болу үшін түспейді, жел оғыңды басқа жаққа ұшырып әкету үшін соқпайды, ал садақшы садақты адамдар өз әлсіздігін ұғынсын деп жасамайды. Мұның бәрі сенің қалауыңнан тыс іске асады. Барлық қиындыққа қарсы тұрып, нысанаға дөп түсемін деген — өз ойың. Сондықтан, қиындыққа шағымдануды доғар, немесе менменшілдікке салынбай өз қолыңнан келетін мақсатты таңда. Қақ маңдайынан атуға иілетін мақсат.
Сурет: www.svoboda.org
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina