Ойыншық іздеген бала

Ойыншық іздеген бала

У-шуы көп қалада дүкен аралап жүрген едім. Алты жастар шамасындағы бала мен сатушының әңгімесін құлағым шалып қалды.

«Расында жетпей ме әпке?» деді бала сатушыға қарап.

«Әпке, ақшамды сіз санап көріңізші, расында да жетпей ме мына ойыншықты алуға?» деді бала маған бұрылып.

«Сен жігіт болдың ғой, бұл ойыншықты не істейсің? Ақшаң жетпесе алмай-ақ қой, бұл қыздарға арналған қуыршақ қой» дедім мен ақыл айтып.

«Мен ойнамаймын, қарындасыма ойыншық тарту етемін деп уәде берген едім, бұл ойыншықты шешем оған ала кетуші еді, қарындасым о дүниеге кеткен болатын, қазір шешем ауырып қалды, ол жуықта қарындасымның қасына кетеді. Шешемнің кетуін қаламаймын, бірақ әкем: «Ұлым, қарындасың әлі кішкентай, шешең ол жаққа барып оны қарауы, бағуы керек, олай істемесе болмайды» дейді. Сол үшін шешемнің оның қасына кетуіне қосылдым,-деді бала жылап тұрып,-шешеме мен ойыншықты әкелмей тұрып кетіп қалма деп қадағалап айттым» деді бала. Мен төбемнен біреу ұрғандай мелшиіп тұрып қалыппын. Көз жасыма да ерік беріппін. Бала да өкіріп жылап жіберді. Мен оны бауырыма басып, төсқалтасында өзінің күліп тұрған бір парша суретін де көзім шалып қалды.

«Мына суреттегідей күліп тұрсаң, өте сүйкімді көрінеді екенсің, жылама» дедім мен.

«Бұл суретті қарындасыма беріп жіберу үшін арнайы түскен едім, ол менің түрімді ұмытып қалмасын деймін» деді бала қолымен көз жасын сүртіп тұрып.

«Балақай, бәлкім әлгінде ақшаны қате санап қойған сияқты, әкел тағы бір рет санап берейін» дедім мен оған бұл ойыншықты алып берейін деп ойлап. Бала жұмарланған ақшаны менің қолыма ұстатты. Оған білдірмей ақшалардың арасына кесек ақша қосып жібердім.

«Балақай, бағана қате санаған екенсіңдер, мына ақша ойыншық сатып алуыңа жетеді екен» дедім мен оның басынан сипап.

Бала ойыншықты алды. Маған рақметін айтты. Сосын маған қарап тағы: «Мен шешеме бір тал гүл сыйлауды ойға алып жүр едім, шешем әтіргүлді өте жақсы көреді. Мен оған гүл ала кетейін» деді.

Мен оның маңдайынан сүйіп: «Қане, асқан ақшаңды маған бер, мен саған әкеліп берейін». Қолындағы ұсақ ақшаны алдым да жақын жердегі гүл дүкенінен әтіргүл сатып алып бердім. Ол ойыншығы мен гүлін алып жүгірген бойы кетіп қалды. Мен үйге келдім. Бірақ, оның бірде жылап, бірде күліп тұрған бейнесі көз алдымнан кетпей қойды.

Ас үйде көкөніс тазалап отырған сәтте кенет алдымда жатқан газеттің бір бұрышына көзім түсе кетті. Бұл бір аптаның алдындағы газет еді. Онда мас жүргізушінің аналы-балалы екі адамды қағып кеткені, үш жасар қыздың сол майданда көз жұмғаны, шешесінің ауыр жарадар болып қазірге дейін есін жинай алмай жатқаны жайлы жазған екен. Хабарды оқып қолым дірілдеп кетті. Қайтыс болған әлгі баланың қарындасы, ал есінен танып жатқан әйел оның шешесі болуы әбден мүмкін еді.

Бірнеше күнім көңілсіз өтті. Әлгі әйел де кішкентай қызын қарауға кеткен сияқтанып тұрды. Осылайша біраз күн өткен соң өзге бір өлімді аттандыра зират басына баруға тура келді. Қара топырағы қопсыған жаңа зираттардың бірінің алдында әлгі кішкентай баланың суреті мен бір шоқ әтіргүлі тұрды. Көз жасыма тағы ерік бердім.

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: roodo.com

M. Auelkhan