Айзат Рақыш:

Айзат Рақыш: "Зияш Телеуова – әлі стилін таппаған жазушы"

Қазақстан жазуышыларының шығармаларын қолдау мақсатында жазушы Айзат Рақыштың сынын ұсынамыз. Қаламгер дедектив жанрында қалам тербеп жүрген Зияш Телеуованың "Ең әдемі қылмыскер" хикаятатындағы бірқатар кемшіліктер туралы айтты.           

Айзат Рақыш – жазушы, ҚР Журналистер одағының мүшесі, ұстаз, сыншы. Қаламгер 1983 жылы 23 қыркүйекте ШҚО Күршім ауданы Жиделі аулында дүниеге келген.   Өскемен қаласындағы С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың қазақ филологиясы факультетінің түлегі. 2015 жылы жазушының тұңғыш жинағы "Өлгендер қайтып келеді" атымен жарыққа шықты. 2018 жылы қаламгер өзінің екінші прозалық жинағын "Мұз үстіндегі қызғалдақ" атауымен оқырмандарына ұсынды.

Айзат Рақыш "Алтын тобылғы-2018" республикалық әдебиет жүлдесінің "Жылдың үздік прозасы" аталымының иегері. Сонымен қатар, жазушы 2018 жылы Ашық Еуразиялық әдеби фестивальге қатысып, "Генералы мира за мир" аталымын жеңіп алды.

***

Ұлт әдебиеті әдебиет болып жаралғалы бері онымен  тумысынан етене жанрлар бар. Сондай-ақ, әлем әдебиетімен қоян-қолтық араласқан кезеңдерде туындаған,  біздің сөз өнеріміз үшін асыранды баладай болып келе жатқан жанрлар да баршылық. Солардың бірі – детектив жанры. Бастауын америкадан алып, батыста өрлеген бұл жанр бізде кенжелеп келеді, дегенмен мүлде қозғалыссыз емес. Қазақ детектив жанры десек, жазушы Кемел Тоқаев пен Қалмұқан Исабаев есімдерін ғана атаймыз. Тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде аталмыш жанрдың шырағын жаққандар бар ма?

Жалпы, детективтік әдебиет  терминін еске салған артық болмас. Детектив (ағылшын сөзі, әйгілеу, әшкерелеу деген мағынаны білдіреді) – шытырман оқиғалы қылмысты істерді ашуға құрылған шығарма. Басты кейіпкерлер-заң қызметкерлері мен қылмыскерлер. Ендігі айтылар сын қазіргі қазақ прозасында детектив  жанрында қалам тербеп жүрген, мемлекеттік тапсырыспен әлденеше детектив романдары жарық көрген  жазушы Зияш Телеуованың шығармашылығы жайында болмақ. Ұзақ жылдарға созылған журналистік қызметінен соң көркем әдеебиеттің дәл осы жанрына келіп, өзінің айбынды ақ ордасын тіге алмаса да, шағын лашығын көтерген жазушының  бір  шығармасын нысанаға алып отырмын.

Сөзімнің өзегі – "Ең әдемі қылмыскер" хикаяты. Мұхтар Әуезов "Әдебиеттің зор міндетінің бірі-елдің мінезін түзеу", - деп жазғаны көпке аян. Ал осы хикаят "елдің мінезін түзеу міндетін", яғни, оқырманның биік эстетикалық талғамына жауап беріп, тәрбиелік мақсатты бағындыра алды ма?  Өмір шындығы мен көркем шындықтың біте қайнасқан ұрымтал тұсын жазушы көрсетіп отыр ма? Осы сұрақтарға жауап іздер болсам, Асқар Сүлейменовтың "Жазушының бір міндеті – идеяны ашу емес, оны мұзартқа көміп, мұнармен бүркеу" деген өткір сөзі тіл ұшына келеді. Зияш суреткер өз идеясын мұзартқа көме алды ма?

Туындының идеялық тұрғыда оқырманға айтар ойын салмақтап көрейік. Хикаятта детектив шығармаға тән қылмысты әшкерелеу қасиеті жоқ. Негізінен баяндауға құрылған хикаяттың нендей идеяны арқалағаны бұлдыр, себебі шығарма оқиғасы аяқсыз қалады. Қылмыс әлеміне дендеп еніп кеткен Айсұлу мен тергеуші Мақсаттың махаббаттары,  Анталиядағы он күндік демалыстағы сезімдерінің жемісі – алаяқтың құрсағындағы сәби тағдыры шешімін таппаған күйі қала береді. Сонда жазушының оқырмандарына не ой тастағысы келгені күмәнді күйде қалып отыр. Туындының идеялық табиғатын қалың тұман басқан.

Хикаяттың басында "құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің бас ауруына айналған алаяқ, халықаралық іздеудегі қылмыскерй деп дабырайтып бастап, кейін бұл дақпырт оқиға соңында сұйылып барып, ноқатқа айналады. Қаламгердің айтпағы, насихаттар идеясы көмескіленіп барып, құмға сіңген судай тартылып қалады.  Алаяқтығына хас сұлулығы көмек берген Айсұлудай өмір кешсеңдер, тұтылуың қиын дегісі келе ме? Әлде табиғат тарту еткен сұлулықты арам жолға пайдаланбаңдар деген үн көтергісі келе ме? Ол жағы қараңғы.

Осылайша хикаят идеясы буалдырланып, тек оқиғалардың сәтті сабақтастығына иек артып қалып қояды. Ал детективтік әдебиетке тән шытырман, шым-шытырық оқиға бұл хикаятта жоққа тән.  Егер нағыз детектив  жанрындағы туынды болса, жазушы басты мақсатты қылмыскер Айсұлудың алаяқтық, қулық-сұмдық оқиғаларын баяндап, тергеуші Мақсаттың оның арамдығын әшкерелеу ниетіне бағыттаса керек-ті. Алайда хикаятта мұндай қылмыскер мен тергеуші арасындағы алас ұрған арпалыс оқиғалар жоқтың қасы. Тіпті жалған құжат жасатып, шетелге алаңсыз саяхат жасап жүрген Айсұлудың бірде-бір қылмысы сипатталмайды, соған орай ашылмайды.

"Өздері алданады," - деген кейіпкер қыздың бірер жердегі сөзі қылмыстың себебін әлсіз бейнелейді. Негізгі оқиға алаяқ Айсұлу мен жас тергеуші Мақсаттың сезімдеріне құрылған.  Әрине, детевтик әдебиетте де сезім оқиғалары кездесері хақ. Бірақ басты оқиға қылмысқа келу, оның қазанында қайнау және оған қарсы әділдіктің өкілі – заң қызметкерімен арбасу. "Ең әдемі қылмыскер" хикаятында басты меже жүгі ауған түйедей  нысанадан қисық кетіп, бірінен соң бірі шұбатылған, шытырмандық қасиеттен ада қарабайыр оқиғаларға негізделген. Шығарма сюжетінің өмір шындығынан алыстап кеткен тұстары да жетерлік: Подполковник әрі бас тергеуші Бауыржан өз кабинетіне "сіздің жігіттеріңіз қырындайды, мазамды алады" деген болмашы желеумен келген Айсұлудың көркіне арбалып, оған есімхатын беріп, оп-оңай алданып қалады. 

Халықаралық іздеудегі қылмыскерлер туралы ақпарат таратып отырған мекеменің басшысы қылмыскер әйелдің ажарына алданып, бұлай сан соғуы – жазушы қиялының ғана жемісі. Және бір нанымсыз оқиға-тергеуші Мақсат Анталияда жүріп, Айсұлумен бет жыртысып ауруханаға түскен жәбірленуші әйелдің халін білмек болып,  қазақстандық қызметтік куәлігін көрсетіп, ақпаратқа қанығады. Қашаннан бері өзге елдің заң қызметкері бөгде мемлекеттің ішкі заңына араласып, ол аз болғандай,  мәселенің жай-жапсарын анықтау үшін куәлігін көрсетіп, дегеніне жетуші еді? Шынайы өмірде тергеуші Мақсаттың қызметтік қызыл куәлігі тек Қазақстанда ғана құзырға ие. Және бір сенімсіз қиюластырылған оқиға – хикаяттың соңында уақытша тергеу абақтысында отырған Айсұлу өз тергеушісі Мәдинадан Мақсаттың нөмірін сұрап алып, сүйікті жігітіне хабарламалар жазуы.  Абақтыдағы Айсұлуға кім қалта телефонын беріп қойыпты?

Мұндай "ерке айыпталушы" өмірде бар ма? Шығарманың басында білдей заң қызметкері Бауыржанды еш қиындықсыз алдап алған оның есімхатын осы уақытша ұстау абақтысында Мақсатқа қайтарып береді. Бұл түрік теелехикаяларындағы түрмеде тордағы бұлбұлдың құйқылжыған әнін тыңдап, қаннен-қаперсіз қою шай ішіп отыратын қылмыскерлердің қияли өмірі тәрізді. Осы тұста қаламгер Зияш ақиқат дүниесінен алшақтап, қиял әлемінің әсіре қалқыма елестеріне көбірек бой ұрады. Жазушы оқиғаларды оқырманның көңілінде ойната алмай, жай ғана баяндаумен тынады.

Осы тұста өзбек жазушысы Абдулла Қаһардың "Әдебиет атомнан да қуатты, бірақ оның күшін отын жаруға қолданудың қажеті жоқ" деген өлмес ғибраты еске түседі. Егер автор шығармасының айқын іргетасы етіп Айсұлудың құпия қылмыстық әрекеттері мен оның соңынан тіміскіленіп қалмайтын кәсіби тергеуші Мақсаттың өзара "жекпе-жек" оқиғаларын алса, ал олардың махаббатын басты оқиғаның қозғаушы күшіндей етіп көрсетсе, бәлкім, сонда қуатты әдеби туынды болар ма еді?

Идеясы тұманды, оқиғалары күмәнді хикаяттың үшінші үмітті қыры – көркем тілі. Кез келген жанрдағы әдеби шығарманың ғұмырлы болуының бірден-бір кепілі – әдеби кестелі тіл. Жазушы Зияш тіліне үңіліп те, түңіліп те көрдім. Оның бірнеше дәлелді себептері бар. Біріншіден, жазушы тілі тым қасаң, өзіндік өрнектерден ада. Бұрын-соңды әдебиетте қолданылып, әбден жаттанды болып қалған тіркестерді ғана аңдауға болады. Қыздың "бота көзі", "көк аспандағы ақ шарбы бұлттар" – тым таптаурын болып қалған сүреңсіз сөздер. Оны өзіндік сөз қолданыстарымен бере білмеген  Зияш Телеуова жазу тілінің қарабайырлығын көрсетіп отыр.

Екіншіден, эпиграфы  ресми тілде берілген  хикаяттың өн бойында орыс сөздері жиі ұшырасады. Біресе есімхат десе, біресе орысшалап визитка деп құбылады. Қазақша баламасы бола тұра, ресторан, кафе, отказ, департамент деп шұбарланады. Егер көркем шығарма көркемдік бояуынан айрылса, онда оқырманына не бере алады?

Үшіншіден, Зияш тілінің тегеурінсіздігі кейіпкер портретін жасауда жұпынылық танытып тұр. Дәлел келтірейік: Тергеуші Мақсатты суреттейтін бір тұсындағы сөйлем: "...ұзын бойлы, мұрты тебіндеп келе жатқан ақ құба келбетіне қарап, іштей риза болды". Өз-өзіне риза боларлықтай портрет бұл ретте сомдалмаған. "Мұрты тебіндеп келе жатқан" деген тіркес қазақта бозбала жігітке арналады. Ал автор  қазақтың жас ерекшеліктеріне қатысты ғасырлардан қатталған өлшемді өрнегін аттап, орынсыз қолданып, әйелімен үш жыл тұрып ажырасқан, бозбалалық шақтан әлдеқашан өтіп кеткен Мақсаттың портретін тудыруда  бұра тартады.

Ал көргеннің бәрі "сұлу" деп есі кеткен Айсұлудың портреті де сәтсіз туған: "бота көз, тік кеуде, үлбіреген ерін". Сұлулығымен тілдескеннің талайын құрығына түсіріп, алаяқтықпен байып, пәтер алып, қымбат көлік мінген Айсұлудың автор тудырған портреті осылай әуесқой суретшінің қолынан шыққандай шырайы қашып, олпы-солпы күйде  тұр.  Төртіншіден, қаламгердің қылмыскер кейіпкердің жан-дүниесін ашпақ болған қадамы олақ тілінің кінәсінен сәтсіздікке ұшырап отыр. Мысалы, Айсұлудың қылмысқа бару себептерін оқырманға  жеткізбек болып, шолақ сөзімен омақаса құлайды. "Ол кішкентайынан автобустың үстінде өсті". Қай жағынан алып қарағанда да, мағынассы миға сыйымсыз сөйлем. Әлеуметтік мәселені шиеленістіріп, шарықтатып, салдарынан Айсұлуды қылмыскер еткен ахуалдарды айрықша кестелеуге жазушының келте тілі тым қауқарсыз. Кәдімгі қарапайым қазақ сөздерін  ретті-ретсіз қолдана беру – Зияш қаламының басты кемшілігі. Бір ұшақта көршілес отырған қос кейіпкерді бір-біріне жолсерік ете салады, шындығында олар – сапарластар.

Жолсерік – отарбаның қызметкері. Уақытша тергеу абақтысын "уақытша оқшау ұстау абақтысы" деп өзінше мәнерлейді. Бірізді тілдік норма қалтарыста қалады. Қайсыбір сөйлемдерде лексикалық нормаға сай емес сөздер өзара алакөзденіп, мағыналық бірліктен айрылған. Нақты айтқанда, "...ала аяқпен аймаласып, жағада жатқан  жерлерінен үстінен шыққанмын". Сөйлемнің тонын оңынан кигізсек, жағасы – жағажай, үстінен шыққанмын емес, үстінен түскенмін. Емле қатесінен едірейіп тұрған "ала аяқ" сөзін де оңдап, "алаяқ" етіп қойдым. Мұндай мағынасы мүлт кеткен сөйлемдерді айта берсе таусылмас.

Жазушы тілінің тағы бір кемістігі – қазақтың тұрақты сөз тіркестері мен мақал-мәтелдердің ғасырлар бойы сақталған сұлу сипатын бұзып қолдануы. "Көзі ашық, көкірегі ояу" тұрақты тіркесін Зияш қаламгер "көзі ашық, көңілі ояу" деп салады. "Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің" деген халық мәтелінің әрін кетіріп, "тойдың көкесін түйе сойғанда көресің" деп қыңыраяды. Халқымыздың саф алтындай бояуы қалың қасиетті тілін орашолақ етіп, қалай болса солай жұлмалауға ешкімнің хақы жоқ. Сонымен, тілі айшықты, сөз саптасы сиқырлы болмаған соң, хикаят өміршеңдік қасиетке ие бола алмады.

Үш қырынан да таразылап, сыбағалы салмақты сипат таба алмадым. Тіпті жағымды кейіпкер деп кімді ұсынарымды білмей далмын. Айсұлу – "автобустың үстінде өскен" алаяқ. Бауыржан – әйелдің сырт бейнесіне көзі тұнған аңғал басшы. Мақсат – әйелінен ажырасқан, он күнде есі кете ғашық болып, сүйіктісін "тәрбиелеймін" деп құр тепсініп, нақты әрекетке бара алмайтын, өз басындағы мәселелердің шешімін көршілес зейнеткерден сұрауға ғана ақылы жеткен жасық.  Мақсаттың ақылшы көрші зейнеткері – үш әйел алған, "үш баланың басын қайырған", ақсақал жасына қарамай "тиіп-қашып ғашық болатын"  бәтуасыз жан. Сонда оқырманның оң ықыласына ие болатындай оңды кейіпкер қалмады.

Бұл туынды М. Әуезов айтқан "халықтың мінезін түзеу" міндетін атқара алмады.  Хикаяттағы заң органдарының қызметкерлері шеттерінен ұрғашы көрсе, "еріксіз елжірейтіндер. Мақсат атақты алаяққа ғашық, басқарма басшысы өзінің қарамағындағы тергеуші Мәдинаны сүйеді, генерал өз қорғауында болған жәбірленуші әйелге көз сүзген.  Бас тергеуші Бауыржанның сөзінің сиқы мынау: "Жігіттердің де сыры мәлім ғой. Үйлерінен бір қадам шықса, бойдақ бола қалады". Бұл неткен "сыры мәлім" серілік? Егер осы хикаятты тергеушілер мен ішкі істер басқарма басшыларына оқытып көрсе, бас шайқап, таңдай қағар, бірақ бас шұлғып мақұлдай қоймасы анық.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – "Ең әдемі қылмыскер" хикаяты Зияш Телеуованың "детектив" деп өзі атағанмен, бұл жанрдың бүкіл болмыс-бітіміне жауап бере алмайтын шикі дүниесі. Жоғарыдағы талдау қорытындыларына сүйенсем, туынды детективтік әдебиет талаптарына сай келмейді Кейіпкер қызды автор өзі қылмыскер деп атағанмен, оқырман оның бірде-бір қылмыстық оқиғасын қанып оқи алмады. Тергеушілердің кәсібилігі көзге ұрмайды. Қылмысты әшкерелеу болмаған соң, әділеттің салтанат құру оқиғасы да жоқ.

Бұл жай ғана бір қылмыстық оқиғаның үзігін қаужаған,  көркемдік, идеялық тұрғыдан әлі толық піспеген қарабайыр шығарма. Зияш Телеуова – әлі стилін таппаған жазушы. Асқар Сүлейменов жазушы стилі жөнінде былай деген: "Стилі жоқтың жазғанын оқу арпа талқанды құрғақ асағандай. Стильсіз жазушы, стилін таба алмаған жазушы іріге еліктеп, көлеңке калькаға барады да, сорпаның сорпасының сорпасы болады". Сондықтан "сорпа болмас үшін" Зияш Телеуоваға қалам қарымын жетілдіріп, көркем тілін тұғырлы ету жолында тер төккені жөн.

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

Марадона мәңгілік сапарға аттанды
Марадона мәңгілік сапарға аттанды
Ұзақ өмір сүру үшін қанша сағат ұйықтау қажет?
Ұзақ өмір сүру үшін қанша сағат ұйықтау қажет?
Назарбаев университетінің жатақханалары қандай?
Назарбаев университетінің жатақханалары қандай?
Түр-түс атаулары қайдан шыққан?
Түр-түс атаулары қайдан шыққан?
Жайдарбек Күнғожинов: Ат, машина және отпен жұмыс істеу қашан да қауіпті
Жайдарбек Күнғожинов: Ат, машина және отпен жұмыс істеу қашан да қауіпті
Official! Головкин 18 желтоқсанда жекпе-жекке шығады
Official! Головкин 18 желтоқсанда жекпе-жекке шығады