Есбол мен Скорсезе немесе таксист пен киллер

"Қазіргі қоғам қызық һәм біртүрлі қоғам. Ғасырларды тоғыстыратын кітап кеміріп өскен есті адам үшін жат қоғам. Анығы жат емес, бүгінгі қоғам интелектуалды әдебиетшіні керек етпеген, әдеби шығармаларды қорек етпеген қоғам. Бірақ бұл жағдай үшін қоғамды да кінәлай алмайсың. Жалпы «таланттылардың талантсыз ортада өмір сүруі қашан да қауіпті болған». Қазір тіпті өршіп кетті, елге көбік ой мен сылдыр сөз өтімді. Танымал болғысы келгендер жұрт алдына шығып шешінуден тайынбайтын болды. Оны қазіргі жұрт қызығып тамашалайтын болды. "Әу" деп аузын ашып әнші атанған кейбір даңғойлар, ел алдына шығып, көптің атынан сөйлейтін болды. Әдебиеті мен мәдениетін бойына сіңіріп өспеген, сауатсыз еркетотайдың еркелігін жұрт көтермек түгілі ұрпағымыз соларға қарап бой түзейтін болды".

Мен Есболдың шығармаларын оқып отырып осындай ойға қалдым. Есболдың әр шығармасындағы кейіпкерлердің жиынтығы бір қаһарман. Олар мына қоғамнан оқшауланған ("Жазушының өлімі", "Пенде"). Сөйтіп жүріп "Түс" көретін, түсіндегі "Жар басындағы алтын таққа" жеткісі келетін "Мейірім" іздеген адамдар.  Бірақ білімі зор, мәдениеті жоғары. Әрине, оған автор өз бойындағы элементтерді қосқанын айтпаса да түсінікті.

Есбол Нұрахмет

Қазақ ырымшыл халық, қай істі бастаса да аузынан Алласы мен тобасы түспеген. Есболдың "Журналист, молда, киллер және жезөкше" новелласындағы: "Қызық, кеше ғана ақша таба алмай қысылып едім, бүгін енді аяқастынан сен табыла қалдың. Ертең пәтерімнің ақысын төлеуім керек болатын. Ақша тапсам ылғи ұстап тастаймын, артынша Құдай көмектеседі, ойламаған жерден ақша таба саламын. Құдайға әбден сеніп алғанмын ғой, міне, бүгін де…

Бұл кезде киллер де күлді:

– Маған да Құдай көмектесті бүгін…" деген Жезөкше мен Киллер диалогын оқи отырып, бұл өмірде адамдар жақсы-жаман болып бөлінбейтініне – ол адам мінезіне байланысты екендігіне және жақсы болмаса жаман кәсіпті адам таңдамайтынына – ол ситуацияға байланысты таңдалатынына көзің жетеді.

Немесе "Табақ бет таңқы танау" новелласындағы адамдардың бір-ақ күнде бір келбетке айналуынан – имитацияға бейім әлеуметтік желінің желігіне желпінген тобырды, күнделікті қайталанатын күйбең тірліктен шаршаған бойкүйез адамның хәлін көресің.

Шығармадағы журналист-кейіпкер Ханс Кристиан Андерсеннің "Корольдің жаңа көйлегі" (Keiserens nye Klæder) ертегісіндегі кішкентай баладай шындықты айтып шырылдағанымен, соңында өзі Абайдың "Масғұт" поэмасындағы жынды суға еліген топ есерден жеңілген ханның күйін кешеді.

©nettavisen.no

Есболдың әр шығармасы бір авторлық фильм сынды. Мысалы, "Неке", "Қабір басындағы ой", "Қайыршы" әңгімелеріндегі басты кейіпкерге өзіңізді қойып көріңізші, "ондай қадамға бармаймын" деп айтсаңыз онда сіз қателеспеген адамсыз. Ал өмір адамды қателестірмей қоймайды.

"Қайыршыдағы" жұпыны журналист бар сәтсіздікті жол шетіндегі қайыршыдан алғысы кеп, құлақ шекеден бір-ақ тебеді. Сонда байғұс кемпір "бақ" деуге шамасы келмей сұлай кетеді. 

"Бір сәт сол өмірге қайтып бардым... Денем құрысып, бір кеңи алмай жүруші едім, ең жақсы массажист та мұндай рахатқа бөлей алмас, ұлы денем босап, бусанып, ғажап күй кешіп, кешкі салқынға қарамастан кастюмымды шешіп, қолыма алдым. Денемнен жалын шығып жатқан секілді, сергіп, жадырадым... Адам айтқысыз ләззатқа бөленіп, сенделіп үйге қайттым..." дейді автор.

Ал оған дейін журналист не істеді? Қайыршыға өткен сайын тиын-тебен тастап тұрды яғни оның жанынан бүгінгі жүрегі жоқ мұз қоғамның мүшелеріндей сүлесоқ өткен жоқ. Қал-қадарінше көмектесіп тұрды. Кейде жомарттығы ұстағанда көптеу берді. Соңына келіп құлақ шекеден теуіп сұлатып кетті.

Шығарма біткесін өз жаныңа үрейленіп үңілесің. "Адамның әр сәті ситуациға байланысты" деп жоғарыда айтып өттік. Осыған ұқсас оқиға сізде де де болуы мүмкін, немесе болып жүр. Жас балалардың қанын мойнына жүктеп, елге қайрымды қаншама патша өмірден өтті. Ондай жағдай айналамызда күнде қайталанып жатыр. Сондықтан өз жаныңа үрейленіп қарайсың. Ішіңдегі жауыздық пен қатігездік тұтанып кетпеуі үшін (ол кез келген адамның ішінде ұйықтап жататын қасиет деп ойлаймын) жаныңды қайта-қайта ізгілендіре түсесің.

Есболдың шығармалары бүгінгі қоғамның әм жалғыз адамның ішіндегі арпалысты дөп басады. Модернизацияға ұшырап жатқан кіші халықтың көңіл-күйін дәл суреттейді. Оның "Тарақандар", "Жаңа жыл түні", "Әтір исі", "Күздің салқын кешінде", "Қайыршы" әңгімелеріндегі неонуар кейіпкерлер – белгілі режиссер Мартин Скорсезенің "Таксист" фильміндегі Трэвис Бикл сынды мына қоғамның былығына куә болған, соны баяндаушы адамдар. Қайталап айтам олардың жиынтығы бір ғана кейіпкер – жазушының өзі! Автордың  шығармалар жиынтығы бір роман сынды.

Мартин Скорсезе фильміндегі Трэвис Бикл

Скорсезе кейіпкері де Вьетнам соғысынан соң қан төккісі келіп тұрады. Қаһармандыққа ұмтылады. Түнгі көбелегі қала шамдарын торыған қоғамнан шаршайды. Оларды бақылайтын мафияны жек көреді. Психикалық ауруға ұшыраған  Трэвис Бикл қырып-жоюға кәдімгідей дайындалады. Тіпті сол үшін бір дорба қару сатып алады. Таксист болып күнелткен кейіпкер кино соңында діттегеніне жетіп, бәрінің қанын судай ағызады. Әрине өзі де шұрық-тесік болып жараланады. Қан тілеген кейіпкер фильм соңында қанішер болудың орнына "герой" болып шыға келеді.

Есболдың "Қайыршы" әңгімесі де осы тақілеттес. Тек журналист-кейіпкер бәрін керісінше істейді.

Есбол Нұрахмет. Стив Джобстың үш әңгімесі

***

Осы журналист-кейіпкердің үрейімен ілесіп Есболдың "Үрей" атты өлеңі туралы ой қозғағым келіп отыр:

Үрейім! Үрейлімін,

Әлде бір жағалауға тірейді мұң.

Жар ма екен, құлар ма екем, қорқынышты!

Түбінен көкжелкемнің

Әлде бір қара қанат желпіп ұшты... ("Үрей" өлеңінен үзінді)

Бұл үрей сонау Декарттан бастап бүгінгі өнер адамдарының ізінен қалмай келе жатқан үрей. Норвег суретшісі Мункты "Айқайлатқан", Өзбек ақыны Мұхаммед Салықты пышаққа қайта-қайта телмірткен, ақын Ақберен Елгезекке қорымнан еріп келген үрей бұл. Біз мысал еткен философ пен суретшіні қоспағанда үш ақын үш буынның өкілі. Демек интертекст-ойлар құрлықтан құрлыққа ғана емес, ғасырлар арасында да көшіп жүретініне куә боламыз. Иә, кесек ойлар ғана мәңгілік. Басқасы уақыт-елегінен сусып өте шығар құм сынды.

Эдвард Мунк "Айқай"

Әдебиетте өлеңге де, қара сөзге де жүйрік қаламгерлер аз болмаған. Қазақ әдебиетінің іргесін қалап кеткен Һәкім Абайды айтпағанның өзінде берідегі Мағжан, Бейімбет, Жұмекен, Мұқағали, тіпті кешегі Әбіш Кекілбаев сынды бір-бір тау, асқаралы көкелерімізге әдебиеттің қара сөзі де қара өлеңі де жат болмаған. Сол сияқты Есболдың осы үркердей топтың қатарынан көрінгісі келіп талпынатыны қуантады. Есболдың қара сөзге де қара өлеңге де жүйріктігі сүйсінтеді. Оның "Тарақандар", "Қайыршы" әңгімелерін, "Соңғы көш" өлеңін бұрын да жоғары бағалайтынмын. Енді міне, "Таусылмас түн" атты шығармалар жинағын оқи отырып, осы ойымның дұрыстығына көзім әбден жетті.

Қазіргі әдебиетте Таласбек Әсемқұловша айтқанда "оқырман мен автор арасында өтіп болмас ор бар". Автор ол ордан өтіп, төмендегі оқырманға түскісі келмейді, ал оқырман алдындағы ордан өтіп, жоғарыдағы авторға шыққысы келмейді. Қазір коммерциялық шығармадан басқасы қоғамға керек болмай тұр. Бұл уақытша ғана.

Әдебиет тарихында поэзияның да прозаның да үддесінен шыққан Эдгар По, Артур Рембо, Иван Бунин сынды қаламгерлер аз болмаған. Олар әлем әдебиетінің дамуына қаншама үлес қосты. Есбол Нұрахметтің маңдайына да осындай бақ бұйырсын деп тілеймін.

Тұрсынбек Башар