Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Сын / Сөз – «Алқоңыр дүние» туралы

Сөз – «Алқоңыр дүние» туралы

 Сөз – «Алқоңыр дүние» туралы

Қазақта баға жетпес байлық – сөз. Асыл сөз, жасын сөз, тәмсіл сөз... иә сөз. Күлтегін ескерткішіндегі «Сөз иесі-мен өзім» деген тіркестің мәнін Тыныштықбек ақынның поэзиясын оқи отырып түйсіне түсетін сияқтысың. Ақын өз Сөзінің толыққанды иесі. Поэзия әлеміне бүкіл болмысымен кірген ақын өз Сөзін табады. Сөзі арқылы өзін табады. Поэзия әлемінде қарапайым заттардың өзі ерекше, әр зат, әр құбылыс нәзік те мықты, үлбір де күшті. Поэзияның өн бойындағы осы нәзіктік пен қуат оның мықтылығы. Ақын өз арнасын тапқан тұста жаңағы поэзияның бойындағы бар күш-қуат ақынға ауады. Кейде шығармашылық тұлғалардың бойындағы өзіндік ерекшеліктерді көріп, таң қаласың. Қарапайым пенделерден бір қарағанда еш айырмашылығы жоқ адам соншама құдіретті сөз әскерін қайдан шығарады деп. Сөз жоқ, бұл дарын белгісі... Ұлы Жаратушының сыйы...

Қазақ филологиясы факультетінің барлық студенттері сияқты сол кезде жаңа шыққан жинақтардың қолымызға түскенімен танысып отыру әдетіміз еді. Алғаш рет Тыныштықбек Әбдікәкімұлының жұқалтаң ғана «Ақшам хаттары» деген жинағын қолыма алып оқығанда студент болатынмын. Албырт көңілдің кейде ақ жаңбырдай ебіл-дебіл жылайтыны бар, ернеуінен асып-тасып төгілер бұлқыныстары бар дегендей. Жыр - дауа. Несін сұрайсыз талай хатқа жауап, талай жылауларға жұбану болды. Кейін не оқырын білмей басы қатып жүрген көрші топтағы бір жігіттің қолына ұстатып жібердім. Ертеңінде әлгі жігіт топтан ерек ұмтылып, қолымды қайта-қайта қысып, алғысын жаудырып әлек болды. Тіпті кейбір өлеңдерден үзінді жаттап алыпты. Күлдім. Дәл осылай Тыныштықбек ақын тағы бір жүректерге мазасыздық әкелді. 

Кейіннен ұстазымыз, қазақ тілінің көксеңгірі Қинаят Шаяхметұлы Тыныштықбек ақынның диплом жұмысы деп қолжазба жұмысты оқытты. Ғажайып бір тылсым әлемге тап болғандай сезіндім. Әрі таныс. Әрі таныс емес ғажайып әлем, ерекше және бұрын соңды кездестірмеген тың оралымдар мен бейнелер, қанық бояу, жаңалықты байқадым. Бірақ сараптап, түсіндіре кетуге шамамыз жетпеді. 
Ең алдымен ақын дүниетанымындағы ұлттылықтың өлеңдерінің әр жолынынан мен мұндалап тұратынын баса көрсеткіміз келеді. Ақын лирикалық тұлғасы өлең әлемінде жаңа бір патшалық құрып алып сол патшалығын таза қазақи дүниетаныммен басқарып отырғандай әсерде боламыз. 

Ұстазымыз Қуандық Жүсіптің үйреткен талдаулары бойынша теориялық қисынға салып талдау үшін бір мақала емес, теориялық трактат жазу керек шығар ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының шығармашылғы туралы. Десек те, ақын туындыларының тек бір қырынан алып, тамшыдай бөлшегіне үңілу үшін ұлттық бояулы түр-түс реңдерінің кейбіріне тоқталуды жөн санадым. Ақын өлеңдерінідегі түр-түс палитрасы ұлттық қанық бояулармен көмкеріліп жаңа әлемнің сазды лебіндей сезіледі. 

Болмаса егер бойдағы сабыр-ұстам, 
Саған деген өлер ме ем сағыныштан. 
Көгілдір нұр төгіп тұр Көкте жұлдыз, 
Қой көзіңдей, сәулеге шағылысқан. 

Жұлдыздың көгілдір нұры дегенді көп ақындар айтады ал ол нұрдың сәулеге шағылысқан қой көзіндей деген теңеумен астасқанда жаңа бір сурет бояуын береді. Әрі бұл да түнде қой күзеткен қазаққа ғана таныс ұғым болып шығады. Немесе, келесі шумақтағы күрең деген сөзге назар аударсақ: 

Қап-қараңғы үрейдің арқасындай 
Мына Түннен азырақ қорқасың да. 
Күлген сайын сырттағы күрең боран, 
Жын жылайды пешіңнің қолқасында. 

Қалыптасқан ұғым бойынша боран ақ түтек түрінде келіп ақ түсімен берілсе, ақын Тыныштықбекте күрең боран бар. Сырттағы боранжай емес, күлетін боран әрі қүрең болуы қорқынышты дамытып тұр. Себебі, қызыл, күрең түстер келесі жолда берілген пештің қолқасынан жылайтын жынмен байланысып қан түсті болып қорқыныш ұғымын жаңа бір сипатта өрбіткен.

Шекелерін сығымдап күшті ғылым, 
Аспан өле бастады, Түз түгілі. 
Қызылжалқын аңызақ долдануда, 
Ібілістің мыйындай ыстық үні! 

Осы жолдардағы қызылжалқын аңызғақ бағанағы күрең боранның жазда соғып тұрғанындай әсерде боласыз. Тағыда қорқыныштың түсі қызыл түстің бір реңімен берілген. Апокалипсистік түске еніп жаңа бір сипаттағағы суреттер береді. Келесі өлең жолындағы көкжасыл түс жай түс емес көкпектің күшіктеген түсі. 

Айнала – кіл күйік тау, ісік төбе... 
Айғай-жолға көрдім сан түсіп те мен.
Құла Түздің кіндігін құйын бұрап,
...көкпек қана көкжасыл күшіктеген... 

Ол түс те құла түздегі күйген тау мен ісік төбелердің жаңа бір сипатын ашып, лирикалық кейіпкердің көңіл-күйін береді. Ақын беретін түр-түстің әр өлеңдегі лирикалық тұлғаның көңіл-күйіне, сюжетіне, оқиғалық дамуына байланысты құбылуы ұлттық дүниетаныммен астасып келіп жаңа бір бояу реңктерін береді. Мәселен, «қарашығыңда қара зәмзәм шүпілдеп», «жұлдызтүкті көксұр түндер», «қоңыр жел», «сары Дала дөңбекшіп Күн астында», «жалғыз көзі бозарған Дию түн» т.б. ақын салатын суретінің түр-түстері болып келеді. «Бүйен сайға құйылған уыз тұман» дегенде сай бүйен болса оған құйылған тұман уыз болып қазақтың ұлттық тағамдарынан құралған көркем бейнеге ұласқан. Немесе, «Түз тағысы» өлеңіндегі қойшының портретін: 
 
Әзілқой, әпенділеу қойшымыз бар, 
Қойкөзді, текетану, жылқы ерінді. – деп, мал баққан қазақ түсінігімен төрт түлікке балап жаңаша бейненің суретін салады. 
Әдебиет зерттеулерінде лирикалық «мен» мен лирикалық қаһарман арасында шартты түрдегі ерекшелік бар екенін білеміз. Бұл жердегі негізгі өлшем субъект мәртебесіне байланысты. Лирикалық «менде» ішкі субьект басым болса, лирикалық қаһарманда ішкі субъектке қоса, өзіне арналған субъект, өзі үшін болған субъект. Яғни ақын жанына жақындауы лирикалық «мен» болады. Себебі, ақынның өзіндік болмысы мен нақтылы санасы да осы «мен» арқылы көрінеді. Ақын Тыныштықбектің лирикалық «мені» әлемге өз көзімен ғана қарап, өз Сөзін ғана айтады. Онда бөтен «меннен» астар де жоқ. 
 
Ғалым Зейнолла Қабдолов: «Лирикада мінез болады. Ол-ақынның мінезі. Өлеңім өзіме тарт дегендей әр өлең тек иесіне тартады» , – дейді. Әдеби процесс үнемі дамып, жетіліп, жаңа арна тауып отырады. Әдебиетте жаңа ағымдар мен бағыттар пайда болып, дамып, жойылып жатады. Бұның бәрі әдебиеттің өмір сүруі. Ия, әдебиет тірі ағза сияқты өмір сүреді, ауырады, жазылады, бірақ халқы барда, тілі барда өлмейді. Жанрлық түр жағынан алғанда проза мен драмадан қарағанда нәзік те, сыршыл жанр түрі поэзияның орны ерекше бұл әдеби процесте. Қазіргі қазақ әдебиеті поэзия жанрының жаңа бір биікке көтерілуі туралы айтқанда алдымен ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы шығармашылығы ойға оралатыны содан. Ақын жан дүниесіндегі барлық болмысын, ішкі өзіне ғана тән, және өзіне ғана белгілі, таныс әлемін өлеңдері арқылы шығарады.
 
Әдебиеттің қай заманда да, қай кезеңде де ең басты тақырбы-адам, идеясы-адамның өмірге келуі, өмір сүруі, өлуі туралы. Былайша айтқанда Өмір мен Өлім талқысы. Тыныштықбек шығармашылығындағы бұл мәселе ұлттық бояумен өрнектеліп, мистика - фэнтезилік сипатта өрбиді. Оны жоғарыда бір ғана түр-түстерді беру ерекшелігінен байқадық. Себебі кейбір өлеңдеріндегі түр-түс ерекшеліктерін саралай отырып, басқа бір ғаламшардағы пейзажға тап болғандай әсер аласың. Бұл-Тыныштықбек ақынның ғаламшары. 

Ақын қиялы мен ішкі әлемінің түсі, өлшемі, дүниесі болмақ. Сондай-ақ, бұл ғаламшарға екінің бірі келе алмайтыны да анық. Ақын құрған сюжеттердегі кейіпкерлер мен лирикалық тұлға байланысы да қарапайым емес. Белгілі бір уақыт пен кеңістік аясында, ақынның өзі құрған әлемі, кеңістігі аясында өрбиді. «Алқоңыр дүние» кітабы алты бөлімнен тұрады. Соңында авторлық түсініктеме деп өз кейіпкерлері мен танымына сөздік берген. Бірінші бөлімнің эпиграфы: 
 
Құйрық жалы төгілген кіл қысырақ 
Күндер өтті ойнақтап... 
Күйкі сынақ! 
Мұң аңқыған сезімнің шатқалынан 
Маңырайды таутеке ұйқысырап... – деп берілген.
 
Өткен күндерді «құйрық-жалы төгілген кіл қысырақ» деп олардың ойнақтап өткенін қазақи ұғымға байлап берген. Көз алдымызға даланы дүбірлетіп шауып бара жатқан қысырақ үйірін елестетеміз. Бірақ бұл метафоралы кейіптеу екен. Ол ақынның өткен күндері. Қандай әдемі сурет. Ой үзілмей бұл сурет келесі бейнемен жалғасады. Таутекенің ұйқысырап шатқалдан маңырауы, мұң аңқыған сезімнен шыққанда бағанағы құйғытқан қысырақ күндерді ойлап отырған лирикалық қаһарман бейнесі бүгінгі күннен өткен дәуреніне көз салып отырғанын көреміз. Сөзбен сурет салып, сюжет құру деп осыны айтуға болады. Сондай-ақ бұл сөз осы бөлімде берілген барлық өлеңдердің басын құрып, бір композициялық жүйе сияқты әсер етеді. Яғни үлкен бір шығарманың басталуы. Уақыт пен кеңістік дегендегі кері шегініс жасау арқылы оқиғаға кіргізу тәсілі. Тұтас ой-пейзаж дерсің.
 
Кітаптың алғышқы өлеңі «Мерей» деп аталады. Ақын өз өлеңдерінде сөз мағынасына өте қатты көңіл бөледі. 

Мендегі сөз –құлынды, көз-боталы. 
Бұл дәурен қайталанса жазда тағы!.. 
Мамырдың майын бұлттар бүркіп өтіп, 
Топырақ жапырағын маздатады. 
«Мендегі сөз –құлынды, көз-боталы» -деген жолдың мағынасың қазақ болмасаңыз түсінбеуіңіз мүмкін. Себебі, сөз құдіретін тұрмысымен сабақтастырған қазақ қана сөздің құлыны бар, ал көзді боталы деп айта алады. Жаңбыр жауып өтті десе әсері аз. Ал ақын «мамырдың майын бұлттар бүркіп өтті» деп тың бейне жасап, көз алдыңа жаңа сурет әкеледі. 

Екінші бөлім «Сені сүю-әлемге маңдайдан нұр тарату» деген арқатірек сөбен басталады. Байқағанымыздай мұнда ақынның махаббат тақырыбына жазылған өлеңдері жинақталған. Сонау автовокзалда ғашығын қимай тұрған бозбаладан Шағаным - «Шаганэм» дейінгі аралықта өткен махаббат жолы. «Онда сезім, ал менде ақыл басым», «Күншығыстай сарғайып жүрген», «қуатымсың, әнімсің, айбарымсың»; «құдайсынған көңілім жалбарынсын»; «нөмірімен сендегі телефонның»; «бақытымды белгілеп қойғаным шын» немесе «жаным менің тұр қазір сым ұшында» дегенді оқып ешкім де ақынды лирик емес деуге аузы бармайды. 

Үшінші бөлім «Омыртқасының өзегін түн кернеген ашқарақ-көкірегімізде құбылады қас-қабақ» деп басталып бұл топтастырылған өлеңдер қоғамдық-әлеуметтік мәселелерге арналған. Бұл бөлімдегі өлеңдері қызық. Оқисыз да түсінбей қаласыз. Уытты сөздері бойыңа бірте-бірте жайылады. Қайталап оқып қаламнан төгілген сөздерден ап-анық шындықты табасыз. Аспансу да емес, астамсу да емес тек біз күнделікті өмірде жиі жоғалтып жүрген шындықты табасыз. Өмірде болмаса да өлең өрнегінде осылай атой салған шындықтарға жүрегің еріксіз қол соқпай қоймайды екен. 
 
Төртінші бөлім «Ой мен Сезім отқа толы қып-қызыл... 
Неде екенін біле алмайсың түпкі сыр. 
Өзін өзі танымайтын Санаға 
Өзге дүниені мүмкін бе еді ұққызу? 
Қара тәнге қалатыны-бүк түсу. 
Ал, былайша , бәрі - заңды, түп-түзу: 
қарын қамы, 
жемір топыорақ, 
күпті су!.. 
Естілерден есалаңдық жұққызу! 
Қайғы ойламау-мықтылықтың мықтысы? 
Неде екенін біле алмайсың түпкі сыр, 
Ой мен Сезім отқа толы қып-қызыл!... » деген эпигафпен басталып, өмірдің философиялық мәніне тоқталады. Ақын философиясы да өзіне ғана тән, өзінің ішкі әлеміндегі ғаламшарымен байланысты. 
 
Бесінші бөлім «Ой атаулы төбе шаштай тік тұрып, 
Берсе бәрін бірақ сәтте ұқтырып! 
У-һ-һ, күптілік!...» деген тақырыпшамен оқшауланған. Бөлімдегі өлеңдердің басым бөлігі арнау түрінде берілген. «Айналайын» деген өлеңде: 
Мен күн сайын өмірбойғы ұзақ жолдан оралам. 
Осы жолдың екі ұшында - Қайрым мен Қара Нан. 
-деп, өмірдің мәні туралы ішкі сырын ақтарады. 
Алтыншы бөлім 
«Бұ Дүние- жасанды. Ресми. 
Жүрек-жылқы, тулайды. 
Ійесі-Мый.» 
«Тыныш пен Өлместің» сөйлесулері де осы бөлімнен басталады. Лирикалық тұлғаның екіге жарылып өзіне өзі сұрақ қойып, оған өзі оқшау жауап беруі де ақын болмысына сай өрілеген. Бірде тұтастанып, бірде екіге жарылып өмір мәні мен тіршілік салтанаты, өлім мен ажал, тағдыр турасында ой бөліседі. Лирикалық тұлға өкінеді, күйінеді, қуанады кейде, ащы шындықты айтады-түсінген жанға. Кейде қайғырып, қапаланады. Кейде шарасыз бір дел-сал күйге түседі. Ия, дұрыс, бұл-өмір. Олай болса, Ақын өмір салтанаты туралы жырлайды деп нақтылы айтамыз. 
Әй, қайтейін, Өлмесім-ау, 
Сонда мені келмейді ғой тыңдағың. 
Шын жындылық-елмен бірге жындану. 
Сені әдемі сұріндіріп параграфтарына, 
Құлдар Заңы бір-ақ тықты Құлшылықтың торына!.. 
Теңгелермен дерттенгендер қанша айтсаң да сенер ме: 
Бұл Өлеңнің мәйітін де алып барам мен Елге... 
Біз – Семейліктерміз. Абай еліненбіз. Бізді биік болуға, аласармауға баулыды. Семейдей сөзге сыншы, интеллектуал, өр қала жоқ-ау, сірә. Алаш қаласы - талғамның мекені. Тыныштықбек ақын жайлы айту керек болса ол үшін алдымен «әр істі ақылға сынатып», «ноқтасыз оймен тексеру» керек.
 
Негізі ақынның бәрі ауылда туып, Алматыда өледі десек бұл сөздің Тыныш ағаға қатысы жоқ. «Ұлылық деген қарапайымдылық» болса мұны ағаның Төлеген ақынның «Мен өлемін өзімнің биігімде» дегенімен үндестігі деп білем. Байтақ отанымыздың әр түкпіріне барып, әдебиетшілермен кездесе қалсақ: - Сендерде Тыныштықбек бар ғой, – деп тамсанып жатады. Ақын – халыққа ортақ. Алайда біз оларға тағы: - Иә, бізде Тыныштықбек бар дейміз. Қазақта Тыныштықбек бар... 
 
Қазақтың Тыныштықбегі еліміздің ең үлкен сыйлығын, Мемлекеттік сыйлықты алуға лайықты деп санаймын! 

А.С. Ақтанова 
Шәкәрім университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты
0
Рейтинг: +2

Фото: Yernar Almabek
Қосылған күні: 16 тамыз 2018, 18:01

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.