Нұрбол Құдайбергенов. "Әбікенұлы әңгімесінен"

Нұрбол Құдайбергенов. "Әбікенұлы әңгімесінен"

Ерболат Әбікенұлы – екі-үш әңгімесімен-ақ жастар әдебиетіндегі өз орнын айқындап үлгерген жазушы. Оның қаламгерлік қуатын танытар туындылары – «Пәтер іздеп жүр едік», «Министр», «Желтоқсан ызғары». Жаңа жинағына («Министр». Әңгімелер жинағы / Ерболат Әбікенұлы. – Алматы: «Таңбалы» баспасы, 2014. – 136 бет.) енген жиырма шақты әңгіменің озықтары – осылар.

Ерболаттың шығармашылығы жөнінде сөз қозғағанда, «Пәтер іздеп жүр едікке» соқпай кету қиянат болар еді. Жазушы өз дәуірінің шындығын қаламына азық қып, өмірдің өнердегі, сөз өнеріндегі бейнесін бедерлейді десек, әңгімеден пәтер жалдап тұрудың әлеуметтік ауыртпашылық-азабын ғана емес, психологиялық қыспақ-салмағын да сезінгендей болдық. Қала жағалаған қазақ жастарының басындағы айтулы мәселенің бірі һәм бірегейі – осы. Нәпақасын қайырымсыз қаладан іздеген қазақ үйелменінің басындағы бар жағдай. Бір ғана отбасы емес, жүздеген жанұяның жан-айқайы.

Қалада қажыған жас жұбайлар Алматының «Жетім бұрышынан» пәтер іздеп жүр. Алғашында маклерден алданып, қалтасы қағылды. Жүрегі жамау, көңілі сынық жетім жандар өмірден қалай өгейлік тапса, қалтасы таяз, қауқары аз жас жұбайлар да «Жетім бұрыштан» жетімсіреп қайтты. Амалсыз қайта бару керек. Өйткені, нарықтық заманда қарық боп жүрген жоқ. Пәтер іздеп жүр. Он айналып, ақыры Барахолка жақтағы бір ұйғыр кемпірдің үйінен қоныс тапқандай болды. Жазушы үй иесінің пайда табу үшін уықтай жерге сан-салалы бөлмешелерді қаптатып тастағанын ұтымды тіркестермен ойната айтады. Еріксіз күлесің, күле отырып қынжыласың, қынжыла отырып, еріксіз ішің жылайды... Бір жағында араққұмар құрылысшы жігіттер, бір жағында жылауық баласын жұбатпайтын жұбайлар, ана шетінде күрк-күрк жөтелін күрт көбейтетін қария, ана шетінде... Қала жағалаған қаптаған қазақ... «Бөлмелер бөлек болғанымен ауасы ортақ екен». Иә, тек ауасы ғана емес, «жалмауыздың жалғыз көзіндей жарқыраған шырағы» да ортақ. Тағдырлары түрлі болғанымен, мұң-наласы, жай-күйі мен қалта-қарымы ортақ. Қала қажытқан қазақтың бүгінгі тыныс-тіршілігі осы. Боямасыз берілген ақиқат. Бірнеше бөлмеге ортақ жарықты жағып-сөндіру құқығы да берілмеді бұларға. Жаңбыр жауса, жанұя уайымы еселей түседі. Уықтай бөлменің төбесінен толассыз аққан тамшылар келген қонағының алдындағы болмашы абыройын да шайып кетті. Мұң-шерін ішіне жұтуға мәжбүр. Жанжұбанышы – «өзіміз сияқты қазақтар екен ғой осында пәтер жалдап жүрген»... Алайда, «шыдамның да шегі бар» екен. Ұйғыр әйелмен ұрысып тынды. Үй иесі қуып жіберді. Жас жұбайларға қарағанда, ол орынға Лайкасы лайықты екен... Тағы да пәтер іздейді. Жаңа талап, жаңа шарт. Үзінді келтірейік.

– Онда былай болсын, бауырым. Біз тыныштықты қалаймыз. Қонақ келмейтін болсын!

– Жарайды!

– Арақ ішуші болмаңдар!

– Ол не дегеніңіз, ағасы. Мен арақ ішкен адамды өлердей жеккөрем.

– Мен ішем ғой, мені де жек көресің бе?

– Жоқ-а, сіз іше беріңіз, сізді жек көрмеймін.

– Ха-ха-ха, тамақты бөлек жасап ішесіңдер.

– Оны білеміз енді, бірге тұрып жүрміз ғой.

– Келіншегің биік өкше аяқ киім кимейтін болсын.

– Неге?! Оның қатысы қанша?

– Қатысы қанша дейсің бе-ей? Дәлізден кіргенде мазамыз кетеді ғой.

– Жарайды.

...

– Ал тамақ жасаған кезде...

– Иісін шығармай, аяқ-табақты сылдырлатпай жасаймыз ғой.

– Оны қайдан білесің?

– Аға, оу, аға!

– Тыңдап тұрмын.

– Атаңның басы!

– Не, сен... адам боқтадың ғой, кімсің өзің?

– Боқтықтың үлкені мынау, естіп ал, қазақ былай боқтайды, жетпіс жеті атаңның басы, үй, тексіз хайуан сол! Ойнастан туған малғұн! – дедім де, телефонды жаба салдым.

Жаңбыр толастайын деді, сүрепеті кеткен айғыз-айғыз көшемен қараңғы түн құшағына сіңіп барамыз.

Пәтер іздеп жүрміз...

Күлдіреді автор. Сол күлкінің астарына бүгінгі дел-салы шығып, пәтер жағалап жүрген қазақ-қандастың бар мұңы да, ақшаға құныққан кейбір қала тұрғындарының тойымсыздығы да сыйып кеткен.

Пәтер жалдаудың әуре-сарсаңы көркем шындыққа алғаш айналып отырған жоқ. Бұл жайт әдебиетімізге таңсық тақырып емес. Кеңестік дәуірдегі әдебиетіміздің өкілдері бұл бағытта да қалам тербегені белгілі. Әйтсе де, Ерболат Әбікенұлының аталмыш әңгімесі осыған дейінгі шығармалардан нендей белгі-ерекшелігімен дараланады деген заңды сұрақтың туындауы сөзсіз. Біздіңше, көркем туындының басты ерекшеліктерінің бірі ретінде, әрине, замана шындығын ашып беруге деген талпыныстың жасалғанын ескеруге тиіспіз. Мысалы, дамыған технологиялық мүмкіндіктердің бір ұшығы кейіпкерлердің ұялы телефондарды қолдануынан көрінеді. Сондай-ақ, әңгіменің бұрынғы шығармалардан ерекшелігі сол, қысқа-нұсқа сөйлем құрылыстарымен, драматургияға тән тіл орамдарымен, қызықты диалогтарымен оқушыны тәнті етеді. Қоғам кеспірін, өмірдің көлеңкелі тұстарын жеңіл юморлық детальдармен көрсете білген. Е.Әбікенұлының бұл шығармасын бай-бақуатты отбасының өкілдері мен пәтер жалдаудың жаназабын көрмеген кісілер тіпті түсіне алмауы да мүмкін.

Социо-демографиялық жағдай растап отырғанындай, дарқан даладан қаланың қыспағына келген қазақтардың саны аз емес. Пәтер жалдаудың әурешілігін күн сайын терең сезінетін қазіргі көп оқырман үшін бұл шығарма, шынында да, жан-дүниесін алай-дүлей күйге түсіріп, көзіне еріксіз жас үйіретін психологиялық туынды деуге болады. Е.Әбікенұлы «Пәтер іздеп жүр едік» атты бір ғана әңгімесінің өзінде жалпыадамдық-гуманистік құндылықтардың аяққа тапталып, игі де ізгі қасиеттердің нарықтың заманның болмашы байлығы жолында жойылып жатқанын жақсы жеткізе білген. Пәтерақыңды уақытылы төлемесең, үй иесіне қажетің шамалы. Тек үй иесі ғана емес, көк қағазың болмаса, қоғам үшін де көк тиын құрлы құнсызсың. Абай айтатын қазақы қағиданың беті теріс айналып, «ар ойлама, пайда ойла» дейтін деңгейге құлдырап бара жатқанымызды іштей мойындайсың. Мойындатады. Жазушы қаламының құдіреті де осында болса керек.

«Пәтер іздеп жүр едігі» бұрынырақ жазылғанымен, кейінгі әңгімелеріне қарағанда жоғары бағаға лайық. Біз осы бір ғана әңгімесінің негізінде Ерболаттың шығармашылық зертханасына кіруге талпыныс жасадық. Автордың постмодернистік сипатты «сіңірген» туындысы – «Министр». Аталмыш әңгімесі қазіргі қазақ қоғамында белең алған тоқтаусыз тексерістер кезіндегі психологиялық қалып-күйді дәл аша алғандығымен құнды.

«Желтоқсан ызғарында» қасіретті Желтоқсан көтерілісінің бір ауық шындығы ашылады. Аға буынның қаламынан туған дүниелердің орны бөлек, салмағы ауыр, әрине. Мархабат Байғұттың «Жоғалған жұрнағы» мен Жүсіпбек Қорғасбектің «Желтоқсаны», Асқар Алтайдың «Сібір офицері» мен Тұрысбек Сәукетайдың «Айқараңғысысы» – бәрі де қазақ әдебиетінің қоржынына қосылған қымбат қазыналар. Ал жастардың осы тақырыпқа баруы бізді қуантты. Өйткені, көтерілістің бар салмағы мен сабағын қазақ оқырмандары әлі де болса толыққанды санасына сіңіріп үлгерген жоқ. Бұл – әдебиетіміздегі толымсыз тақырыптардың бірі.

Ерболат әңгімелерінің бір ерекшелігі сол, мұнда драматизм бар. Тұнып тұрған көркемдік компоненттерден гөрі толып жатқан қимыл-қозғалыс басым. Құбылысты, белгілі бір күй-қалыпты қаз-қалпында беруге ұста. Әрбір детальдің ішкі сырына үңіліп, ақтарыстырып ашуды мақсат етпейтін сияқты.

«Дамбал», «Сүмелектер», «Құйрығыңызды ауыртса қайтем?!» сынды әңгімелердің атауларына қарап басында тіксініп қалғанымыз рас. Өйткені, әдебиеттің әдеп шеңберіне сыйыңқырамайтын сияқты. Тағы бір айта кететін жайт, әңгімелерде өзге ұлт өкілдеріне деген салқындық лебі анық байқалып тұрады. «Күйеу балада» – қара-зәңгі жігітке, «Пәтер іздеп жүр едікте» – ұйғыр әйелге деген суықтық бар. Ал «Желтоқсан ызғарында» орыстың «жүрегінен шашлык жасап жеуге құштар» кейіпкерді көреміз.

Әйтсе де, Ерболаттың стилі көңілімізде шығады. Тілі тартымды. Тіл дегенде, қазақ тілінің бар байлығы көрініп тұратын құнарлы тіл емес, қысқа да нұсқа, поэтикалық қуатты тіл. «Қысқалық – талант туысы» дегенде, көркем туындының синтаксистік-стилистикалық бітіміне де қатысты айтылса керек, асылы. Бір жағынан, қазіргі әдеби үдерісте айқын байқалып отырғанындай, оқырман талап-тілегіне сай қысқалық – осы. Өтімді форма, өтімді түр. Жазушы еңбегі жемісті болады деп сенеміз! 

Автор: Нұрбол Құдайбергенов, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері

Сурет: ©Мassaget.kz

Ш. Талап