Әдебиетте коррупция болмауы керек

Әдебиетте коррупция болмауы керек

Бір түсінгенім, әдебиетіміздің түпкі мақсаты – ізгілік екен. Ғасырлар бойында жазылып келе жатқан туындылардың айтары әділдіктің орнауы мен мәңгілік махаббат, жақсылық. Осы тұста сол жақсылық жолындағы бүгінгі ақын-жазушыларымыздың көңіл-күйі мен ой-ауаны толғандырды.

Коррупция – бұл заңға қайшы және моральдық ұстанымдарға томпақ келетін әрекет. Жеке пайдасы үшін жасалатын қарекеттердің жиынтығы осы аталған терминнің бір ғана түсініктемесі. Әдебиетке қатысты айтқанда да осы анықтаманың өзі жетіп-ақ жатыр. Ендігі мәселе әдебиеттегі топшылдық: жершілдік я рушылдық, жас аралығы, тіпті жынысына байланысты... тағы да басқа қандай да бір ортақ ерекшеліктерімен қосылған бірнеше шығармашылық адамына ойыссын. Әдебиетімізде жоғарыда аталған «группавщиналар» баршылық. Оны ешкім де жоққа шығара алмас, себебі атын атап, түсін түстемесек те үнемі байланыс үстінде жүрген ақын-жазушыларды білеміз. Енді осы топшылдықтың пайдасы мен зиянын талдап көрсек қайтеді?

Пайдасы:

  1. «Оқылмай кетті» деген әдебиетіміздің насихатын жасауда бір емес, әрине, көпшілік адамның нәтижесі көзге көрінеді.
  2. Екіншісі – бір өлкеден шыққан дарындардың соңынан еретін жастардың болуы заңдылық. Бұл дегеніңіз әдебиеттегі нағыз дидактика. Насихат жөніндегі мәселе айтпаса да түсінікті.
  3. Сынның қалыптасуы, деңгейдің байқалуы да осы топшылдық әдебиеттің ерекшелігі. Жерлік, рулық, жас ерекшелігіне байланысты құрылған (саналы түрде болсын, мейлі, бейсаналы түрде болсын!) топ ішінде өзара әңгіме, тәрбие, сын, түзеу, ескерту, жөн сілтеу секілді дүниелердің болуы да пайдалы.
  4. Бәсеке. Бәсекенің, жарыстар мен мүшайралардың адамды шыңдауға, қаламының қатаюына, алды-артын бағамдап, дипломатиялық қарым-қатынас жасауға таптырмас мектеп екенін айтып жату да артықшылық.
  5. Топшылдық әдебиет әдебиеттегі кезеңдерді дәл анықтауға, буындардың ара-жігін ашуға мүмкіндік береді.

 

«-шыл» деген жағымсыз мәндегі қосымшаның өзі топшылдықтың зияны бар екенін анықтап тұр.

Зияны:

  1. Мойындамау. Түпкі мақсат саналған – ізгілік жолындағы адамдардың бір-бірінің жақсылығын мойындамау абсурд. Бірақ бізде дәлелді мақтаудың өзіне нанбай, керісінше, қалайда мойындамай қою деген принцип бардай.
  2. Бір топ екінші топтың өкілдерін мойындамағанымен қатар, дәлелсіз ақпарат таратуы, провокацияға баруы т.т. осы тектес мәселелерімен айналысуы жиі кездеседі.
  3. Жақтасу. Лоббизм. Топтағы жақтас адамдардың шығармашылығын мінсіз ету де, өзгелерді төмен қою (бұл кейде мүшайралар мен айтыстарда көрініп қалады).
  4. Түп-тұқиянымен жою ұстанымы. Топшылдық әдебиеттің ең бір зиянкес мүддесі – жастардың алдынан тосқауыл қоюы. Кеудеден итеру, жермен жексен етіп сынау, әлдекімнің ала жібін аттау, келеке, мазаққа бару, мысын басу енді ғана қалыптасып келе жатқан жас буынға оңай болмасы анық.
  5. Топшылдық әдебиет әдебиетке өздері қалаған сипат айтып, оған біржақты өлшем қоюы мүмкін. Әдебиеттің тақырыптық, идеялық, тіпті формалық өлшемі де әзірге даулы мәселе екенін білсе де, топтың тек өзіне ғана ыңғайлы нұсқаны таңдауы, тек сол жолмен жүру керек деген қатаң ұстанымы дамуды, өркендеуді кешеуілдетуі мүмкін. Бұл дегеніңіз шығармашылық адамының бағытын өзгеге бұру сияқты проблемалар жиынтығы. Жаңа әдебиеттің, жаңа форма мен идеялардың шығу жолын кес-кестеу болып саналады.

Осы мәселеге қатысты әдебиеттегі адамдардан пікір сұрайық дедік.

Әдебиеттегі топшылдық дегенді қалай түсінесіз? Туған жеріне, оқыған жеріне я туған жылына деген сияқты топтарға бөлініп, өзара қарым-қатынас жасап, «бір буын» болғысы келетіндер көп. Мұны ақтайсыз ба, әлде мұндай үрдіске қарсысыз ба?

Дархан Бейсенбек, жазушы:

- Әдебиетте осындай үрдістің бар екені рас. Алайда бұл қолдан жасалатын, яки біреулердің белсенділік танытып құрылымдайтын жүйесі емес. Бұл - тек әдебиетке қатар келген буынның, жас қаламгерлердің бірін бірі іштей ұғысуы, бір біріне, шығармашылығына қамқорлықпен, махаббатпен қарауы. Осыдан барып өзара үйлесімділік, топ дейміз бе, буын дейміз бе, бір толқын, әдеби орта қалыптасады.

 

Әрине әдебиетті жасайтын топ емес, жекелеген тұлғалар. Алайда әдеби ортаның да тұлғаның жетілуіне, көзқарасының қалыптасуына, өмірді тану, адам психологиясын зерттеудегі танымының артуына септігі өте мол. Бұны бәрі мойындайды деп ойлаймын. Өз ортаңнан, өз буыныңнан жинақтаған тәжірибең обьектіге өзге ракурстан қарауға үйретеді. Дегенмен, бұл құбылыс бадырайып көрініп, бәріне сезіле бермеуі де бек мүмкін. Сондықтан бұл әңгіме жайлы көп созудың қажеті шамалы. Ал енді туған жеріне, оқыған ордасына, бір жылдың төлдеріміз дегендей аралас-құралас қалып таныту әркез болған. Бола да береді. Бірақ бұл шеңбер әдебиет аясында жүрмейді. Оның жауабын жоғарыда атап өттім.

 

Тоқтарәлі Таңжарық, ақын:

- Бізде әдебиеттегі топшылдық әдеби көзқарасына қарай жіктелмейтіні өкінішті. Сондықтан да жершілдік, рушылдық басым. Мен әдебиетте "измдер" ара пікір алмасу мәдениеті қалыптасқанын қалар едім. Ондай көрініс бар, бірақ жетілмеген. Ақтауға да, ақтамауға да болады. Буынаралық "шайқастар" әдеби процестің, түсініктің өзгешелігіне құрылса құба-құп.

Онда тұрған дәнеңе жоқ. Ал өтірік намыс, құр байбалам пайдасы аз шаруа. Біздегі дау-дамайдың көбі сол деңгейде өтеді.

Бауыржан Әлқожа, ақын:

- Топшылдық дегендеріңнен жершілдіктің иісі шығатын сияқты. Ақынды да, жазушыны да қалыптастыратын өз ортасы ғой. Оның туған жеріне байланысты емес, көбінесе туған жылына қарай топтасатыны заңдылық. Бірақ әдебиетті топтар жасамайды, жеке тұлғалар, жеке адамдар жасайды...

 
 

Данияр Әлімқұл, ақын:

- Топ болған дұрыс шығар, тобыр болғаннан гөрі. Бірақ, екеуінен де дұрысы бағзыдан келе жатқан буындық биіктік болар! Оны толқындық төмендік деп түсінуге болмайды. Буынға бөліну, толқындық топтасу әдебиеттің әліппесінде қалыптасқан ұғым. Алдыңғы буынға қарап алға ұмтылу, басып озбаса да, қалыспау қағидасы бекемделіп, шығармашылық жетілу жұмыстары жүреді. 

Басқаша ракурспен «айту мен көруге» деген циркуляцияға салмақ береді. Ал, қазіргі «Арқаның ақындары», «Шығыстан шыққандар», «Тараздық ақындар» деп топтауы провинцияларда поэзияның дамып келе жатқанынан хабар береді. Бұл қорқыныш емес! Өйткені, бұрын бүгінгідей өңірлерде жас ақындар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптамай қалыптасты. Оған, бірақ, дәлел өзіміздің шағын шаһардан шыққандарды айтсақ... Мәселен, Маралтай ақын кезінде Жамбылда жалғыз жүрді. Тобы да, басқасы да болмады. Бірақ, ол Жан-Әдебиетте «Жалғыз екен» деу емес еді. Өйтетінім, өзге өңірлерде де өзі секілді қаламдастарын Ақындар Астанасы Алматыдан тауып жатты. Буынына барды. Ал, ол кездегі әр облыстан 1-2 ақын шығып, барлығы 10-15-тен асса, қазір бір қаланың өзінен осыншама цифралардың сөйлеп жүргенін білеміз. Одан кейін, ол ақыннан кейін Азамат Есалы, Ерлан Жүніс, марқұм Өрнек Құлекеев пен Хамиттер «квартеттік кезеңді» бастан кешірді. Ал, бүгінгі Тараздың поэзиясы «хор құрамындағы» дауыстардан да көп. Қуанарлығы сол. Ал, арғы жағы мүдделік мақсаттар мен поэзияның қалтарыс-бұлтарысында пиғылдық қақтығыс болмасын десек те, болып жататын кездері бар. Сектант болып кетпейік, жазарман! Ал, «буын жылға бөлінеді» деп айта алмаймыз аса бір сеніммен. Мысалы менің буынымдағы талантты ақынның бірі Табиғаттың жасы 25-ке жетсе, Наурызбек секілді 20-ның арғы жақ-бергі жағындағылар да жоқ емес. Жас үлкендігі емес, жүрек үлкендігі жасайды. Батыстағы Ләззат қыздың да жасы 18-19-да, естуімше. Бұл дегеніміз Түсіністік. Ар жағы тіні мен тілі ұқсастық өзі-ақ топтап алады толқынды. Буынның буынды табуы жазуға деген махаббатың оянғанынан басталады. Жасын сыйлап, ертең шыққан ақынды Маралтайдың буыны дей алмаймыз мысалға!

Пікірлер осылай болды. Ендігісін, құрметті оқырман, өзіңіз бағамдай беріңіз.

Ардақ Құлтай

А. Құлтай