Мен қалай ұры атандым

Мен қалай ұры атандым

Күздің қара суғы түскен кез. Асығыста қолғап киюді ұмытып кетіппін. Енді міне, қоғамдық көліктің суық темірі қолымды қарып әкетіп барады. Осы кезде жанымда тұрған қыз бен жігіт шүйіркелесе кетті. Жігіт: «Күн суытқанымен, ұрылар суыққолдығын тоқтатпайды, епті болу үшін жалаң қол жүре береді» деді. Қыз оның сөзін қостай: «Дұрыс айтасың, ұрылар ғана қолғап кимейді». Олар әңгімесін айта отырып, маңайына барлап қарап қояды. Құдай атқанда автобус ішінде қолғап кимеген мен ғана екенмін. Қысылғаннан қолымды дереу қалтама салып алдым. Екеуара әңгіме жалғасып жатыр: - Ұрылар ақымақ емес, орай болмағанда қолын қалтасынан шығармайды.

- Иә, осылай істегенде басқалар оның ұры екенін біле алмайды ғой!

Олардың дауысы қатты шыққаны сонша, маңайдағылар жан-жағына үрейлене қарасты. Суқаным ұшып, не де болса алысырақ тұрайын деген оймен автобус есігіне қарай жақындадым. Осы кезде әлгі қыз есіне бірдеңе түскендей:

- Ұрылар қолына бірдеңе ілінсе, есікке жақындап келесі аялдамадан түсіп, зытып кетуге дайындалады, - деді. Көпшілік сумкаларын ақтарып, заттарын түгендей бастады. Мен ұялғанымнан кірерге тесік таппадым. Есіктен алысырақ тұруға тырыстым. Жігіт:

- Ұрылар осы күнде жеке-дара қимыл жасамайды. Олжасын серігіне береді де, өзі түк болмағандай көлікте отыра береді, - демесі бар ма?! Олардың сөздері қалайша маған дәл тие береді. Мен шынында ұры атандым ба? Айтып-айтпай не керек, біз соңғы аялдамаға да жеттік. Жолаушылар жан-жағына үрейлене қарасып, автобустан түсіп жатыр. Мен де автобустан түсіп, "зытып" бара жатырмын.

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: azattyq.org

M. Auelkhan