- Негізгі бет
- Сатира
- Мұхтар Шерім. "Кітап...
Мұхтар Шерім. "Кітап тіліндегі махаббат"
Белгілі сатирик Мұхтар Шерімнің қазақ әдеби шығармаларын шебер баяндай отырып жеткізген "кітап тіліндегі махаббатын" оқып, бір күліп алыңыздар!
«Абай жолымен» келе жатқанмын. Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпанын» кездестіріп қалдым. Бұрыннан танимын ғой, жөн сұрасам, эпостық жырдағы – «Баян сұлу» сауда орталығында Мұхтар Мағауиннің «Аласапыраны» (Менеджер дегенім ғой..) болып жұмыс істеп жатыр екен. Өзімше «движение» жасағым келіп кетті. Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббатын» басымнан өткеріп тұрмын. Баяғыда Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Ата қонысына» барғанымда, бір рет көргенмін. Бойжетіп қалыпты.
Спандияр Көбеевтің «Қалың малын» төлеп, үйленіп алсам ба екен? Әй, бірақ, қу кедейшілік-ай, Бейімбет Майлиннің «Сексен сомы» жетпейді ғой. Мейлі, Мағжанның «Батыр Баяны» сияқты өліп кетсем де шіреніп тұруым керек қой. Өлгені құрысын, Бердібек Соқпақбаев жазып кеткен: «Өлгендер қайтып келмейді»…
Шынымды айтсам, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен теріндей» терлеп кеттім. Қыз да үндемейді.Тұтқабай Иманбековтің «Тұт ағашының көлеңкесінде» әлі тұрмыз. Бұл қыз маған Мұқағали Мақатаевтың «Арманы» сияқты ма? Жоқ әлде, Шыңғыс Айтматовтың «Жан пидасы» дегендей, алып қашсам ба? Сотталып кетемін-ау! Рымғали Нұрғалидың «Аяқталмаған трагедиясы» болып жүрсем ше? Не деп кеттім? Сәкен Иманасов сияқты «Айтар едім», бірақ, тілім күрмеліп…
13–Кешіріңіз, Теодор Драйзердің «Аяулы Керриіне» ұқсайды екенсіз…– дедім мен.
– Ағай, Халлдор Лакснесстің «Арманын аңсаған жандар» күйін кешкен жалғыз сіз емес… – деді бойжеткен назданып.
–Кешіріңіз, Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық, мол жылдарын» бастасақ қайтеді? –деп әзілдедім мен де.
–Мұстафиннің «Миллионері» болсаңыз, көреміз…
–Хамит Ерғалиевше «Біздің ауылдың қызы» ғой, қарапайым қарындасты жолықтырдым деп ойлап тұрсам… Ақшаны ғана ойлағанша, Бекхожиннің «Мәриям Жагор қызынан» үлгі алсаңыз еді!
–Ағай деймін, әзілді көтере алмайсыз ба, жүдә Тахауи Ақтановтың «Қаһарлы күндеріне» ұқсап барасыз…
–Ілияс Есенберлиннің «Жанталасындай» жармасып жатқаным ғой, қарындас…
–Немене, Сәкен Жүнісовтің «Ақан серісі» ме едіңіз?
–Айтпақшы, қолыңыз бос па? Кафеге барып, Роллан Сейсенбаевтың «Түнгі диалогын» бастасақ?
– Мұратбековтің «Ай туар алдында» ма?
–Ия. Ғабит Мүсіреповтің «Кездеспей кеткен бір бейнесіндей» ах ұрып қалмайын деп…
–Жарайды… Шексипирдің «Корль Лиріндей» қоймадыңыз ғой.
— О, «Мөлдір махаббат!» «О, Махаббат қызық мол жылдар»! Мақатаевтың «Аққулары ұйықтағанда» «Ұлпанның» қыпша белінен қапсыра құшақтап, Қали Сәрсенбайдың «Тұлға – тағдырындай» болмасам да, кеудемді кере ұстап, «Оянған Өлке» – Шымқаланың шырайлы көшелерінде «Алмас қылыштай» жарқырап келе жаттым… О, Махаббат!