Асхат Қылышбек. "Бильярд ғаламаты" (тұрмыстық пародия)

Асхат Қылышбек. "Бильярд ғаламаты" (тұрмыстық пародия)

Асхат Қылышбекті жұрт айтыскер ақын ретінде жақсы таниды. Қылышбектің қылыштай өткір тілімен талай айтыстарда топ жарғаны көрермендердің есінде. Алайда былайғы жұрт айтыскер ақынның қаламынан туған дүниелермен аса таныс емес. Асхат Қылышбек жазба поэзия мен сатирада да жарқын жырларымен суырылып шыққан ақын. Назарларыңызға бүгін ақынның Мұхтар Шахановтың "Ғашықтық ғаламаты" өлеңі негізінде жазған "Бильярд ғаламаты" атты тұрмыстық пародиясын ұсынамыз. 

Бильярд ғаламаты

(М. Шахановтың ізімен тұрмыстық пародия)

 

Думан Анаш сотовыйыма қоңырау шалып, жылады:

«Өмеш деген досым бар ед, тірлігімнің шынары.

Тек сол ішсін, сол жесін деп,

Еш қиындық көрмесін деп,

Бәрін бердім қолына.

Ештеңе де аяғам жоқ жолына.

Өмеш сұлу бой түзеді, ой түзеді жайдары,

Ішпей бүгін іс жасап жүр пайдалы.

Әттең бірақ бильярд деген ойынға

Құмар бопты қайдағы.

Әттең бекер жіберіппін еркіне!

Ерте түсіп қалды-ау сірә, құмар ойын өртіне.

Бақытты едім, бақытты едім мен қандай,

Қашан Өмеш шалдыққанша бильярдтың дертіне.

Бұл күн оның киі түспейд қолынан.

Туар айым тумай қойды оңынан.

Ал ол болса бұйрабас бір Олжасты,

Жеңемін деп жүгіріп жүр соңынан.

Ол пародистің қарашы,

Бар ақыл-ой, санасы.

Оны ұтуға қайдан келсін шамасы.

Өмеш соны білмейді ме, біледі?!

Біле тұра селт етпейді жүрегі.

Небір жайсаң жігіттермен сый қыла,

Жүрмеуші ме еді сыра, шарап құйдыра.

Бұл не деген бардан табар бақытын,

Шардан іздеп жаңылысқан миғұла!

Деп сенсем де бақыт алда, жол алда,

Адасқандай секілдімін боранда.

Ал ол үшін бильярдта жеңуден

Артық қызық жоқ ғаламда!

Бильярдты ойлап беріледі арманға.

Дайындалады үйде жалғыз қалғанда.

Сосын өзіне риза болад, менен асқан бильярдшы

Адам жоқ деп жалғанда.

Дауа бар ма, дауа бар ма талғамға?!

 

Жақын тартып сырласымдай бұрынғы,

Кешір Асхат, саған аштым сырымды.

Сен ерекше сыйлы жансың Өмешке,

Сыйлайтыны - жатқа оқиды жырыңды.

Өзіңе аян оның көңілі - гүл нәзік,

Жыға алмадым өр мінезбен ұрдажық.

Бильярд ойнап, ішпеген соң түрлі азық,

Қайран досым бара жатыр күнде азып.

Өтінемін сол бақытсыз сорлыға,

Қолұшын бер ой саларлық жыр жазып!»

- Осыны  айтып трубканы қойды, ауыш.

Бірақ сөзі жетеледі ойға алыс.

Көз алдымнан кетпей қойды журналист,

Көз алдымнан кетпей қойды ойнағыш.

 

Өлке даңқын артқанымен мойынға,

Әлі күнге біз бармаған ойынға,

Байлар ғана шалқақтайтын төрінде.

Диско клуб, барлар аз ба?

Бильярдный залдар аз ба?

Ұрылмаған шарлар аз ба, өмірде?!

Құдыс бейіл кедергіден қайтқанымен меселі,

Бильярдшылар өз қалауын өзі ғана шешеді.

Жыға алмайды оны жұрттың өсегі,

Оған дәлел Бейбіт Сарыбайдың бильярд ойыны кешегі.

Дәлдеп тұрып шар соққанда жібермейтін есені,

Қарсыластан қашанда да артық тұрар есебі,

Қайран Бейбіт тамада досына звондап,

Былай депті деседі:

— Ей, Нұрлыбек еренім!

Кеше саған Нарынқолдан той бергем,

Аман болсам әлі талай беремін.

Қызығыңды бірақ қашан көремін?

Тойларда да аз созбап ең қолұшың,

Ойнарда да керек боп тұр көмегің!

Дәл өзіңдей қайдан ұқсын ойынымды ел,

Ақша деген сенде қазір айдын-көл.

Шарды соғып өткен күндер ғана өмір,

Ал қалғаны - жай күндер.

Маралтаймен Жанарбекше теңдесе,

Белдесуге талап қылдым мен неше?

Бес жыл бойы ойнап келем тастаяқ,

Бес жыл  бойы өмір сүрдім ендеше.

Айттым саған кел, өзің біл, келме не,

Бейбіт ағаң қаражатқа кенде ме?

Бір үстелін үйге әкеліп орнатам,

Екі күндік тойдан тапқан теңгеге.

Тірлігімде шабыт берген бұл бильярд,

Жарық беріп жатсын маған бөлмеде!

 

Күтемін деп Нұрлыбектей інімді,

Шаршап барып, Бейбіт көзі ілінді.

Бұл туралы айтқан кезде Бануға:

- Егер олай етпесе, Бейбіт "Бейбіт" бола ма?

Онсыз дағы жаны сұлу ағаңа,

Сұлу ұйқы сыйлапсың-ау тамада!

Деп күліпті Бану қалқа кеңкілдеп,

Ақ жаулығы ай нұрымен желпілдеп.

Нағыз әйел күйеуін жұртқа сатар ма?

Бану өзі кейінірек төсегіне жатарда,

Аққұба жүзі қуарып-түнеріп,

Атасын сыртқа шығарып жіберіп.

Ақпалап қозып делебесі де,

Тесіліп қарап терезесіне,

Жатын бөлмеге беттеді.

Бильярдшыға өкпелі.

 

Ойнағыш қол ки ұстаса бола алмайды жазалы,

Адам азса артық қимыл жоқтығынан азады.

Ал бұл бильярд спорттың нақ көкейкесті өлеңі,

Әрбір геометриямен өлшенетін көлемі.

Тастаяқтың ұшан теңіз денсаулыққа берері.

Оны ойнау келсе кімнің қолынан,

Әлем соған сенеді.

Дәлдеп соғу мергендік қой себебі!

 

Ағатай-ау онда неге Өміржанды итереміз қақпанға,

Баспанасы, үйі жоқтардан,

Қолдарының киі жоқтардан,

Жұрт онсыз да зардап шегіп жатқанда.

Өмеш батты күнаға,

Деп қамығып, жылама!

Жанарыңды қасіретке бұлама.

Бәлкім жолы сәтсіз шығар, бірақ ойнау бақыты,

Кез-келгенге тартылмайтын сыбаға!

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: Асхат Қылышбектің жеке мұрағатынан

Н. Айдархан