Елімізде жас жазушылардың әңгімелер антологиясы жарық көрді

Елімізде жас жазушылардың әңгімелер антологиясы жарық көрді

Жас қаламгерлердің "Дауыс" әңгімелер антологиясы жарыққа шықты. Бұл – Бақытбек Қадыр, Досхан Жылқыбай, Есбол Нұрахмет секілді жас прозаиктердің өз бастамасымен құрастырылған жинақ.

Жинаққа алғысөз жазған атақты жазушы Мұхтар Мағауин жастарды "қаламмен ұлттық мұратқа қызмет етуге" үндеп, ақ батасын берді.

Кітап "Altyn Qyran Foundation" қоғамдық қорының демеушілігімен жарық көріп отыр. Қордың бір бағыты – қазақ руханияты мен әдебиетін дамытуға ықпал ету, талантты авторларға қолдау көрсету.

"Кітаптың "Дауыс" деп аталуының мәні терең. Қазіргі авторлар – шығармашылық еркіндіктің тұсауы шешілген кең заманның қаламгерлері. Кеңес үкіметі кезінде аға буын жазушыларымыз өз туындыларын қатал цензура жағдайында жазса, қазір шығармашылыққа шектеу жоқ. Жас қаламгерлердің дауысы жаңа заманның шынайы әдебиетін қалыптастырады деген үмітіміз бар", - деді қордың президенті Исламбек Салжанов.

Кітап AQ Кітапхана сериясымен шықты, таралымы 1000 дана. Алдағы уақытта біздің Қор тарапынан қаржыландырылған әрбір кітаптың электронды нұсқасын онлайн оқуға мүмкіндік жасалады.

Т. Раушанұлы