Сәуле Досжан: "Жастарымыз Жақсылық аға сияқты қайратты, табанды болғанын қалаймын"

Сәуле Досжан: "Жастарымыз Жақсылық аға сияқты қайратты, табанды болғанын қалаймын"

Белгілі спортшы, Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровтың өмірі мен кәсіби жолына арналған "Біртуар" кітабы түрік тіліне ауларылды.

Кітап авторы – белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Сәуле Досжан. Жазушы өз романында Жақсылық Үшкемпіровтің балалық шағынан бастап бүкіл өмірін қамтыған. Түрік тіліне белгілі аудармашы, журналист Уфук Тузман тәржімалады. Балаларға арналған роман Еуразия Жазушылар одағының қолдауымен "Бенгу" баспасынан жарық көрді.

Кітап бұған дейін орыс тліне де аударылған. Қазақ тіліндегі нұсқасы "Ел-Шежіре" баспасынан жарық көрген.

Айтулы шараға Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы, Еуразия жазушылар одағының төрағасы, Якуб Өміроғлы, аудармашы Уфук Тузман және Жақсылық Үшкемпіровтың ұлы Елдос Жақсылықұлы, дипломаттар мен қазақ диаспорасы, зиялы қауым, БАҚ өкілдері қатысты.

Жақсылық Үшкемпіровтың өмірінен дерек беретін романды түрік жастары да білсе дейді аудармашы Уфук Тузман.

"Қазақтың біртуар ұлы Жақсылық Үшкемпіровтың өмірі - күллі түркі жұртына үлгі. Оны түрік жастары да білуі тиіс. Балуанның көшпенді мәдениеттен отырықшы мәдениеттің шыңына көтерілуі қуантады. Бүгінгі ақпарат ағымы жарық жылдамдығындай дамыған заманды балаларды құнды кітапппен тәрбиелеу маңызды. Бұл кітап осынысымен ерекшеленеді", - дейді Уфук Тузман.

Осы орайда Массагет порталы автордың өзіне хабарласып, кітап жайлы, шығарманың түрік тіліне аударылуын барысын сұрап білді.

– Сәуле ханым, Жақсылық Үшкемпіровтың өмірі мен кәсіби жолына арналған "Біртуар" кітабын жазуға не түрткі болды?

Шығарма жазарда батырдың өмірінен көп деректер жинадым. Оның қандай кедергілерге, қандай қиыншылықтарға тап болғанын біліп, оқыпы көзіме жас келді. Біз кейде өмірде кішкентай кедергіге тап болсақ, ұиналдық деп жатамыз. Біздегі қиындық әшейін тіршілік барысында кездесіп жататын мәселелер екен.

"Біртуар" және "Уникальный" деп аталатын екі тілдегі өмірбаяндық шығарма ең алдымен, балалар мен жасөспірімдер аудиториясына арналған. Қазақ батырының тарихы арқылы жас ұрпақтың бойына спортқа, Отанға деген сүйіспеншілікті тәрбиелеуге болады. Жақсылық Үшкемпіровті жеке білетін болғандықтан оның жетістіктері туралы жазуды өзіме парыз санадым. Қазіргі заманда арамызда батырлар бар ма деп ойлайтындар көп. Міне, жауап. Жақсылық Үшкемпіров – Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш батыры. Еліміздің ғана емес, бүкіл халықтың абыройын асқақтатты. Оның туған жерін, спортын, халқын қалай сүйгенін жас ұрпақ білсе деймін.

– Бұл кітаптың түрік түліне аударылу жағы қалай жүзеге асты?

Кітапты қазақ оқырмандары жақсы қабылдады. Оны Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы де оқыған болуы керек. Хабарласып, кітапты түрік тіліне аудару туралы ұсыныс білдірді. Қуана келістім. Кейіннен Түркиядағы баспа электрон нұсқасын сұрап алды. Оны жазушы Уфук Тузман тәржімалады. Өзі де қазақ тілін жақсы білетін қаламгер екен. Кітаптың түрік тіліне аударылуына қазақ пен түрік жас ұрпағын бірдей рухта тәрбиелеуді мақсат еттік. Балаларға жастайынан батырлар тәрбиесін беру керек. Жақсылық батырымыз туралы сыр шертетін кітапты ата-аналар да оқуы керек деп санаймын.

Олимпиаданы жеңу ешқашан оңай болған емес. Бұл спорт түрінен Жақсылық Үшкемпіровтен кейін ешкім жоғары марапатқа ие болған жоқ. Ал, жастарымыздың біртуар тұлға Жақсылық аға сияқты табанды, қайратты, мақсатты, ұлтжанды болғанын қалаймын.

– Алдағы уақытта басқа тілдерге аударыла ма?

Осы уақытқа дейін орыс тіліне "Уникальный" деген атпен аударылды. Алдағы уақытта қырғыз тіліне аударылады деген жоспар бар. Басқа елдерден ұсыныс түсіп жатса, әрине, аударамыз.

– Қазір балаларға арналған, олар үлгі тұтатын осындай қаһармандар қажет. Болашақта тағы осы сияқты кітап жазу жоспарыңызда бар ма?

– 1957 жылы жазылған "Менің атым Қожа" романынан кейін, балаларға арналған роман жазылмапты. Бұл олқылықтың орнын толтыру керек деп ойладым. Менің "Біртуар" романым қазіргі қазақ балалар әдебиетінде жазылған тұңғыш роман. Алдағы уақытта балаларға үлгі болатын, қазақтың батыр тұлғаларының өмірінен сыр шертетін шығармалар жазу ойда бар. "Біртуар" жарық көргенде баспа ол туралы: "Егер, сіз Отансүйгіш, намысты, қаһарман ұл өсіргіңіз келсе – "Біртуарды" оқыңыз. Егер сіз қазақтың атын аспанға шығарып, әлемге танытатын жеткіншегіңіз болғанын қаласаңыз – "Біртуарды" оқыңыз.Егер сіз ұрпағым үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарайтын, бауырға қамқор, досқа адал, отбасында абзал әке, ардақты жар болатын азамат өсіргіңіз келсе – "Біртуарды" оқыңыз" деп жазыпты. Жазушыға осыдан артық баға, құрмет керек емес.

Айта кетейік, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен Балалар әдебиетін қолдау жылы аясында жазушы Сәуле Досжанның "Біртуар" кітабы жарық көрді. Кітапта спортшының бала кезінен бастап үлкен спортқа келуі мен Олимпиада тұғырына көтерілудегі өмірі мен кәсіби жолы баяндалады.

Жас жігіт Жақсылық спортқа Семей зооветеринарлық институтының студенті болып келген. Және кәсіби бағдарына қарамастан, ол КСРО және Тәуелсіз Қазақстанның спорт аренасының нағыз жұлдызы бола білді. Жаттығулар мен жарыстар жылдарында ол классикалық күрестен Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы, еркін және классикалық күрестен Қазақ КСР чемпионы, КСРО еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы және Қазақстан Еңбек Ері сынды атақтарға қол жеткізді Ол спорттағы жетістіктеріне байланысты "Құрмет белгісі" және де басқа да медальдармен марапаталды.

Т. Раушанұлы