Дөңгеленген дүние (Ақырзаман жайлы ертегі)

Дөңгеленген дүние (Ақырзаман жайлы ертегі)

Мына бір шағын дүниені қытайдың қазақ тілді сайттарының бірінен кезіктірдім. "Дөңгеленген дүние" деген тақырыбы бірден өзіне баурады. Бастап оқығаннан соңына дейін өзгеше бір сезіммен оқып шықтым. Оқыдым да тамсандым. Сатиралық тілі, ұшқыр ойы, әңгіме астарына көп мағына сыйдырған тереңдігі тамсандырды. Әңгіме соңына "Қайырымбек Кәкімұлы [Пекин]" деп қолтаңба қалдырыпты. Осындағы оқырмандармен осы бір дүниені бөліскім келді. Cосын да алдарыңызға ұсынып отырмын. Өз еркіммен тақырып соңына қосымша ретінде "Ақырзаман жайлы ертегі" деп атадым. 

Сонымен, үміт пен күдікке, үрей мен қорқынышқа толы 2012 жыл келіп жетті. Анығын айтар болсақ, майялықтар ғасырлардың алдында болжап кеткен алапаттың тура күні, айтылмыш заманның ақыры болатын күн келіп жетті, яғни 2012 жылы 21 желтоқсан!

Бірақ, 21 желтоқсанның ақ таңын адамдар әдеттегідей қарсы алды. Аспандағы бұлттар алысқа сырылып, көрікті күн сұлу күлімдей адамзатқа сәлемедесті. Күн райынан еш алапаттың нышаны білінбеді. Далада талай дінді-дінсіздер ақ таңды аман қарсы алғандарына шұрқырасып жатты. Бірақ! Бірақ, бұл күні туылған өзгеше оқиға алдеқашан жер шарының әр еліндегі Төтенше жағдай қызметтері мен жоғары жіктегілердің құлағын шулатып жатқан-ды. Адамдардың құныққан қызыл көздерінен жас емес, қан ағызатын сұмдық жағдайды байқаған банк қызметкерлері Болды. Қан ағызбай қайтсін! Сөйтсек... Құдайдың құдіретімен жер бетіндегі ақша атаулы ғайып болыпты! Көсемдер мен тұлғалардың бейнесі басылған ала-құла қағаз ақшалар ғана емес, нағыз ақшаның көкесі ретінде танылып үкімет жағынан әлпештеп сақталатын алтын мен күміс те жер бетінен ғайып болыпты.

Айналасы бірнеше сағат ішінде тірліктері ала қағазбен тығыз қатысты болып кеткен жер шарының алты миллиард тұрғыны ақшаның ғайып болған сұмдық хабарын естіп үлгерді. Тек банк қана емес, барлық жердегі қауіпсіздік сандығындағы, ақша қапшығындағы, киім қалтасындағы, автоматты ақша шығару машинасындағы, қараңғы базардағы май қатындардың санбайпағындағы, баукеспенің құпия жеріндегі, күйеуінің әйелінен, әйелінің күйеуінен жасырып қойған мәлім жердегі, әлдебір төмен мансаптының әлдебір жоғары мансаптыға ұсынған темекі қорабындағы, байбатшаның көңілдесін тосын қуанту үшін дайындап қойған сауға қорабының ішіндегі, жалпы жершарындағы барлық ақша, алтын, күміс атаулы бір-ақ ғайып болды!

Тосын оқиға адамзатқа оқыс өзгеріс тудырды. Ең әуелі сан жылдардан бері «бүкіл ел халқының мүддесі үшін істейміз» деп жарнамалап келген үкімет пен парламент ыдырап жоқ болды. «Халық пен отанның амандығын қорғау өмірлік борышымыз» дегенді ұран еткен армия ыдырап, өз алдарына топтасып азық тонайтын күшті топтарға айналды. «Адам құтқару мен ұрпақ тәрбиелеу бірінші мақсатымыз» деп дәріптеумен келген емхана мен мектеп атаулы жабылып, дәрігерлер мен мұғалімдер жайына кетті. Бастықтарының артынан «Ойбай, аға, сен мықтысың, сен кереметсің» деп шұбап жүретін қызметкерлердің бәрі тарап, кәсіпорын атаулы жабылды. Талай дос бір-бірін еске алуға да үлгермей жайына кетті. «Өмірлік пен мәңгілікке» серт еткен ғашықтар мен жұбайлар уәделерін ойлауға да үлгерместен өз алдарына жөнелді. Сан миллион данамен үнтаспасын шығарған әншілер мен бір голымен дүниені шулатқан футбол жұлдыздарына пысқырып қарайтын адам табылмай қаңғып қалды.

Өзіне қол жұмсап қаза тапқандар мен қан көшеде аштан қырылған халықта есеп жоқ. Мұның бәрі бейбіт кездегі көлік кептелісі секілді қалыпты жағдайға айналды. Әрине, бұлардың дені салауатты киінген адамдар еді.

Адамдар аяқ-астынан күні кеше ғана кедейлік пен мешеуліктің баламасы боп саналатын ауыл-қыстаққа лап қойды. Кәдімгі малын бағып, астығын егіп, өз тамақтарын өздері жаратып, жеп жатқан момын ауыл адамдарына қаланың көзі қарауытқан аш-жалаңаш тұрғындары қырғидай тиді. Бір жапырақ етпен бір тілім нан үшін. Ел мен ел болып қырылысып, қанға батып жатты.

Солай да солай, адамдар арасындағы әр түрлі қарым қатынас негізінен жойылды. Тәкәппарлық, кербездік, сәнқойлық, ақсүйек, байбатша дегендер құрдымға кетіп, жалғыз қарынның тоқтығы арманға айналды. Тек осы өзгерістерге түк болмаған сыңай танытып, қалыпты тірліктерін жалғастырып жатқан тек қиыр полярдағы Инюиттар (Inuit), Тынық мұхиты мен Үнді мұхиты маңындағы бірнеше аралдағы және Африкадағы аз санды тайпалар, Бұланайдың (Гималай) түстік бетіндегі қарлы таудың аздаған тұрғындары және Тәңір тауының баурайында ұзақ жылдар бойы жер қорып отырған, мұрнына оқу білімнің иісі де келмейтін мәлім қазақ отбасы ғана қалды.

Осыдан арада бірнеше он жыл өткенде, жер бетінде өзін-өзі өлтірген, аштан қырылғандар мен қырқысып өлгендерден кейін қалған адамзат тұқымы санаулы ғана болды. Қала атаулы қаңырап, ауыл біткеннің де тоз-тозы шығып, адамдар таулар мен өзен-көл бойларында азықтық тауып жеп өмір сүрді. Жылдар өте келе қолдарындағы мәдениетті дәуірдің құрал, қарулары керектен шығып, қайта бастан қолайлы тас кесектерін тауып, тас құралдарын қолдана бастады. Ескірген үйлер құлап, тау үңгірлерін тұрақ етті. Иыққа ілер киім біткен ескіріп, жапырақ, аң терілерін жамылғы, төсеніш етті. Олар осылайша бәрін қайта бастады. Әрине, олар кезінде өздерінің өркениетті қоғамда болғандарын ұмытпау үшін ұрпақтарына ұшақ, автокөліктер, телефон қатарлы озық техника жайлы әңгімелеп жүрді. Бұл әңгімелер заман желімен, уақыт ағысымен аңызға айналып, барған сайын түрленіп, қиял мен сезім қосылып, соңында “Ұшпа кілем”, “Жүрдек етік”, “Саққұлақ" деген ертегілерге айналды...

Арада тағы жүз мыңдаған жылдар өтіп, тағы бір мәдениетті қоғам басталды. Олар өздері тұрған орта жайлы ойланып, іздене бастады. Бірі «Әлем күмбез, жер шаршы», бірі «Күн центрі», тағы бірі «Жер центрі» деген болжамдар жарыққа келді. Тағы талай ғасырлардан соң, әлдебіреулер мәлім қала орнынан құбыр суын байқап, әлемді жалт қаратты. Әлдебір саяхатшы осыдан сан мыңдаған ғасыр бұрын тау үңгірінде тасқа айналған ескі сүйектің жанынан таңғажайып темір қарудың сынығын тауып алып, адамзат осыдан бәлен миллион жыл бұрын металды қолдана бастағанын дәлеледеді. Тағы біреуі теңіз жағалауынан “Бостандық ескерткіші” мүсінінің сынығын тауып алып, ерте заман көркемөнер жетістіктеріне таңдай қақты. Ал тағы бір тіл маманы кезіндегі ұқсас жынысты әуейілердің әлеуметтік дәретхананың цемент қабырғасына ойып жазып кеткен «Көңіл ашқың келсе хабарлас 8-702-194-606-7» деген жазуы бар тасты тауып алып, ғұмыр бойы зерттеді. Дәуір алмасып жатты, жаңалықтар күн сайын адамзат баласымен қауышып отырды.

Адамзат баласы осылайша тағы да «Мәдениет» деген атпен бүркемелеген, екі көзі дүниеге толған сол бір өркениетті қоғамдарын дамыта бастады.

Бірақ, ай әуелгісіндей жерді, жер күнді, күн құс жолын айналып, дөңгелек дүние дөңгелеп бара жатты…

Қайырымбек Кәкімұлы [Пекин]

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: baidu.com

Қ. Қауымбек