Қазақ жазушыларының балаларға арналған 5 үздік шығармасы

Қазақ жазушыларының балаларға арналған 5 үздік шығармасы
Фото: Yernar Almabek\Massaget.kz

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі "2021 жылды Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы" деп жариялады. Президенттің өзі "балалар арасындағы кітап оқуды арттыру керек" деп тікелей тапсырма берді. Осы орайда Массагет порталы балаларға арналған қазақ жазушыларының шығармаларын ұсынады.

1. Бердібек Соқпақбаев – "Менің атым – Қожа"

"Менің атым – Қожа" Бердібек Соқпақбаевтің 1957 жылы жазылған шығармасы.

"Менің атым – Қожа" – мектеп жасындағы Қожаның басынан кешкен қызықты оқиғалары. Қожа мектепте үлгерімі нашар бала. Бірақ әрқашан ол жақсы адам болуға талпынады. Кейде бұзық істер жасап, көптің алдында ұялатын кездері де бар. Ол өзінің кейбір бқзықтығын әкесіз өскендіктен деп ойлайды. Ол мектепте үздік оқитын Жанар атты қызға ғашық. Оған арнап өлең жазады. Мінезін түзету үшін күнделік жазады. Сұлтан атты жігітпен дос болады.

Кітап әлемнің 68 тіліне тәржімаланды.

Бердібек Соқпақбаевтің бұл шығармасы 1963 жылы «Қазақфильм» киностудиясы тарапынан экранизацияланды.

2. Мұхтар Мағауин – "Тазының өлімі"

Мұхтар Мағауиннің "Тазының өлімі" хикаяты адам ит арасындағы достықты, адалдықты көркем суреттейді. Шығарма 1969 жылы жазылып, "Жұлдыз" журналының 10 санында жарық көрген. Автор тазы – Лашын мен иесі Қазы арқылы қазақтың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан әдет-ғұрпын, аңшылығын бейнелейді. Сыншылар бұл шығарманы қазақтың жойылып бара жатқан дәстүрін жоқтаушы шығарма деп есептейді.

Әдебиет сыншысы, профессор Серік Қирабаев: "Автор бұл шығарма арқылы ауыл өмірін жырлай келе, ондағы салт-дәстүр психологиясын тереңнен ашып суреттейді" дейді.

3. Сайын Мұратбеков – "Жабайы алма" повесті

Қазақтың белгілі балалар жазушысы Сайын Мұратбековтың бұл шығармасы соғыс жылдарындағы қарбалас ауыл тіршілігін суреттейді. "Жабайы алма" 1972 жылы жарыққа шыққан. Шығарманың басты мақсаты жақсыдан үйрену, жамандықтан жирену, қандай да қиын-қыстау кезде де адамдық болмысты сақтап қалуға, өмірдегі қиыншылықтарға мойымауға, шындықты қашанда ту етіп ұстауға үндейді.

Автор шығармасында Көкінай деген ит арқылы сол кездегі әр үйдің майданға аттандырған балаларын сағынуын керемет тілмен суреттейді. Екі ғашық – Тоқтар мен Нәзираны соғыс айырады. Майданға аттанған Тоқтар артынан қарақағаз келеді. Нәзира тағдырдың салған қиындығына мойымай кейіннен оқып, соғыстан соң қираған қалаларды қалпына келтірумен айналысады. Шығармадағы әр кейіпкер нанымды тілмен, әсерлі сюжетпен баяндалады.

4. Дулат Исабеков – "Біз соғысты көрген жоқпыз"

Қазақ әдебиетінің белгілі жазушысы Дулат Исабеовтың бұл шығармасы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы тылда қалған адамдар өмірін суреттейді. Автор шығарманы өз атынан баяндап келе жатып, кенет кейіпкер атынан айтады. "Біз соғысты көрген жоқпыз" повестінде ауылға майданнан мүгедек боп оралған азаматтардың аянышті хәлі баяндалады.

Массагет порталына берген шығармасында жазушы бұл шығармасы туралы: "Біздің жауынгерлердің өлуінің себебін білеміз. Отанды қорғап жатырмыз деп өлді. Неміс солдаттары не үшін жанын берді. Олар шын мәнінде жаулап алушы әскер емес пе? Олардың ішінде де қайшылық болды. Олардан шыққан жазушылар да қарсы болды. "Когда думают сапоги, мозги начинают маршировать" деп Брехт айтқандай олар "мозги маршировать" еткеннен ажал құшты. Ал енді "Біз соғысты көрген жоқпыз"-да өзімнің трагедиямды жазғым келді. Не үшін балалық шағымыз қырылды. Кім үшін?", -  дейді.

Повесть балаларды қиындыққа мойымауға, қаталдық пен мейрімділік шайқасында қашан да мейрімділік жеңетінін үйретеді.

Аталмыш хикаят 2015 жылы ағылшын тілінде Лондонда War and children (Соғыс және балалар) деген атпен жарық көрді.

5. Қасым Қайсенов – "Жау тылындағы бала"

"Жау тылындағы бала" повесті 1961 жылы жазылған. Бұл шығармада жау тылындағы партизан балалардың дұшпандармен күресі, басты кейіпкердің ауылда өткен балалыұ шағы шебер тілмен баяндалады.

10 жасар Серік шешесіне еріп жазғы демалыста Украинаға келеді. Бірақ кенеттен соғыс басталып кетеді. Бұлар мінген эшолонды жау ұшағы бомбалап, нәтижесінде Серіктің анасы – Жамал қаза табады. Аман қалған Серік партизандар бөлімшесіне қосылады. Шығарма соңында майор Жомарт ұлы Серікпен аман-есен қауышады.

А. Оралқызы