Кәкімжан Қазыбаев. Қошқарбаевтің взводы #3

Кәкімжан Қазыбаев. Қошқарбаевтің взводы #3
Фото: yvision.kz

Совет әскерлері шабуылдай отырып, күшті екі соққы берді. Біріншісін – 24 февральде, 2-інші Белорус майданының күштері Линде аймағынан Кеслинге қарай, екіншісін – 1 мартта ІІІ Белорус майданының күштері Штаргарттың оңтүстік шығыс жақ аймағынан Кольбергке (Колобжегке) қарай берді. Біздің армияларымыз Шығыс Поме­рания тобын екіге бөліп тастап, Балтық теңізінің жағалауына шықты.

(Ұлы Отан соғысы тарихынан)

 ***

Цыцау деревнясы. Теңіздің жағасында. Бұйра толқын соғыс алаңындай тулап жатыр. Бекініп алған матростар. Үш күн болды, маңайлатпайды. Жері де төбелі-жоталы. Қорғанысқа қолайлы-ақ. 674-полктың бірінші батальонының алдында осы деревняны алу міндеті қойылды. Өздері бұған дейін көрмеген әскер түрімен – теңізшілермен шайқасуға тура келді. Бәрі жап-жас, алып денелі, беттері үйткен шошқаның етіндей қып-қызыл немістер. Осы арада өздерінің құрбандыққа қалғанын білетін секілді. Қимылдары солай, бәрібір өлім.

Твердохлеб үш ротаны үш жақтан – шығыстан, түстіктен, батыстан салды. Солтүстік – теңіз. Жаннан безгендер шын мәнінде қоршауда. Батальонда артиллерия батареясы бар. Командирі – ка­питан Рамоновский. Негізгі бекініс пунктерін атуға бұйрық берді. Артиллериялық атыстан кейін үш рота үш жақтан қысты. Батыстағы, шығыстағы бірінші, екінші ротаны жалжытпай қойды. Азды-көпті ілгері басқан 3-рота. Батраковтың ротасы. Комбат Твердохлеб та осы ротамен бірге. Бұл ротаны ілгері жылжыта беру керек. Қоршауда тұрған дұшпанды бұлай бөлу өте тиімді. Комбаттың ендігі ойы осылай. Ол Батраковқа алдыға Қошқарбаевтың взводын салуды тапсырды.

Қас қарая екінші взвод деревняның шетіндегі тас дуалға ілікті. Дуалдың биіктігі 3-метрдей.

Ең қауіптісі түн. Сақ болу керек. Офицерлерден кезекші қою керек. Твердохлеб Қошқарбаевты кезекшілікке қойды.

– Бүгінгі күннен өліп шығуымыз да, аман шығуымыз да сенің қолыңда. Жау қайткенде де бізді бұл арадан ығыстыруға тырысады. Шегінсек, қайта кіру керек.

Түні бойы дүркін-дүркін шабуыл жасауға келесілді. Жаудың мазасын ала беру керек. Алдынан да, артынан да қысқан соң қайтер екен «батырың!» Бұл арада тағы да бір үлкен қауіп бар. Ар жағындағы өз әскерімізді атып алмау. Сондықтан қимыл мейлінше дәл, мейлінше есеппен жүргізілуі керек. Созалаң атыстан гөрі қоян-қолтық айқас тиімді. Өйткені біздің әскер әйтеуір жеңетініне сенімді. Ал немістердікі жан сақтау. Бірақ мұндай кезде адам еш нәрседен тайынбайды. Төніп тұрған өлімнің ашындыруы, аярлыққа салуы заңды. Осының бәрін Твердохлеб салмақтап, саралады. Соғыс құрбандықсыз болмайды. Бірақ оның да шегі бар.

Рахымжанға шабуыл кезінде осыны ескер деген. Албырт жастықтың көзжұмбайынан сақтандырған. Адам тағдырымен ойнауға болмайды. Біз өмір сүру үшін соғысып жүрміз. Кім өлу үшін соғысады? Соғыс жұмбағының қиындығы да сонда. Ол бір айнаның екі беті сияқты. Бір жағы – қырғын, өлім. Екінші жағы – өмір үшін, тіршілік үшін күрес.

Гончаровтың бөлімшесі он екі немісті айдап келді. Тұтқындарды взвод командирі Қошқарбаевтың өзі қабылдады.

– Қаншасыңдар, неге берілмейсіңдер?

– Хайл Гитлер!

Хормен айтады, бұдан басқа жауап жоқ. Фашистерді тағы қысты. Мелшиіп тұр, міз бақпайды.

– Теңізшілерге бұл арада не бар? Қайдан келдіңдер?

– Хайл Гитлер!

Сыр ете түскен автомат даусы ғана естілді. Оның не істегенін түн жасырды. Ертеңінде жұрт дуалдың жанында теңкиіп-теңкиіп жатқан «хаилшілерді» керді. Мұнысы жөнінде Рахымжан комбатқа өзі айтты. Твердохлеб жымиып күлді де:

– Жауды аяған жаралы демей ме? Жаннан безгендерге сол керек, – деді.

Таң ата екі рота сырттан, бір рота іштен шабуылға көтерілді. Қарсылық қатты. Мұндай қоршауда әдетте берілгеннен басқа амал болмайды. Бірақ қаруын тастап, қолын көтерген біреу жоқ, жанталаса шайқасуда. Жаннан безгендер десе, жаннан безгендер екен. Бәрі қырылды. Батальон бөлімшелері бір-бірімен тоғысты.

Тек он шақты неміс қорғаннан қарғып, суда тұрған катермен теңізге кетпек болды. Оларға артиллерияның оғы жалынды. Үш орудиенің үлесіне қашқындар мінген үш катер тиді. Дөп тиген оқтан кейін үш катер жанып, су түбіне кете барды. Асау толқын ызалана, айбаттана жұтып қойды.

Бұл бекіністі алуда қаза болғандарды комбат жинап, бір жерге жерлетті. Азалы жиын ұзақ болған жоқ. Мынау теңіз жағасындағы биік дуал осыларға қойылған ескерткіштей. Рахымжанның взводынан қаза болғаны – 7 адам. Жігіттердің бірі тас дуалға: «Жаудың бұл шетін теңізге әкеп тіредік. Сендердің кектеріңді енді Берлинде аламыз. Бақыл болыңдар!» – деп жазды.

Артиллерия теңізге қарай үш дүркін оқ атты. Батальон жорық қамына қайта кірісті. Келесі күннің түнінде Витшвинзе көлінің солтүстік батыс бетіндегі қырғын шайқасқа кірісіп кетті. Командованиенің барлаушылар арқылы жаудың бекіністері, атыс ұялары жөнінде дәл дерек алуы аса мәнді болды. Екі сағат бойы зіркілдеген зеңбіректер мен «Катюшалар» дұшпанның үш қатарлы бекінісінің күл-талқанын шығарды. Самолеттер де жақсылап шүйлігіп берді дейсің.

Бұл жердегі жау күші шынында Совет әскерлерінен екі есе артық еді. Бірақ 150-інші дивизияның тұтқиылдан жасаған шабуылы өзінің тиісті нәтижесін беріп, жеңіске жеткізді.

Осы шайқастан кейін дивизия командирінің 674-інші полкке келуі тегін емес-ті. Ол Шнайдемюль қаласы мен Вотшфинзе маңындағы ұрыстарда ерлік көрсеткен офицерлер мен солдаттарға СССР Жоғарғы Советі Президиумының атынан наградалар тапсырды. Батальон командирі Твердохлеб Қызыл Ту орденін, рота командирі Батраков, Атаев, взвод командирі Қошқарбаев ІІІ дәрежелі Отан соғысы орденін алды. Ал Зотов, Исажанов, Мұсылманқұлов, Рысымбетов сынды қаһармандар өз наградаларын көре алмай кетті.

Ең қуаныштысы осы Витшвинзе көлінің маңындағы жеңісі үшін 150-інші дивизия ІІІ дәрежелі Кутузов орденімен наградталды. Бұл дивизия тарихына қосылған тағы бір жарқын бет еді.

Әрбір әскер құрамында осы оқиғаға байланысты салтанатты митингілер өтіп жатты.

 

* * *

150-інші дивизия түстікке қарай бет бұрды. Европаның орманы. Ойдым-ойдым тоғай. Талайға пана болған, талайға тажал болған тоғай. Әр бөлімшенің ұстаған бағыты бар. Енді жүріс жылдамдады. Ірі бекініс жоқ. Дегенмен де барлық жерді сүзіп, барлық тоғайды түгендеп келеді. Күні бұрын картадан көрсетіліп, әр батальонның еншісіне бөлінген тоғай бар.

Міне, мынау тоғай қонақжай болмай шықты. Бірінші батальонның алдынан сатырлап оқ атылды. Пулеметтің де, мылтықтың да үні шығады, граната жарылды. Батальон дереу жауынгерлік жасаққа енді. Солдаттар жата-жата қалысты, тоғайға сіңіп кетті.

Оқ ортадағы алаңқайдан атылып жатыр. Мынау бұрын-соңды көрмеген бекініс. Блиндаж жоқ, окоп жоқ. Үсті березентпен жабылған арбалардан қоршау жасалыпты. Екі арада әжептәуір атыс боп қалды.

Солдаттар өз көздеріне өздері сенбейді. Бір-біріне, командирлеріне қарайды. Оқ атып жатқанның бәрі қатын. Көйлектері шұбатылып жүр. Жылаған балалардың даусы естіледі. Бірақ қарсылығы, мылтық атуы мықты. Батальондағылар Гитлерге адал берілген қатындар екен деп күлісті. Бірақ мына арбалары не? Соғысқа келсе, арбамен неге жүр? Сасқанынан қарсылық көрсеткендер дейін десе, әртүрлі қаруы бар, әзірлігі де әжептәуір секілді. Өздері және көп-ақ. Бас-аяғы бір километрге созылып жатыр. Артиллерияға сөз берсе, көзді ашып-жұмғанша aпa-сапа қылар еді. Балаларды аяйды.

Өздері ашық алаңда, оқ аузында тұрғандар тырбанғанмен, түк бітіре алған жоқ. Жасақты қол жан-жағынан шықты да, бүріп жіберді, қырылып кетуден қорыққан қатындар тізе бүгуге мәжбүр болды. Екінші взводтың солдаттары талайын қарусыздандырып үлгерді.

– Жолдас комбат, мыналардың мұрты бар!

Рахымжан өңкиген біреуінің көкпеңбек иегін көрді. Қасына жетіп келіп «шешін» деді. Кәдімгі ұзынтұра, сопиған еркек болып шықты әлгі.

Міне, қызық. Қоршауда қалған қолды шетінен шешіндірді. Үштен екі бөлігі еркек болып шықты. Тоғай ішінде күтпеген жерден қойылған мына спектакль солдаттардың, офицерлердің ішек-сілесін қатырды. Тұтқындар сөлбірейіп сапта тұр.

...Бұлар кезінде ту деген түкірігі жерге түспей, күшпен ұстаған елдердің қалаларын, селоларын билеп-төстеген немістің шонжарлары екен. Енді өз бастарына күн туды. Байтал түгіл, бас қайғы. Қолынан келгені бала-шағасын алып, келмегені сопа басын қорғап қашып шығыпты. Ойларынша неміс шекарасына жеткен соң аман қалмақ екен.

Не істеу керек? Жан тәтті. Табылған айла болған – әйелше киінген.

«Сасқан үйрек артымен сүңгиді». Әлемді аузына қаратпақ болған неміс басқыншыларының мына күйкі тіршілігі күлкіні келтірмей қоймады. Осы таяуда ғана бір тоғайда самбырлаған неміс радиосын жұрттың естігені бар-ды. «Совет әскері неміс жерін баса алмайды. Соққы жейтін күні алда. Қандай қаруың болса да бұза алмайтын қамал бар. Немістер! Еңселерің төмен түспесін, бұл уақытша шегініс» деп соққан болатын. Онымен де қоймай, листовкалар тастап кеткен-ді. Ол листовкаларда совет солдатын қолға түсуге үгіттейді. Листовканың бір жағы қолға түскен кезде көрсететін «про­пуск».

– Осыны көрсетсеңдер, бөгетсіз өтесіңдер, – дейді.

Әрине, бұл құр далбаса еді. Арасы жер мен көктей екі көрініс. Бірінде – Геббельстің өрекпі өтірік насихаты, бірінде – міне, со­ғыс ақиқаты. Амалы таусылғаннан арбаны бекініс қылған, әйел боп аман қалмақ болған күйкі тіршілік.

Осы ақиқат ой салды, осы ақиқат жеңіске деген үміт отын өршіте түсті. Осынау жаман тоғайдың ашық алаңында әр солдат соғыс философиясын ұқты. Тынымсыз жорықтарының жақсы жоралғысын көрді.

Қырып кетсе болар еді. Бұлар да аяған жоқ еді ғой. Украинаның, Белоруссияның, Молдавияның қанға бөккен далалары, төрт жыл бойы қираған қала, төгілген қан осылардың мойнында емес пе? «Өмірлік кеңістікті» кеңейту жөніндегі зұлымдық жоспарды құтырына қолдағандардың ішінде бұлар да бар шығар-ау. Әйтпесе бөтен елде несі бар? Варшаваға, басқа қалаларға не іздеп барады? Мына бүкіл Европа бұлардың қанды тырнағынан не көрмеді?

Оң жақтан санағанда екінші тұрған Рақымжан Қошқарбаев

Рахымжан оңаша отырып қапты. Шаршап жүрген солдаттардың көбі қор етіп ұйқыға кеткен. Тынықсын. Күзет бар. Елі, кең жазира даласы түсті есіне. Артында қалған жалғыз Рахымды да долы табиғаттың аузына тыққан, боранға жемтік қылған осы со­ғыс. Соғыс болмаса, аман болар ма еді? Ауылдағы барлық ауыр хал де осы иттердің ылаңынан болған жоқ па. Мұхиттай арнасынан асқан мұң, төгілген қан, төрт жыл бойғы еңсені басқан зіл кімнің мойнында? Кек боп қатқан жесірдің зарын, жетімнің мұңын кімнен алады?

...Он жасар неміс баласы совет солдаттарынан көз алмайды. Арбада келеді. Қасына барса, шыр ете түседі. Бұғынады, тығылады. Миына «Совет солдаты атады, шабады» деп құйып тастаса керек. Оқ апатын мана көзімен көрді. Соғыс сыры оған әлі бимәлім. Кімнің пиғылы қандай болғанын қайдан білсін. Өскесін түсінер. Осылардың түсінуі үшін ғана атпау керек деген ой кес-кестей береді. Оның үстіне, дивизияға түгел аман апар деген тапсырма бар.

жалғасы бар...

Т. Раушанұлы