Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Экс-бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Проза / Әлібек БАЙБОЛ. Тұрмыс парадокстары

Әлібек БАЙБОЛ. Тұрмыс парадокстары

Әлібек БАЙБОЛ. Тұрмыс парадокстары

Жазушы-драматург, сыншы, аудармашы, әдебиеттанушы әрі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Филология және көптілді білім беру институтының II курс докторанты Әлібек БАЙБОЛ «Тұрмыс парадокстары» атты әңгімелер циклын бастапты. «Тұрмыс парадокстары», бұл – қазақ қоғамына жаңаша призмамен қарау, бұл – сезімдер тарихы, бұл – біз көрген, біз сезінген Уақыт.

КӨК КӨЛІК
(Тұрмыс парадокстары №1)

Жан Сөзін естідің бе Жүрегім?!
Автордан.

«Сапарларыңыз сәтті болсын!».

Айлы түн. Кеңістік және жол... Жол және кеңістік... Суықтан бүрсең қағып, қалш-қалш, қалш-қалш, қалш-қалш етіп Автор тұр. Құдайсыз тұрғындар тұрғызған, сол жағына қарай мыжырая барып қисайған аялдама алдына Көк көлік кеп тоқтады да, біразға шейін тұрды. Іші – толған адам, сапырылысқан жұрт. Сонау-у-у-у алыстан, қоп-қою тұман ішінен шойнаң-шойнаң етіп арқасы – бүкір, оң әлде сол көзінде ағы бар, екі аяғын иығынан салбырата тастап, арқалап келе жатқан бағы бар ақсақал келді, бұл – сол Көк көлікке үлгеріп мінген соңғы жолаушы-тұғын. Басында – дулыға, мойнында – тоқпақтай галстук, үстінде – тоз-тозы шыққан шапан, аяғында – қанқызыл туфли, бұтында – құйрығы жыртық-жамау, бір жағы – қара, бір жағы – ақ джинсы киген ол төрге озды. Орнынан ойлана, ыңырана қозғалған Көк көлік төмен қарай құлдилады.
«Сапарларыңыз сәтті болсын!».
– Өз ішімдегі адамды өлтіріп алдым! – деп күбірледі, ақсақал.
Оған бірі – мүсіркей, бірі – жақтырмай, бірі – күле қарады. Мұны Автор да аяған жоқ, тілін шығарып мазақтап, көзін алайтып, маймылша маймиғаны. Күлімсі-қолаңсаның иісінен жиіркенгендер – тұмсық-танауын жауып әуре. Ғж-ғж, ғж-ғж, ғж-ғж... Радиодағы диктор сарнай жөнелді де, бір мезетте өлеңге кезек берді, орнаған ғажап атмосфераны ара-тұра глушитель гүрілі ғана бұзып тұрды: «*ағылған автобустар / қораптар / секілді / бәрінде ұқсас / тағдыр / кондуктор / мені / жұмысқа апармай / қаланың жүрегінде / қалдыр / орталық даңғылдың бойына / асыққан адамдар арасы / мақсатсыз мен ғана...». Көк көлік кезекті бір аялдамаға тоқтағанда ішке маңдайында көзі бар сыған қатын сызыла кірді де, жүресінен отырған қалпы қулхуалладан жіберді.
– Құдай деген не?
– Кім деп айт!
– Әке!
– Ау?
– Құдай деген Кім?
– Білмеймін балам, білмеймін.
Қатын күс-күс қолын дамбалына бір сүртіп ап, алақан жайып еді, бәрі ұйықтап кетіпті. Сұғанақ қол нақты есімде жоқ, әйтеуір қаз-қатар орналасқан алты немесе жеті кісінің қалтасын ақтарғанымен миллион доллардан өзге түк таппады. Негізі, бақыт пен береке іздеп еді ғой, бұл. Ғарыштан қуат алып, ерекше әсерленген әйел көзін тас қып жұмып, жыр оқыды: «**Уақыт және Кеңістік... / Кеңістікте ерегестік-керістік! / Біз секілді миллиард дене, мың дене / Кеңістіктен іздеп әлек бірдеңе! / Қайғы да емес, іздейтіні мұң деме / Махаббатқа ұқсайтын сол бірдеңе / Табылмаған, жоғалмаған бұл неге? / Атағым кеп тұрса соның шын атын / Тілім де осы қалады екен күрмеле! / Әй, Бірдеңе!..». «Әй, Бірдеңе!», «Әй, Бірдеңе!», «Әй, Бірдеңе!». Ақырғы сөз жыланша созыла-ирелеңдеп барып, сүріне-қабына жаңғырықтың қап-қара жалына барып жармасты. Халық жаман түстен шошып оянғандай селк етіп жан-жағына сезіктене қарады-дағы, қайта қалың ұйқының жып-жылы құшағына енді дейсің, хпш-пс, хпш-пс, хпш-пс. Алайда, сығанның есікті ашып, секіріп кеткенін бұрышта шылым шегіп тұрған Автор ғана аңғарып қалды-ау, сірә. Өлі ме, тірі ме, білмейміз, білмейміз Біз Оны...
«Сапарларыңыз сәтті болсын!».
Орта тұстан:
– Мен – Әлиханмын! Мен – Әлиханмын! Мен – Әлиханмын! – деген еңселі еркектің зор даусы ап-анық естілді.
– Әлихан көп қой, қайсысы? – деді әлгі төрдегі ақсақал галстугын түзеп.
– Бөкейхан!
Осы сөздің айтылуы мұң екен, келесі аялдамадан «Оңай» картасын тексеруге кірген қызметкер Әлекеңнің шүйдесіне сұп-суық тапаншасын тақаған күйі Көк көліктен түсіріп тастамақшы еді, ол әбжіл қимылмен әлгі қаруды қағып жіберді... Тарс... Есік жабылды...
– Біз қайда бет алдық? – деді ақсақал, шопырға.
– Мәңгілікке! Шексіздікке!
Көк көлікті сопы жүргізіп келеді. Бір кезде «темір тұлпар» жылдамдығын үдетті, кеп. Абыржыған алты адам тізгінге таласа бастады. Бірін-бірі таптап, жаншып барады, жұдырық та жұмсалды, іске таяқ-дубина да араласты. Әуеге ілінген айғай-шу шіруі жеткен жіпше бырт-бырт үзіліп, қазір атом бомбысы ұқсап жерге гүрс ете түсетін секілді. Алакөлеңкеден ештеңе жөнді көрінбейді екен, тек қараң-құраң еткен бірдеңе. Автор бұл уақиғаға араласқан жоқ, шындығында араласуға құлықсыз-тын. Қақ осы тұста Көк көлік қап-қара тасқа барып соғылды. Терезе күл-талқан боп шағылғанда сопы алдында үш таңдау тұрған-ды: біріншісі – Көкке ұшып кету, екіншісі – кеңістікке сіңу, үшіншісі – қашу, бірақ ол төртіншісін қанағат тұтты. Көк көліктің төрінде ойлы қалпынан танбай ақсақал ғана отырды, ал қалғаны... Радиодағы диктор даусы үзіліп-үзіліп әрі құмығып шықты, даусында қобалжу, қорқыныш, діріл және ... бар: «Бәріңізді... Тәуелсіздік күнімен... шын жүректен құттықтай келе... мына өлеңді... оқып беруге... оқып беруге рұқсат етіңіздер. «***Алақанымнан аққан көлеңке / Жүзімді жасырғанда / Уақыттан үзіліп / Аспанға мағынасыз телмірдім / Мен солай / Бала күнгі сынған айнаға шағылысқан / жарқылдың / Жалт-жұлт еткен әнтек / Естеліктерін ғана есіме түсірдім...».
«Сапарларыңыз сәтті болсын!».
 
*Өлеңнің иесі – Айжарық (үзінді).
**Өлеңнің иесі – Айнұр ТӨЛЕУ (үзінді).
*** Өлеңнің иесі – Тілек ЫРЫСБЕК (үзінді).
 
КҮБІР-СЫБЫР
(Тұрмыс парадокстары №2)
 


Мұны Мен жазған жоқпын, Жаным жазды.
Автордан.


Әр жаратылыс иесінің өз күбір-сыбыры болады. Жаратылыстан тым-тым биік тұрған Жаратушының да өз күбір-сыбыры болады...
Пайғамбарлардың да өз күбір-сыбыры болады, Сахабалардың өз да күбір-сыбыры болады, Ібілістің де өз күбір-сыбыры болады, Әулие-әнбиелердің де өз күбір-сыбыры болады, Періштелердің де өз күбір-сыбыры болады, Перілердің де өз күбір-сыбыры болады, Хандардың де өз күбір-сыбыры болады, Би-шешендердің де өз күбір-сыбыры болады, Батыр-баһадүрлердің де өз күбір-сыбыры болады, Құстардың да өз күбір-сыбыры болады, Балықтардың да өз күбір-сыбыры болады, Аңдардың да өз күбір-сыбыры болады, Жан-жануарлардың да өз күбір-сыбыры болады, Өзге ғаламшарлықтардың да өз күбір-сыбыры болады, Адамдардың да өз күбір-сыбыры болады және бухгалтерлердің де өз күбір-сыбыры болады, миллионерлердің де өз күбір-сыбыры болады, миллиардерлердің де өз күбір-сыбыры болады. Сол күбір-сыбыр бір-біріне мүлде ұқсамайды. Мүлде... Ерекше. Хордағы әр солистың өз күбір-сыбыры болады. Сезім қылын шертетін күбір-сыбыр болады, әрине. Алайда, ондайлар аз. Өте аз.
Әр күбір-сыбырда мән бар...
– Көп дәрі іше алмаймын.
– Неге?
– Асқазаным ауырады. Изжога!
Әр күбір-сыбырда мән бар...
– Ей, құрт қайда?
– Жеп қойдым. Кешір...
– Өкінішті-ақ!
Әр күбір-сыбырда мән бар...
– Сәлеметсіз бе?
– Сау болыңыз!
– Сәлеметсіз бе? Картадағы қолжетімді қалдық туралы ақпарат алу үшін 3-ті басыңыз. Пинкод алу үшін 4-ті басыңыз. «Каспий» терминалдары, банкоматтары мен бөлімшелерінің мекен-жайы туралы ақпарат алу үшін 5-ті басыңыз. Валюта бағамы туралы ақпарат алу үшін 6-ны басыңыз...
– Рақмет, Саған!
Әр күбір-сыбырда мән бар...
– ...
– Жарнама ма?
– Иә!
– «Биполакстың» қабынуға қарсы әсері бар»...
– «Қазақстан көркейіп жатыр...».
– «Жапониядағы тайфунның салдарынан...».
– «Владимир Владимирович Путин ресми сапармен Германияға барды...».
– «Дональд Трамп...».
– Телевизорды өшіре сал.
Әр күбір-сыбырда мән бар...
 
ТОЙҒА ДЕЙІН НЕМЕСЕ ТОЙДАН КЕЙІН НЕМЕСЕ КӨЛЕҢКЕМЕН СҰҚБАТ НЕМЕСЕ...
(Тұрмыс парадокстары №3)
 
– Армысыздар ма, әлеумет! Ассалаумағалейкүм, Алаш жұрты! Той тойға ұлассын! Той дегенде қу бас домалайды емес пе?! «Көп – тілегі көл» деген. Айтылған дұға-тілектер қабыл болғай! Тағы не айтсақ болады?..
– Той деген – салтанаттың маска киетін сәті. Той деген – салтанаттың маска шешетін сәті, – деп сыбырлады, Біреу. Әлгі Біреудің атын ешкім білмейді.
– Тыныш!
Той ғажап өтті... Той ғаламат өтті... Той керемет өтті...
– Арақ іш!
– Ішпеймін.
– Тағы да іш деймін, тағы да іш...
– Ішпеймін...
– Арақтан атаң өлген, білесің бе?.. тағы да іш...
– Дәп қазіргі сезінген Сезімімді таптама... аяқасты етпе...
– Ой, сенің Сізіміңді бар ғо-о-о-о-о...
Той ғажап өтті... Той ғаламат өтті... Той керемет өтті...
– Ассалаумағалейкүм, Көлеңке!
– Салам!
– Өзімді кінәлі... күнәлі сезініп тұрмын.
– Нормально!
– Мен – жаман адаммын.
– Бывает!
– Мен – нашар адаммын!
– Хороший...
– Адаммын ба, Мен, осы?
– Человек!
 
THE END
(Тұрмыс парадокстары №4)
 
Әңгімемді «Құранды»
орыс тіліне тәржімалаған
аудармашы-синхронист
Валерия (Иман) Михайлқызы
Пороховаға арнаймын.
Жатқан жері жайлы болсын,
Анамыздың! Әумин!
 
– Кеттің бе?
– Кеттім!
– Келемін деші.
– Енді, келмеймін.
– Келемін деші, Құдай үшін.
– Келмеймін... Құдай үшін...
– Мен Сені сағынамын ғой.
– Мен келмеймін. Имандай шыным.
– Мен Сені қатты-қатты сағынамын ғой.
– Қатты-қатты ма?
– Иә!
– Сонда да келмеймін.
– Осымен бәрі бітті ме?
– Бітті... бәрі...
– Бәрі-бәрі?
– Бәрі... бәрі...
ОЛ келген жоқ. ОНЫ бәрі күтті. Келген жоқ. Келе алмады. Келуге мүмкіндігі болмады.
– Кеттің бе?
– Кеттім!
– Келемін деші.
– Енді, келмеймін.
– Келемін деші, Құдай үшін.
– Келмеймін... Құдай үшін...
– Мен Сені сағынамын ғой.
– Мен келмеймін. Имандай шыным.
– Мен Сені қатты-қатты сағынамын ғой.
– Қатты-қатты ма?
– Иә!
– Сонда да келмеймін.
– Осымен бәрі бітті ме?
– Бітті... бәрі...
– Бәрі-бәрі?
– Бәрі... бәрі...
Айдың көзінен жас шықты. Жылады. Жылады. Сұрады. Құдайдан. Тәңірден. Жоғарғы Санадан. Жаратушыдан. Жаратушыдан сұрады, ОЛ. Жаратушы жауап қатты:
– Келмейді. Күтпеңдер!
– Келсінші!
– Ж-о-о-о-о-о-о-о-о-о-о-о-о-о-о-о-о-о-о-о-о-о-о-о-о-о-о-о-о-о-о-о-о-о-қ.
– Келсінші! Келсінші, Құдай!
– Тізеңді құшақтама!!!
 
ТӘП-ТӘТТІ ДЕПУТАТ
(Тұрмыс парадокстары №5)
 
Бұл Депутатты өңге Жанмен шатастыру мүмкін емес еді.
Өзі сондай тәп-тәтті... өзі сондай... мармелад секілді...
Бір күні Депутат әлдебіреу жазып берген баяндаманы [баяндамасын] оқып тұрып осырып қойды... мәдениеттірек айтсақ, жел шығарды. «Жаны бардың – желі бар». Содан соң, бәрінен кешірім сұрады. Әуелі, Алладан сұрады... кешірім.
Бір күні тағы да осырып... қойды... жел шы...
Тағы да...
Тағы да...
Тағы да...
Бір күні Әзірейіл суырып алды, Жанын.
Жақсы кісі еді, марқұм!..
*Тұман басты Алтайды,
Қарт Хазарға кеш кірді,
Жер бір күнге қартайды,
Күн бір күнге ескірді.
 
*Өлең жолдарының авторы – Ерлан ЖҮНІС.

0
Рейтинг: +1

Фото: Әлібек Байбол
Қосылған күні: 14 қазан, 10:13

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.