"Отаным, саған айтамын" байқауының жеңімпаздары анықталды

Жас қаламгерлерге арналған "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды massaget.kz  порталы. 

2019 жылғы Жастар жылына орай Massaget.kz порталы ERG компаниясының қолдауымен жас таланттарды жарыққа шығару, шығармашылығын қолдау мақсатында 15-29 жас аралығындағы жас қаламгерлер арасында "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын.  

Байқау мақсаты – егемен елдің ертеңі саналатын жастар арасындағы отан түсінігін қалыптастыру, патриоттық сезімін оятып, құлашын кеңге жайған бүгінгі тәуелсіз еліміздің жетістіктерін баяндау, насихаттау, жас қаламгерлерді қолдау және шығармашылығын дамыту. 

Қазылар алқасының шешімімен Отан тақырыбындағы үздік проза (эссе, әңгіме) бойынша І орынға (300 000 тг) жас жазушы Досхан Жылқыбайдың "Бокетто" әңгімесі лайық деп табылды. ІІ орынды (150 000 тг) Бану Абилсейиткызының "Тоска с запахом полыни" шығармасы иеленді. ІІІ орын (100 000 тг): "Ауылдан адам кетсе де, адамнан ауыл кетпейді…"  эссесі үшін Сағатбек Ернұрға бұйырды.

Сондай-ақ, Alash Media Group ұсынған арнайы сыйлықты Асылан Тілеген ("Қазақстан" шоколады) иеленді. Massaget порталы ұсынған арнайы сыйлықтарға Бабжанова Бакыт ("Край моего детства"), Айжан Мута ("Сұлтанды жылатқан жусан") және Жалел Бауыржан ("Шежірелі аса көркем, Ақшатауым туған өлкем!") лайық деп танылды. 

Айта кетейік, қатысушылардың эсселері baikaumassaget@gmail.com поштасына 2019 жылдың 24 мамырынан бастап түсе бастады. Байқау барысында 130-дан астам жас жазушы өз жұмыстарын орыс және қазақ тілдерінде жіберді. Іріктеуден өткен 70-тен аса шығарма Massaget.kz және Tengrinews.kz порталдарында жарияланды және Жұлдыз FM мен Tengri FM эфирінде оқылды. 

Жарияланған шығармаларды Отаным cаған айтамын хэштегі арқылы оқи аласыздар.