"Отаным, саған айтамын" байқауына шығармалар қабылдау аяқталды

"Отаным, саған айтамын" байқауына шығармалар қабылдау аяқталды
Фото: Yernar Almabek

Жас қаламгерлерге арналған "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауына шығармалар қабылдау аяқталды, деп хабарлайды massaget.kz  порталы. 

2019 жылғы Жастар жылына орай Massaget.kz порталы ERG компаниясының қолдауымен жас таланттарды жарыққа шығару, шығармашылығын қолдау мақсатында 15-29 жас аралығындағы жас қаламгерлер арасында "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. 

Байқау мақсаты – егемен елдің ертеңі саналатын жастар арасындағы отан түсінігін қалыптастыру, патриоттық сезімін оятып, құлашын кеңге жайған бүгінгі тәуелсіз еліміздің жетістіктерін баяндау, насихаттау, жас қаламгерлерді қолдау және шығармашылығын дамыту. 

Қатысушылардың эсселері baikaumassaget@gmail.com поштасына 2019 жылдың 24 мамырынан бастап түсе бастады. Осы уақытқа дейін 100-ден астам жас жазушылар өз жұмыстарын орыс және қазақ тілдерінде жіберіп үлгерді. Іріктеуден өткен 100-ге жуық шығармалар Massaget.kz және Tengrinews.kz порталдарында жарияланды және Жұлдыз FM мен Tengri FM эфирінде оқылды. 

Барлық жарияланған шығармаларды #Отаным_саған_айтамын хэштегі арқылы оқи аласыздар. 

Отан тақырыбындағы үздік проза (эссе, әңгіме) бойынша төмендегідей жүлделер тағайындалған:
1-орын 300 000 теңге;
2-орын 150 000 теңге;
3-орын 100 000 теңге. 

Шілде айының 25 жұлдызында әділқазылар алқасының тексеруімен жүзден жүйрік шыққан байқау жеңімпаздары анықталады.

Т. Раушанұлы