Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Проза / Айжан Мута. "Сұлтанды жылатқан жусан"

Айжан Мута. "Сұлтанды жылатқан жусан"

Айжан Мута.

Ел ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Айжан Мутаның шығармасын ұсынамыз.

Айжан Мута – 1994 жылы Жамбыл облысы, Жаңатас қаласында дүниеге келген. "Техникалық физика" мамандығы бойынша Қ.Сатпаев атындагы ҚазҰТУ-дің түлегі. 

Алматы. Көктөбенің басы. Қолымдағы шынаяқта ыстық кофе. Қаланың әр қыры қарға жаңа түскен іздей анық көрінеді. Самал жел. Жаңбыр жаңа ғана шайып, жылтыратып қойған даңғылдар. Биік ғимараттар. Әдемі үйлер. Тыным таппайтын халық. Зуылдаған көліктер. Әлемдегі ең әсем қала осы болар... 

Бірақ ойда басқа қала, басқа ел. Дәп қазір Алматының жауын шайған таза даңғылдарын, шаңы шыққан жолдарға, әсем де әдемі ғимараттарды алпысыншы жылдары салынған «хрущевкалар» мен ауыл үйлеріне, самал желді ерінді кезертіп, ыстық лебімен жарып жіберетін қапырық пен ашулы желге, зуылдаған көліктерді үнсіздікке айырбастай салар едім. Оп-оңай. Бір сәтте. Өйткені менің кіші Отаным сондай мекен. 

Мен атамның қызымын. Марқұм атамның. Бала кезімде атам мені жанынан тастамайтын. Оның көлеңкесі болдым. Тауға барса тауға, бауға барса бауға еріте кететін. Атаммен бірге кейде жайылымнан қайтқан малдың алдынан шығатынбыз. Бірде атам маған ерекше әңгіме қозғады. 
– Қызым мына шөптің атын білесің бе? 
– Тікенек пе? 
– Жоқ, жусан. 
– А-а. 
– Сол жусанды алтын тақтан артық көрген сұлтан болған. 
– Шөпті тағынан артық көрген бе? Ақымақ екен! 
– Жоқ ботам. Ол данышпан. 
– Неге? 
– Айтып берейін. 

Мал жайылымнан келгенше уақыт бар екен. Баяғыда, әділдік салтанат құрып, күш әлемді билеген заманда Бейбарыс деген сұлтан болған. Өз жерінен қолына кісен, аяғына тұсау салынып құл болып, өзге аймаққа сатылып кетіпті. Әлгі Бейбарыс Тәңірдің қолдауымен құлдықтан сұлтандыққа дейін көтерілген. Бірақ көңілі туған жерді аңсап, құлазудан көз ашпапты. Қыпшақ даласынан келген саудагерлер сұлтанның сағынышын басу үшін туған жердің жусанын ала баратын болыпты. Туған отанына орала алмасын түсінген Бейбарыс пирамиданың басын кестіріп, киіз үй тігіп, туған жері орналасқан Шығысқа қарап отырыпты деседі. Ех, Ұлы бабамыздың сезімін айтсаңшы. Сол заманнан бері қарға тамырлы қазақта өзге елде сұлтан болғанша, өз жеріңде ұлтан бол деген сөз қалыпты. Солай ботақаным. Түсіндің бе? 
– Иә, ата... 

Сырттай бас изесем де, іштей түсінбеппін. 

Жусанның Отан екенін түсіне алмаппын. Туған жердің аспанындағы жұлдыздың да жарық боларын енді ғана ұқтым. Өрем енді жетті. 
Балалық шағым атамның қасында, өңі ескірген Жаңатаста өтті. Шыр етіп жалғанға келгенде, Жаңатастың борпылдақ топырағына кіндік қаным тамыпты. 

Қаратаудың сілемдерінде орналасқан бұл қала кеңестік кезеңде бой көтерген. Үнемі жел соғып тұратын желді мекен. Құйынды мекен. 

Балалығым тоқсанның тоқырауымен тұспа-тұс келді. Экономика нашар, халық қаржысыз қалған қиын заман еді. Кешегі кеңестік дәуірде гүлденіп тұрған қаланың ажары қашып, әжім түсіп, қартайған жандай келбеті солғынданып, көңілге қаяу салды. Өйткені халықтың басым көпшілігі жұмыс іздеп, өзге өңірге кетті. Басқа ұлттар өз отандарына көшті. Осылайша қала құлдырауды басынан бір өткерді. Зәулім үйлер бұзылып, қаңырап қалды. Бірақ соған қарамастан мен бұл қаланы шексіз сүйдім. Сүйемін. 

Балалықтың бал дәурені осы қаланың ыстық күні мен желінде өтті. Атам соғысқа қатысып, етігімен су кешкен адам. Атамыз бұл қаланың салынуын, өрлеуін, құлдырауын көрген жан. Қала жайлы қызықты оқиғаларын біз бала күнімізде ерекше қызыға тыңдайтынбыз. Атамыз суреттеген сәтте бейне бір фильм көргендей әсер алып, сол кезеңге уақыт машинасымен түскендей күйге бөленетінбіз. 

Уақыт өтті. Бой жеткен болдым. Мектеп бітіруге асықтым. Оқу бітірген соң, «осы қалада бір күн тұрмаймын, ыстығы мен желі, қапырық ауасы жалықтырды» деп бұлқан-талқан болатынмын. Мектеп бітірдім. Соңғы қоңырау. Ақ бантик. 

2011 жыл. Жаңатас-Алматы тас жолы. Автобус. Жаңа қалаға сапар. Жаңа өмірге қадам. Сол сәтте, сол автобус ішінде, бөтен қалаға бой алған уақытта, бұрын кеткім келген қаланы қатты сағындым. Алматыға жетпей жатып, атам өскен белдерді, әжем бұрым өрген өлкені, анам қарма пісірген қара шаңырақты сағындым. Балалық шақта "кеткім келеді" деген ойдан ұялдым, қысылдым. Автобустың терезесінен кезек-кезек бағаналар өтіп жатыр. Арасында ауылдар кездесіп қояды. Қыр басында меңірейген мазарлар тұр. Екі облыстың арасы неткен алыс, бейне бір екі елдің арасы іспеттес. 

Туған жердің қадірін жолға шығып түсіндім. Іштей: "Ее, көшпенді үшін жердің қадірі қашанда биік. Сұлу жар мен жүйрік атқа бола соғыс ашпаған Ұлы Мөде бабамыз, тақыр жер үшін жау басына тамұқ орнатқаны тарихтан белгілі. Сол дәуірден бастап алпыс екі тамырымызда туған жерге деген құрмет ерекше орынға жайғасқан. Әлмисақтан бері солай болып келеді, һәм солай болып қалады. Мына алып далада, қыран құстың қанаты талып, құланның тұяғы түсіп, еріксіз дамыл алатын шартарапты бізге қалдырған бабаларға осындайда еріксіз бас иесің. Кәрі Құрлық қалың тоң мұздың астында жатқанда, қазақтың бабасы Еуразия даласында өркениеттердің кірпішін қалап, шегесін қаққан. Алтын сауыт киіп, Александрды тоқтата білген сақтар да, дүниені дүр сілкіндіріп, әлемді өз осінен тайдыра жаздаған ғұндар да, басы барды идіріп, тізесі барды бүктірген түркілер де осы қасиетті қазақ даласынан шыққанын ұмытпаңыз. Сонау Мысырда сұлтан болған Әз-заһир Бейбарыс бабамыздың өзі, қазақ даласының бір түп жусанын аңсап, дүниеден баз кешіп, мұңлық сезіммен өткен деседі. Жауладық, соғыстық, қорғадық. Барлығы да атадан балаға мұра болып қалған қасиетті қара топырақ үшін. Біз, қазақ халқы. Отанды құрметтегеніміз сонша, оны ақ сүт берген анамызбен теңестіріп, "Отан Ана" деп атаймыз. Қара терін төгіп, қызыл қанын ағызып, жан беріп, жан алған ата-бабамызды қастерлеп, туған жерді "Атажұрт" деп әлпештейміз. Өйткені бұл жерде расымен анамыз бен атамыздың болмысы бар. Міне, Отан деген біз үшін ол Ана, ол Әке" деген ой түйдім. Алғаш рет. Осылайша Алматыға бет алған сәтте, автобус ішінде туған өлкеге деген сағыныш пен Отанға деген құрмет сезімдері қолұстасып жатты. 

2019 жыл. Алматы. Көктөбе. Ой құшағындағы қыз. Көз алдында туған өлкесінің елесі. Қолындағы ыстық кофе суып қалыпты... 

0
Рейтинг: +0

Фото: Yernar Almabek
Қосылған күні: 18 шілде, 17:11

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.