Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Проза / Жалел Бауыржан. Шежірелі аса көркем, Ақшатауым туған өлкем!

Жалел Бауыржан. Шежірелі аса көркем, Ақшатауым туған өлкем!

Жалел Бауыржан. Шежірелі аса көркем, Ақшатауым туған өлкем!

Елдің ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Жалел Бауыржанның шығармасын ұсынамыз.

Жалел Бауыржан – 1990 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Аякөз ауданы, Ақшатау ауылында дүниеге келген. Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық университетінің түлегі. Қазіргі таңда аталған университеттің Аспап жасау (Робототехника) мамандығының PhD докторантурасында білімімін шыңдауда.

***

Отан үшін отқа түс, күймейсің 
Б.Момышұлы. 

Биылғы жыл еліміз үшін де, менің жеке басым үшін де тосын жаңалықтарға толы болып, жаңа бағытқа бетбұрыс пен маңызды қадамдарға аяқ бастым. Еліміздегі өзгерістер мен жаңа бағыт, ол – Президентіміздің ауысуы мен биліктегі ауыс-түйістер, ал жеке басымдағы ең үлкен жаңалық, ол – үйленіп, жеке отау көтеруім. Отбасы шағын мемлекет демекші, бір аптадан бері мен де шағын мемлекеттің басшысы, һәм Президенті болдым. Өмірім толықтай өзгермесе де, жаңа бір белеске көтерілгені жасырын емес... 

Иә, дана Абай атамыз өсиет еткендей өткенге қайырылып, осы мезетті бағамдап, болашағыма көз тастап, өз-өзіме есеп берер кез келгендей. Биік таудың басындағы жақпар жартастардың басына шығып, жас жаңа қосылған жұбайымнан жеке қалуымның өзі де өткеніме үңіліп, болашағыма көз тастау болатын. Өмірімнің соңғы он жылы тіршілігі қайнаған әсем қала Алматыда өтіп жатқан соң ба білмеймін. Әйтеуір, жар басындағы жалғыздық пен айналадағы тыныштық жаныма майдай жағып барады. Бал айын шетелге шықпай, туған ауылымда ағайын ортасында өткізгенім, араға он бес жыл салып Ақжайлаумен қауышқаным, Сандықтастың басында балалық шағымды еске алып отыруыма ешбір жер жәннаты жетпейді-ау...

Балалық шағым үлкен таудың (үлкен деймін-ау, Алатаумен салыстыруға келмес, дегенмен, өзіміз үшін Хан-Тәңіріндей көрінетін) баурайында орналасқан: 

"Аппақ тауым, Ақ тауым, Ақшатауым, 
Гүлдентейік өсіріп бақша-бауын", – деп жырға қосылған шағын ғана Ақшатау ауылында өтті. Балалығымның да, шалалығымның да, жастығымның да, мастығымның да куәсі осы Ақшатауым... 

Шалалық демекші, балалық шағымызда есте қаларлық көп жайтты бастан кешірген едік. Соның бірі келелсідей өрбіген еді... 

Шіліңгір шілде. Біздің ауылда биыл жаз басталғалы бір үлкен әбігер бар. Ол әбігер тілсіз жау аталған өрт еді. Маусым айы туа сала, айналасы бір жарым айдың ішінде бірнеше дүркін өрт болып, ауыл тұрғындарын қиын жағдайда қалдырды. Қиын емей немене?! Қысқы малдың азығын жинап үлгере алмай жатқанда, жиып қойған шөптерін тілсіз жау жалмап жатса. Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады дегендей сол жылғы ауа райы да құрғақ, жауын-шашынсыз, желді-дауылды болып өрттің жайылуына көп ықпалын тигізді. 

Ауылдағы ерінбеген еркек кіндіктілердің барлығы тілсіз жауды тоқтатуға тегіс аттанды. Тіпті, мектеп оқушыларының ересектерінде топ қылып ұйымдастырып аттандырды. Бейбіт күнде ру-руға бөлініп, дүрдараз болып отыратын ауыл тұрғындары кенеттен келген апатқа бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұйымдасқан түрде аттанып жатты. Ол кезде мен қатарлы балалар мектептің 5-6 сыныбында оқитын еді. Біз де ойын баласы болсақ та, төтенше қауіптің салмағын түсіне білген жайымыз бар еді. Әттең, бірақ жасымыз мен шамамыз келмейді, әйтпегенде тау қопаруға бармыз. Түрлі ауыр техникалардың үстінде қолдарында өрт сөндіргіш құралдары бар мектептегі үлкен ағаларымызды көргенде, ең алғаш рет ойын баласы болып, ер жетпей жүргенімізге налыдық. Бірақ, біздің ішкі сезімімізге көңіл білдірер жан жоқ, бәрі елдің, жердің, шаруаның қамымен алапат өртті тоқтатуды ойлауда, егер бүгін-ертең тоқтатпаса, ауылды күйретіп өтуі бек мүмкін. Осы ойдың жетегінде жүрген үлкендердің қабағы қатулы, біз секілді балақайлардың бар-жоғын да ескермейді. Оған біз де ренжіп жатқан жоқпыз, бала көңіліміз бәрін түсініп, біліп-ақ тұр, бірақ әттең, қолдан келер не шара?! Шамамыз келген күннің өзінде үлкендер жағы:

"Өртеніп өлесіңдер, қайдағыны айтып, аяққа оралғы болмай тыныш қана үйлеріңде отырыңдар!" –д еп зекіп береді. Оны да біз де жете түсінеміз. 

Жағдайды бағамдай келе басқа балалардан саяқ, бөлек жүретін мен, Бақытжан, Құламерген, Болат төртеуіміз әдетімізше жеке кеңес құрыстық. Құламерген: 
– Достар, ауылымыздың жағдайын көріп тұрсыңдар, бәрі өртке оранды. Ал әкелеріміз бен ағаларымыз түгелдей дерлік өртте, ал біздің болса, жүрісіміз мынау... Не істейміз? – деді жұлып алғандай. 
– Онда біз де бірге сөндірісейік, - деді Бақытжан. 
– Жоқ, олар бізді көрген сәттен бастап-ақ үйге қарай қуалап жібереді. Қалайда басқа амалын табу керек?! – дедім мен ойланған кейіпте, сол кезде жерден жеті қоян тапқандай Болат: 
– Балалар, таптым, таптым! – деді қуана, - қазір үлкендердің барлығы ауылдың батысындағы қалың өртті сөндіруде, ал жалпы алғанда айналаның бәрі де жалын құшып жатыр. Сондықтан, қазір ешкім жоқ, оңтүстіктің өртіне аттанайық! – деді алдағы қауіпті сезбеген күйі. 
– Бәрекелді! Бұл дұрыс айтып тұр, онда осы Құламергеннің үйінің артындағы тау арқылы өтіп, тоғайлардағы өртті сөндірейік, - дедім кесімді сөзді айттып. 
– Онда, не тұрыс, кеттік! – деді Бақытжан батырсынып, - Пәлі, батырлар жарайсыңдар! – деді риза кейіппен Құламерген. 
– Онда біз жауға шапқан ата-бабаларымыз секілді батырлармыз, сондықтан «Төрт батыр» болсын атымыз, - дедік бірауыздан бәріміз. 

Жоспарлары бойынша ауылдың оңтүстігіндегі тау жолы арқылы қалың тоғайға қарай беттедік. Ауылдан ұзап, тоғайға қарай жақындаған сайын алапат өрттің қара жалыны әрқайсымыздың мысымызды басты, бел шешіп жолға шығып алған соң ешқайсымыз бір-бірімізге қорқып келе жатқандығымызды білдірмеуге тырыстық. Көп өтпей межелі жерге де жеттік, жай ауызға ғана айтуға жеңіл екен, әйтпесе мына алапат өрттің беті жаман, барлығымыз қорқайық дедік. Батырға да жан керек деген осы-ау...

– Ал, достар, не істейміз? – деді Құламергеннің үні сенімсіздеу шығып, - Көз қорқақ қол батыр, кірісейік! – деді Бақытжан қайсарлығын танытып, ал Болат екеуіміз болсақ үнсіз іске кірісіп кеттік.

Өртті сөндіруді тоғайдың айналасындағы қалың қарағаннан бастап, әрқайсымыз басына резина ораған сабауыштарымен кешке дейін тек бір ғана шоқ тоғайдың ғана өртін сөндіре алдық. Бірақ, өзімізді тау қопарғандай керемет сезініп, дән ризамыз, бір-бірімізге: "Біз төрт батырмыз бізді ауыл, мектебіміз, сыныптастарымыз мақтан етсін. Бізге орден тағулары керек!", – дейміз еліре, көп қауіптің артта қалғанын бала көңіліміз сезбей.

Жол бойы бір-біріміздің бетіміздегі күйеге, күйіп сарғайып кеткен қас, шаштарымызға күліп жүріп бағанағы азапты, шаршағандарымызды ұмыта бастадық. Сол қалпы ауылдың шетіндегі бұлаққа қалай жеткенімізді білмей қалыппыз. Барлығымыз бірауыздан үйдегілерге білдірмейік деп, жуынып алуға келістік. Жақсылап жуынып, түк болмаған кейіпке әп-сәтте ене қалдық, тек ақырын біреу естіп қоймасын дегендей: "Төрт батыр, төрт батыр, енді біз батырмыз!" – деп жымыңдасып қоямыз...

Иә, уақыт шіркін сынаптай сырғып өтіп жатыр-ау. Содан бері аттай он сегіз жыл өтіпті... Өмір-ай десеңші, сол уақыттағы қалың өртке кіріп, көзсіздік істеген, төрт батыр атанған жүгірмектер, яғни біздер кейін ер жетіп, бұғаналарымыз бекіп, апталдай азаматтар болдық. Тек, әрқайсымыз жан-жаққа өмір атты алып қамалдың бір бұрышына кетігін тауып қалану мақсатымен құрдың қиындай шашырап кеттік. Біріміз Алматы астық, біріміз Семейге жағалады, енді бірі өсіп-өнген жерімізде әлі күнге дейін тіршілік кешуде... 

Сол бала кезден жалғасып, төрт құбласы тең тұрған достығымыздың бүгінде бір бұрышы мәңгіге опырылып қалған жайы бар. Жан ауыртып, сыздатары сол ғана, бірақ қолдан келер амал не?! Тірі адам тіршілігін жасайды. Өмір өз кезегімен жалғаса береді, тек санада қалатыны алыс балалық шақтың ескірмес естеліктері ғана және де осы естеліктерден қуат ала отырып болашақ өмірге нық, әрі сенімді қадам жасау, асыл достықты сақтай білу.

Иә, енді менің жатсам да, тұрсам да Ұлы Жаратушы бір Алладан тілерім иманды, ибалы, ар-ұят, намыс деген ұғымдардың қадірін жете түсінетін, құлқынның қамын емес, елдің қамын жеген, атаның емес, адамның баласы болған және де араларындағы достықты сақтай білген ұрпақтың ізімізді жалғастыруы ғана... Отан үшін отқа түс, күймейсің деген даналықтың тегін еместігін балалық шақтағы осы бір оқиға дәлелдеп кеткендей...

P.S. Бұл уақытта Қазақ елінің кезекті бір күні Отанымыздың аспанын қимай батып бара жатқан еді. Тықырын білдірмей жаныма жайғасқан жан жарым да жанарымнан салмақты ойдың ұшқынын көріп, үнсіз қызара батқан күннің шапағына қарап, қолымды әлсіз ғана қысып, өзінің менімен бірге екендігін сездірді. Сол кезде өзімнің отбасы атты шағын мемлекеттің туын тігіп, шаңырағын көтергенімді сездім. Бұл мен үшін үлкен бақыт, һәм жауапкершілік! Кешегі Отан үшін отқа түс, күймейсің деп ұрандап өртке кірген бала Бауыржан, міне, бүгін ер жетіп мойынына үлкен жауапкершілік алып екі бөтен елді құдаластырып пана Бауыржан деңгейіне жетті... Мұның өзі ұрпақтар сабақтастығының бір көрінісі болса керек-ті.

0
Рейтинг: +3

Фото: Жалел Бауыржан
Қосылған күні: 15 шілде, 13:17

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.