Ахметқалиев Азамат. Отаным, саған айтамын

Ахметқалиев Азамат. Отаным, саған айтамын

Елдің ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Ахметқалиев Азаматтың шығармасын ұсынамыз.

Ахметқалиев Азамат Қанатұлы – 1 тамыз 1993 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ақжар ауылында өмірге келген. Астана  Медицина университетінің түлегі. 

***
Отан – бұл біздің қай-қайсымыз үшін айрықша ыстық, баршамыздың кең байтақ, ғажайып еліміз – ол біздің Қазақстан. Мен өз Отанымды шексіз сүйіп, мақтан етемін. Біздің Отанымыз әділет пен туысқандық салтанат құрған тең құқұқты еркін халықтардың елі. 

Біздің Отанымыз қуатты да бай ел. Өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы кеңінен қанат жайып өркендеген,ғылымы мен мәдениеті озық ел. Бүкіл әлем жұртшылығы біздің Отанымызға қызыға қарайды. Оларды қызықтыратын – халқымыздың салтанатты өмірі, қол жеткен табыстары. Отанымыз жайында шығарылған ән де көп, күй де мол. Отанымыздың даңқы – ерлік пен қаhармандықтың даңқы. Біз оның жүріп өткен ерлікке толы жолдарын, азаттық үшін күрескен ерлері мен батырларын, ұлы данышпандары мен ірге тасын қалаушы ұл-қыздарын ешқашан ұмытпаймыз мәңгі есте сақтаймыз. 

Қазақстанның кең даласындай байтақ дала еш жерде жоқ шығар. "Отаның – алтын бесігің", "Отаны жоқтық – нағыз жоқтық", – деп дана халқымыз бекер айтпаған. Өз Отанын сүю, өз ана тілін ардақтау – тәуелсіз әрбір азаматтың бірінші міндеті. Ата-бабаларымыз көп жылдар бойы тәуелсіз ел болуды армандады. Қаншама асыл азаматтарымыз тәуелсіздік үшін күресіп, репрессияға ұшырады. 1991 жылы 16 желтоқсан күні Қазақстан елі тәуелсіздік алды. 

Кең байтақ Отаным мен үшін мақтанышқа тұрарлық. Қазақстан жер көлемі жағынан дүние жүзі бойынша тоғызыншы орында тұр. Туған жер адам өмірінде киелі орын алады. Нақты осы жер оны елімен, өткенімен және болашақпен байланыстырады. Міне, сондықтан да тіпті балалық шақтан бастап-ақ адамда Отанға деген махаббат сезімі оянады. 

Біздің туып өскен жеріміз егеменді Қазақстанның байлығы өте көп және қазынаға бай ел. Еліміздің табиғаты өте сұлу. Биік-биік асқар тау, мөп-мөлдір көлдері бар. Мен үшін аса қымбат жер, менің туған жерім Тарбағатай ауданы, Шығыс Қазақстан облысынан басталады. Шығыс Қазақстан облысы –Қазақстанның солтүстік шығысында орналасқан. Шығыс Қазақстан Алтай тауларымен, Зайсан көлімен атағы шыққан. Сонымен қатар Алтайдың маралдары мен алтай балы да елімізге танымал. Алтайдың асты да алтын, үсті де алтын, беткейі малға, маралға толы. Нұр Зайсан, ару Ертіс, Бұқтырма яғни балығы тайдай тулаған өлке. Қалың орманы да бар,өндірісі дамыған, егіні шалқыған шығыстағы шырайлы мекен – осы Шығыс Қазақстан. 

Қыста сақылдаған сары аязы 48, кей жерлерде 57 градуске жетеді. Жеріміздің Алтайлық бөлігінде өзендер мол. Қазақстанның ең ірі өзені –Ертіс осы аудан жерінен өтеді. Күршім, Нарын, Бұқтырма, Үлбі т.б. өзендер Ертіске құяды. Шығыс Қазақстан облысының мәдени танымдық туризімді дамыту үшін үлкен әлеуметтік мүмкіндіктері бар. Кенді Алтайда мыңнан асатам өсімдік әлемінің түрлері және әртүрлі құстар мен сүт қоректілер түрлері мекендейді. Марқакөл көлін осы жақтың інжу –маржаны деп атауға болады. Сарқырамада орналасқан ол, оңтүстігінде Күршім тауымен, солтүстігінде Азутау тауымен шектеледі. 

Жоңғар Алатауының солтүстік шығысында жатқан Алакөл – тұзды көл. Минералы тұздар мен күкіртті батпаққа бай. Сонымен қатар, көлден Фламинго құстары мен басқа да 40 түрлі құстарды көруге болады. Аягөз өзенінің жағалауында орналасқан Қозы-Көрпеш, Баян Сұлу мавзолейі түркі әлемінен мұраға қалған махаббаттың символы. 

Ежелден табиғатына сай "Барқытбел" атанған қарт Тарбағатай ерте замандардың куәсі. Бұл өңірде біздің жыл санауымызға дейінгі бірнеше мың жылдықта ертедегі көшпенділер мекендеген. Бұған дәлел тау төскейіндегі далалардағы үйінді обалар. "Алтын оба" аталып кеткен Шілікті аңғарындағы қорғандардан осы дәуірдің көне мәдениет ескерткіштері табылған. Шыбынды елді-мекені маңындағы обадан табылған барыс мүсіні орнатылған қос шырағдан, Кіндікті өңірінен түркі қағанаты дәуіріндегі тас мүсіндер табылған. 

Жер мен елдің тұтастығын сақтап қалған ұрпаққа ұран, халқына мақтан болған Қаракерей Қабанбай, Би Боранбай, Дәулетбай бабаларымыз Тарбағатай өңірінің тумасы екендігі, ұлы ерлігіне лайық дарабоз батыр атануы ұрпақтар үшін зор мақтаныш. 

Ел қорғаудағы ұлы ерліктер Тарбағатай өңірінде өткені белгілі. Аудан жеріндегі Қалмаққырған, Долаңқара, Кергентас, Қубас тағы басқа тарихи жерлер осы оқиғаға байланысты аталған. 

Осы өңірде "орысқа бодан болмаймыз" деп ашық қарсы шығып, ақыры сол үшін құрбан болған Қожагелді батыр, Маңырақ шайқасында аты шыққан Байотар, исі қазаққа әйгілі Тана мырза, Кенжалы шешен, найман елінен алғаш қажыға барған Шал қажы, әулие емші Ырғызбай, қарадан шығып аға сұлтан болған Қисық сұлтандар Тарбағатай жерін мекендеген. 

Тарбағатай топырағы талай ғалым және өкімет қайраткерлерін тәрбиелеген. Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген үш атақты ақын-жазушыларымыз Абай, Шәкарым, Мұхтарларымызбен мақтанамыз. Жер шарының Алтай аймағы деп аталатын осы бір шағын бөлігі әр жүрекке жақын да қымбат. 

"Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас" демекші, туған өлкем Шығыс Қазақстан облысы көрген адамның көңілін баураған қасиетті мекен десем артық айтпаған болар едім. Шығыс Қазақстанның өткені ғана бай және жан-жақты емес, оның қазіргі өмірі мен ертеңгі болашағы да жарқын әрі сенімді. 

"Шығысында Отанның гүлге оранған" – деп, ақындарымыз жырға бөлеген менің өлкем тәуелсіз Қазақстанның іргелі облыстарының бірі деп айта аламын. Бүгіні мен ертеңіне үлкен үміт артып жайнай бер, жасай бер менің сүйікті Отаным демекпін.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар

Марсель – Жан ана
Бүгін үш ойын өтеді