Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Проза / Анар Қажымұқанқызы. "Отаным, саған айтамын!"

Анар Қажымұқанқызы. "Отаным, саған айтамын!"

Анар Қажымұқанқызы.

Елдің ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Анар Қажымұқанқызының шығармасын ұсынамыз.  

Анар Қажымұқанқызы Ахмет – 1989 жылы 16 қыркүйекте Қызылорда облысы, Арал қаласында дүниеге келген. Қазақ-Америка Университетінде "Журналистика" мамандығы бойынша білім алған.

Ал менің шығармашылық жұмысым, арман қалам – Алматы жайында болмақ. Себебі өсіп-өнген жерім дәл осы. Алматым – асқар тауым, мөлдіреген өзен-көлім, жайнаған жасыл бағым! Расымен, көрсең – көзің тоймас жұмақ мекен емес пе? Бұл қаланың әрбір көшесінде менің өткен ізім бар. Менің ғана емес, талай дара туған, еліне еңбегі сіңген белгілі тұлғалардың ізі жатыр. Сол жолдармен біз де келеміз. Балалық шағымның, жалпы өмірімнің куәгері – Алматы. Қарайып тұрған алтын мектебім, ес жиып, болашаққа бағдар сыйлаған оқу орындарым, мәпелеп өсірген алтын ұям осында. Құшақ жайған ақбасты Алатауым да қымбат, жердегі әр тасы да ыстық. Тіпті құбылмалы ауа райы майдай жағады өзіме. Қала тұрғындарының да бұл жағдайға әбден еті үйренген... 

Отбасылық жағдайларға байланысты, Алматының барлық дерлік ауданында тұрдық. Қай жерде болмасын, аз уақытта дағдыланып, бауыр басып кететінбіз. "Алыстағы ағайыннан, жақындағы көрші артық" дейтін еді дана халық. Барлық тұрған жерлердегі көрші-қолаң туысымыздай болып кеткені рас. Бұл дегеніміз, біздің халқымыздың көңілі дархан, пейілі кең екендігін білдірсе керек. Той-томалақ, жиындарда қауышып, сағынышымызды басып, абыр-сабыр болатынымыз тағы бар. 

Мен өзім, Алматыдан екі қадам алыс кетсем, сағынып, осы жаққа бүйрегім бұрып тұрады. Пойызбен немесе ұшақпен белгілі бір сапарға кетіп бара жатқанда, терезеге үңіліп, қара жерге қарап отырамын. Алматыға деген қимастық сезім жүрегімді елжіретеді. Расымен, "мен оралам" деп кетемін ғой, сонда да көзіме жас үйіріледі... Қызық... Жан-жағыма бұл жағдайды көрсетпеуге тырысамын, әрине. Ал алыс сапардан оралған соң, әкем күтіп алады. Саяхатымның қызығын жол бойы сұрап, әңгімеге тартса да, екі көзім – терезеде. Құдды бір, талай заман көрмегендей, арман қалама құштарлана қарап, сағынышымды басамын. 

Жұмыс барысымен, осы қала туралы бағдарлама жасадым. Атауы дәл сондай – Арман қала. Әр саны – қаламыздың көрнекті, тарихи, заманауи, мәдени орындары туралы болған еді. Бағдарламаны жасаған сайын, менің Алматыға деген махаббатым арта түсті. Алып шаһар, расымен, талай тарихты қойнауында жасырып жатыр. Оған үңілген жанның қай-қасысы болмасын, бей-жай қалмасы анық. Күнделікті күйбең тірлікпен көптеген дүниені байқамай жатамыз... Жұмысқа бара жатып, айналаңызға қараңызшы! Табиғаттың кереметін байқаңыз! Кешке, жұмыстан қайтқанда, мың бояулы мегаполистің әр қилы шамдарына назар аударыңыз! Жыраққа кеткенде дәл осы суретті сағынасыз! Мен сағынам! 

Демалыста театрға, саябаққа, мұражайға барсаңыз, жан дүниеңіз өзгеріп қайтасыз. Өздеріңіз білетіндей, Алматы – еліміздің мәдени орталығы. Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі. Қаланың тынысымен танысамын деген жанға – барар орын қашан да табылады. Бір қызығы, қала тұрғындары мұндай орындарға мән бере бермейді. Оған дәлел ретінде, ойланып көріңізші, мына тұрған Медеу мен Шымбұлаққа қашан бардыңыз? Соңғы рет театрда қашан болдыңыз? Музейлердің табалдырығын аттамағаныңызға қанша болды? Жауабын мен де іштей біліп отырмын... Ауыл-аймақтан туыстар келгенде, қыдыртып апарып келген боларсыз?! Ал дәл осы жерлерде жан дүниеңіздің байлығы тұнып тұр. Көптеген туристер дәл осындай мекендерді көруге ат терлетіп алыстан келеді, ал біз барымызды бағаламайтынымыз өкінішті. Жә, бұны жазғандағы мақсатым, жарнама жасау емес. Айналаңызға көз тастап, қолда бар байлығымызды бағалауға шақыру. Сіз қандай мақтанышпен туған өлкеңізді сүйсеңіз, ертең сіздің ұрпағыңыз да тамсана Отаны туралы сөз қозғары анық... 

Білесіз бе, мен өзім Алматыда өстім, бірақ туған қалам – Арал. Әкем мен анам батыстан, Қандыағаш пен Шалқардан. Әжем бар Ақтөбеде тұратын. Жарым – Шығыс Қазақстан облысынан. Ал достарым Қазақстанның әр жерінде туып-өскен. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның қай жеріне барсам да, ақ дастарханын жайып, құшақ жая қарсы алар ағайын мен бауыр бар. 

Алматы – менің арман қалам болса, менің Отаным – Қазақстан! Қазақтың ханы Абылайдың сөзімен эссемді қорытындылағым келеді: ұлан ғайыр атырап, Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасы - қазақтың алтын бесік Ата жұрты. Әгәрәки, кім де кім осынау қасиетті жерімізге көз алартып, шырқымызды бұзар болса, өз қанына өзін тұншықтырарымызды біліп қойғаны абзал. Төсекте басымыз қосылмаса да, төскейде малымыз қосылған. Қай көршімізге де айтарымыз осы! Дос болғанға құшақ ашық туыспыз, қас қылғанға қиып түсер қылышпыз!!! 

Мен өзіңмен мақтанам, Отаным, саған айтамын!!! 

0
Рейтинг: +3

Фото: Анар Қажымұқанқызы
Қосылған күні: 19 маусым, 10:49

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.