Бақырадинов Рамазан. "Отаным, саған айтамын"

Бақырадинов Рамазан. "Отаным, саған айтамын"
Фото: Yernar Almabek

Елдің ертеңі саналатын талантты жастарды қолдау, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттау мақсатында Massaget.kz порталы "Отаным, саған айтамын" атты прозалық онлайн-байқауын жариялаған болатын. Байқау ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Назарларыңызға байқаудың кезекті қатысушысы Бақырадинов Рамазанның шығармасын ұсынамыз. 

Бақырадинов Рамазан Бақытжанұлы, 2003 жылы 26 қазанда Ақтөбе облысы, Шалқар қаласында дүниеге келген. Шалқар қалалық №2 мектеп-гимназиясының 10 "ә" сыныбының оқушысы.  

Жер бетін өз мекенім деп білген бар адамзат баласының оны басқа тіршілік иесінен жоғары көтеріп, ерекше ететін негізгі басты байлығы, ол – саналы сезім мен түйсік. Сезім әрбір тірі жан иесінде болуы мүмкін, бірақ саналы сезім, ой-сана арқылы қия бастырмайтын жұмыр да нәзік сезім, ол тек адамзат баласына тән. Ол сезім адам жанының алтын сандығында сақтаулы жатады. Ол сезім көңілдің кемел теңізінің арғы жағалауында, жүректің түкпірінде, көкіректің көмескі құзында жасырынған. Сондықтан да оны түсіну, сезіне білу екінің бірінің қолынан келмесі хақ.

Мұндай сезімдер қатарында қазақ халқы отбасынан бастап құрметтеп қадір тұтқан, байлығым деп білген Отан-Анаға деген махаббат пен сүйіспеншілік орын алады. Менің ойымша, Отанға деген ыстық сезім мен дара махаббат ең ұлы сезімдердің қатарынан табылуы тиіс және табылады да. Бірақ біздер, яғни, жас ұрпақ, ел болашағы бұл қастерлі ұғымның көмескіленбеуі үшін, ешқашан жарқын қалпын жоғалтпауы үшін көңілімізге һәм жүрегімізге бөлінбестей етіп берік бекітуіміз қажет. Осы пікіріммен бөлісе отырып мен өз Отаныма деген бар ой-толғауымды, жан тебіренісімді білдірмекпін. 

Бар адамзат баласының жарық дүниеге келген сәттен бастап-ақ тағы бір анасына айналатын туған жері, туған мекені болады. Ол –Отан-Ана. Отан-Ана... Осы бір қастерлі ұғым, қасиетке толы сөзді аузыңа алған кезден-ақ сенің көңіліңдегі әлгі аталған сезім өзінің бар екенін сездіріп жатады. Оған күмән келтіру, оған сенбеу - бос әурешілік. 

Ата-бабам "кіндік қаным тамған жер" деп қастерлеп, қадір тұтқан қасиетті құт мекенім, Отаным, сенің бауырыңда, бейбітшілік пен ынтымақ жайлап, "қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған" заман орнаған кең далаңда туған әрбір жан бақытының қандай баянды екенін білсе ғой, шіркін! Қанша зұлмат, қанша жұт, қанша қатер төнсе де сенің ғана құшағыңда ырысы мен несібесін тапқан бабамның бар арманы бүгінде мына сенің қойныңда ақиқатқа айналып отыр. 

Отан-Ана, баурыңдағы бар балаң кішкене кезінен сенің тауың мен орман-тоғайыңды, сенің өзен-көл, құм мен шөліңді, аспаның мен асқарыңды, жасыл желек шалғының мен бар тіршілігіңді өзіне ыстық көріп өседі. Әркімнің өз туған жері өзгенікінен биік тұрады. Туған жеріңнің бауырындағы бар ырыс сен үшін ғана берілген сый боп көрінеді.

Несібесін перзентінен бір үзбеген мекеннің түтіні де өз бауырындағы бар баласы үшін әрқашан қымбат. Себебі, ол жер - сенің өткенің, ол - сенің болашағың. Отан – адамның өткен шағы өлмейтін, ал келер шағына үміт пен сенім беретін жалғыз мекен. Сондықтан да, халқымыз оны әрқашан құт-берекемен байланыстырып қана аузына алған.

Шетке кетсе, алысқа ұзап шықса әрбір перзентінің өз анасын іздеген кішкене бөбектей көңілінде сағыныш сезімі орнаған Отанымның қадір-қасиеті еш уақытта жоғалмақ емес. Сол үшін де, Отан-Ана, сені "отбасынан басталған оттан да ыстық" қасиетті мекенім дейтін бар балаң ешқашан, еш уақытта ұмытпайды. 
"Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
... Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай – ақ кел дағы от ал менен", – деп ақиық ақын Мұқағали жырына қосқан сенің атың сағыныш пен шаттықта ғана аталғай деп тілеймін. 

Отаным, көңілдің көбесін сөккен кірбің мен жүректегі сан жара, көкіректі қамшыдай тіліп қарс айырған мұң мен иықтан алып тастай басқан жауапкершілік, пендені сенделтіп сергелдеңге салған сұм нәпсі қыспаққа алған сәтте бар балаңның ойлары, жан медеуі болар емі - басқа емес, бір сенсің. Барар жерсіз, басар таусыз қалмағандығына еткен шүкіршілік, өз мекенінің, өз жерінің, өз Отанының бар екендігіне деген титтей қуаныш әрқашан перзентіңнің санасынан ойып алған орнында қаққан қазықтай тұра бермек. 

Отаным, саған айтар бар сырымның бір шеті, бір бөлшегі осы болды. Отаным, саған айтарым көп, бірақ бар жаныңның сырына қанық құдірет екеніңе кәміл сенемін. Сене отырып, бар жаныммен, бар құлшынысыммен, шын көңілімменен саған алғыс айтамын. Мың алғыс! Бұл алғысты басқаға емес, Отаным, саған айтамын! 

Т. Раушанұлы