Абай Аймағамбет. Әнші Әбдеш (әңгіме)

Абай Аймағамбет. Әнші Әбдеш (әңгіме)
Фото: Абай Аймағамбет

Әкем Әбдеш туралы жиі айтатын. Ондай ғажайып әнші біздің ауылда оған дейін де болмапты. «Бұдан кейін де тумайды ау» деп отыратын. «Әттең, өнерін тастап кетті» деп сырттай өкінеді. Әсіресе, оның алаңғасар бір тірлігін жиі әңгіме қылатын.  

Сары шашы қашан көрсең ұйпа-тұйпа болып жүретін, үстінен көк жағалы, ақ түсті жейдесі мен қоңыр шалбарын тастамайтын Әбдешті бүкіл ауыл «Әнші Әбдеш» деп атайды. Әнші десе әнші-ақ. Мейлі домбырамен, мейлі домбырасыз әуелете ән салғанда құлақ құрышыңды қандырып, жан-дүниеңді ғажайып саздың буына елітіп жібереді. Әбдеш тоқтамай ән сала берсе екен деп құлқының бір сәт рахат тауып, көзің ғана жыпылықтап, денеңнің өзге бөлігі қимылсыз қалар еді. Содан ба есімінің алдына «әнші» атауы ажырамастай жалғанған. «Әнші Әбдештің концерті қашан болады?», «Әнші Әбдеш аудан әкімінің алғыс хатын алыпты». «Әнші Әбдештің үйі қонақ шақырып жатыр екен». Осылай жалғасып кете береді. Тіпті әнші мен Әбдеш сөзі айырылмастай достасып, Әншәбдеш деген ортақ атау пайда болғандай сезілетін. Бұл атауға оның өзі де үйреніп алған. Әркез күлімсіреп, не айтсаң да бас изей беретін елгезек мінезіне болмыс-бітімі, қылған әрекеті бәрі-бәрі жарасып тұратын.  

Әншәбдештің атағы шарықтап, әншілігі жаңа деңгейге көтерілген уақыт – 70 жылдардың соңы, 80 жылдардың бас кездері еді. Ауылға өркениет игіліктері әлі жете қоймаған. Өркениет игіліктеріне ауыл түгілі қаланың өзінің жырғап жатқаны шамалы. Дүкен сөрелері жадау тартып, кейде жалақы да екі-үш айда бір төленетін. Әбдеш те клубтан жарытып ақша алмайды. Зейнет жасына тақаған меңгеруші Сақыпбай бүкіл шаруаны мұның мойнына іліп тастап отыра беретін. Момын Әбдеш клубтың ішін сыпырып-сиырып тазалап, аула ішін ретке келтіріп, дарбазадан ішке кіріп бырт-бырт тезек тастап тұрған Зеңгі баба тұқымдарын бүлкілдете қуып тастап, әлек-шәлегі шығатын да жүретін. Ал кешкілік Әбдешті тіпті де танымай қаласыз. Жарқырап костюм-шалбар киіп, шашын әдемілеп қайырып сахнаға шыға келгенде әлгінде сиыр қуалап жүрген Әбдеш басқа, бұл басқа секілді қайран қалатынбыз.  

Әрине, Әбдеш күн сайын концерт бермейді. Атаулы мереке, маңызды мейрам қарсаңында ғана Сақыпбаймен бірігіп концерттік бағдарлама дайындап, соны тәп-тәтті етіп халыққа ұсынатын. Әбдеш концерт бергелі жатыр дегеннен-ақ бүкіл ауыл тайлы-тұяғы қалмай жиналады. Үлкендер негізінен орындықтарға жайғасып, бала-шаға жүрелеп отырған күйі топырлап сахнаның алдына дейін барып алады. 

Әбдеш ізденгіш-ақ еді. Репертуарын үнемі жаңартып, жасартып отыруға тырысады ма деймін. Себебі, теледидардан естіле бастаған жаңа әндердің өзін қағып алып, орындап бергенде аузымыз ашылып қалады. Оның шығармашылығының дами түсуіне әйелі Сайдагүл көп ықпал қылады. Теледидарда беріліп жүретін ән мәтіндерін ерінбей-жалықпай қағазға түсіріп, киімін дайындап, үтіктеп, кәстүмдерінің жағасына түрлі ою-өрнек қадап, ауылдағы жалғыз әншінің бабын келістіретін.  

Өзі өнерпаз, өзі сабырлы Әбдештің бір кемшілігі – тым сенгіштігінде еді. Құлай сенсе анда-санда ұрттап қояды. Ұрттап қойса өзеуреп сөйлеп кетеді. Өзеуреп сөйлеп кетсе қызара бөртіп, тынбай ұзаққа шабады. Қызара бөртіп, тынбай ұзаққа шапса жұрттың арагідік мазасын да қашырып алады. Күйеуінің сырын жақсы білетін Сайдагүл сонысынан сақтандырып, аз іш, аз іш деп қақсайды да жүреді. Осылай ауыл өмірі, Әбдештің де тіршілігі бірқалыпты ғұмыр кешіп жатқан. Сарша тамыз тәмам болып, күн аяғы күзге тақағанда ерекше бір оқиға болды. Әрине, Әншәбдешке қатысты.  

Ені – екі, ұзындығы – үш метрлік қуықтай ауыл сахнасында ән салғанына 10 жылдан асып жығылған Әбдештің бұл кездері даңқы ауданнан асып облысқа да жеткен. Ара-тұра әкімдіктің шақыртуымен мәртебелі шараларға барып ән шырқап та келетін. Кейде аудандар оны қолды-аяққа тұрғызбай гастрольге алып кетеді. Одан әрі қарай ауылдар шақырады. Домбырасын арқалаған Әбдеш шақыртулардың ешбірін кері қайтармай, риясыз келісіп жүре береді. Барған жері там-тұмдап тиын ұстатады, әлдебір сый-сыяпат жасайды. Соның бәрін арқалап-асынып үш-төрт күннен соң ауылға жететін. Әбдештің үйі – ауылдың кіре берісінде. Бес бөлмелі даңғарадай баспанасы бар, орта дәулетті шаңырақ. Қашан көрсең Сайдагүл кіріп-шығып тыным таппай жүреді. Екі қарадомалағы әкелері құсап ән салып, үйлерін бастарына көтеріп жататын.  

Сондай күндердің бірінде республикалық телеарнадан жеткен тілдей хат облыс әкімдігінің кеңсесіне келіп түскен. Облыс ауданға, аудан ауылға жолдап, Алматыдан әппақ аршындай болып шыққан конверт сағынып, сарғайып біздің өлкеге әрең аяқ іліндірген. Кей жеріне сорпа тамған ба, су тиген бе, сырты көнеріп, бүлініп, жыртыла жаздапты. Хатты ашса – Әбдешті телеарна телевизиялық түсірілімге шақырыпты.  

Елдің түкпір-түкпіріндегі талантты әншілердің басын қосып, үлкен жоба жасағалы жатыр екен. Түсірілімнің уақыты – қыркүйектің жиырмасы деп көрсетілген. Ал хат қолға тиген уақыт – содан төрт күн бұрын ғана. Содан Әбдеш билет іздеп шабылған. Бастығы Сақыпбайға жалынып, Сақыпбай аудандық мәдениет басқармасына жалынып жүріп, Алматыға билетті әрең тапқан.  

Хат мәтіні бойынша, түсірілім 25 және 30 қыркүйек күндері арна эфирінен көрсетіледі екен. Ауылдан шыққан азаматтың Алматыға барып ән салып, бейнесінің күллі қазақстандықтарға тарап кетуі – бұрын-соңды болмаған ғажайып құбылыс еді. Сондықтан әйгілі телеарнаның Әбдешті өздері қалап, шақыртуын – ауыл тұрғындары үлкен жеңіске балап, оны төбелеріне хандай қып көтерген. Кетерде ақсақалдар бата беріп, құрбан шалып, ер жігітке лайық кәде-құрметтің бәрін жасап баққан.  

– Сен біздің ауылдан шыққан тұңғыш танымал жан болғалы тұрсың! – деп лепірген ауыл әкімі Нұргелді үні бір шығып, бір шықпайтын ескі микрофонды көкірегіне тақап тұрып.  

Ауыл басшысының мына қорытынды сөзіне жиналғандар дуылдата шапалақ соққан. Төрде отырған Әбдеш риза кейіпте күлімсіреп бас изей береді. Аздап ұялып, беті қызарып, төменшіктейтіндей. Әкімнен кейін ауылдық ардагерлер кеңесінің басшысы Кәдірбай ақсақал сөз алған.  

Ол Әбдештің ата-тегі, баба-жұрағатынан бастап тарқатып, оның тегін тұқымнан шықпағанын жиналғандарға тәппіштеп түсіндіріп шықты. Әр сөзін асықпай, баппен, байыптап жеткізді. Отырғандар аһ, уһ деп Әбдештің текті әулеттен шыққанына, генетикалық тұрғыдан осы ауылдағы бірегей ақсүйек жан екеніне тегіс таңырқасқан.   

– Сен өмірге келгенде бүкіл ауыл қуанған. Қазір атыңды ел танитын әйгілі әншіге айналдың. Атам заманнан қалыптасқан қазақтың ән өнерін өлтірмей жалғап келе жатқан Әбдешімізді – өнердің алтын көпірі десе болғандай, – деп бір-ақ тоқтағанда шатыр-шұтыр соғылған шапалақ ауыл аспанын жаңғырықтырып-ақ әкеткен.  

Әйтеуір, осы кеште Әбдешке арнап игі тілектің түр-түрі айтылды. Пысық Сақыпбай ауданнан фотограф інісін де әдейілеп шақыртқан екен. Кештің соңы суретке түсуге ұласып, ауыл халқы әбден мәре-сәре болған. Үлкендер тарқап, жастар өзара қалғанда әр-әр құшақтан мөлдіреген бөтелкелердің басы қылтиып, Әбдеш жиылған жұртқа ықыласын қайтіп білдірерін білмей, өңешке екі-үш стакан мөлдір судан тастап-тастап жіберіп отырды. 

 Сосын «Япурайды» жеріне жеткізіп шырқапты да, вокзалға шығарып салу үшін келіп тұрған сары волгоға мініп Алматы қайдасың деп тартып кеткен. Кемпір-сампыр жолың болсын айтып, дұға-тілек жасап, көздеріне жас алған. Міне, содан бері Әбдеш жоқ. Теледидардан да көрінбеді. Хат та жазбады. Хабар да жоқ.  

Сайдагүл алғашқы бірер күн ештеңені елең қылмай, көңілді қалпынан айнымай, бірқалыпты тіршілігін кеше берген. Алайда әнші байы не жеттім деп хат жазбады, не телефон соқпады. «Алматыға бара сала таксафоннан болса да қоңыраулатамын» деген. Тым-тырыс. Өз үйінде болмаған соң, көрші Шәрипаның төр бөлмесінде мыңқиып тұратын да қоятын қызыл телефонға қарап мөлиеді де отырады. Қызыл телефон да қасарысқандай міз бақпайды. Қашанғы күтсін, кеш бата қызыл телефонды қимай-қимай үйіне оралады. Осылай күн артынан күн қуалап өте берген. Сайдагүлді қойып, СақыпбекСақыпбекті қойып бүкіл ауыл шындап алаңдайын деді. Көрсетілетін эфир уақыты әлдеқашан өтіп кеткен. Республиканың түкпір-түкпірінен аттай қалап шақырылған әншілердің бәрі де шығып, өнерлерін көрсетті. Арасында Әбдеш жоқ.  

Әнші Әбдеш шын мәнінде аман-есен вокзалға жетіп, сонау кеңестік заманнан бері сүйегін сүйретіп келе жатқан ескі пойызға мінген. Билет бұған төменгі орыннан бұйырыпты. Өзі секілді жолаушылармен әжік-гүжік әңгіме қылған сыңайлы. Содан соң төсегін салып талықсып ұйықтап кеткен. Сол ұйықтағаннан ертеңіне тал түсте бір-ақ оянған. Біреу даңғырлатып домбыра тартып, арқырап ән айтып отыр екен. Жастықтан басын ажыратпаған күйі «құлақты тесіп жіберердей мынау кім?» деп ойлады. Дауысы не деген дөрекі, жағымсыз еді пәтшағардың. Көзін сығырайтып қарап еді, о тоба басына жалпақ шляпа киіп, жейдесінің ілгегін түгел ағытып тастап, қарыны салпиып ән салып отырған, жасы қырықтың үстіне шығып кеткен мүлде бейтаныс адам. Сол бейтаныс адам мұның домбырасын аямай сабалайды. Өңешін жыртып барқырайды. Домбырасын жан баласының қолына ұстатпайтын Әнші Әбдеш, төсегінен ыршып тұрды.  

– Әй, әкел домбырамды, – деді бет-аузы мыжырайған күйі.  

Әлгі жігіт әнін кілт үзген.  
– Өй, сен қызық екенсің. Кеше өзің бердің ғой... 
– Мен домбырамды ешкімге берген емеспін. 
– Атың Әбдеш пе? 
– Әбдеш... 
– Түнімен вагонды басыңа көтеріп ән салдың ба? 
– Жоқ... 
– Салдың! 
– Домбыраңды көңілің түсіп маған бердің бе? 
– Жоқ... 
– Бердің! 
– Енді маған не дейсің? Бейтаныс адам дөңгелек көздері жылтыңдап, қарыны мен бетіндегі тер денесінің сай-саласын ағыла құйылып, ірк-ірк етеді.  
– Әкелші, – деді салғырт қана. Мес қарын езуінен күлкісі тыйылмайтын жайдары жан екен. Әбдештің домбырасын ұқыптап өзіне қайтарды.  

Қаншама жылдан бері айнымас серігіне айналған аспабын футлярына салып, сырмасын жапты да, төсегінің астына тастады. Айналасында әлгі мес қарыннан өзге адам жоқ екенін осы кезде ғана аңғарған. Ұйқысын аша алмай аз-маз отырды да, шөлін баспаққа сыртқа беттеген. Вагон іші неғып саудырап тұр десе, жұрттың бәрі аяусыз құрсаулаған ыстықтан жаппай қашып шығып, аз уақытқа болса да вокзалдың қалтарыс-бұлтарысын көлеңкелей кеткен екен. Бұл да шығып, Шу вокзалының ішіндегі кафеге тура тартты. Әбдешсіз де адам иін тіресіп тұр. Бәрі салқын сыра ішкісі келеді. Арада он минут өтті ме, он бес минут өтті ме, әрең дегенде кезегі жеткен. Арықша келген, кекілі маңдайын жапқан сүп-сүйкімді аққұба сатушы қыз жылп еткізіп, алып кружкаға мелдекетете құйып берді. Әй, бір рахаттанып ішсін. Кешеден бергі айғай-шу, думан-сүрең, мақтау-мадақтау, тойына ішу мұны әбден масайратып-ақ жіберіпті.  

Әлгі мес қарынның айтқаны, бәлкім рас. Ішіне ақаңнан тамшы түссе Әбдештің айналасында кім отырғанына, қайда отырғанына қарамай аспабын алып аспандап кететіні бар. Мүмкін, кеше де сөйткен болар. Көзін тарс жұмып салқын сыраны тұшына сіміреді. Кружканың көлемі кең екен. Қанша ішсе де таусылар түрі байқалмайды. Жаңа сатып алғанда азырқанғандай еді. Онысы бекер екен.  

Ал тауысып көр. Кружканың көлеміне сай мұның да ындыны әзір қанағат таба қоймайды ау. Жан-дүниесі мен өңеш-асқазанын рахатқа бөлеп, әлсін-әлсін басына көтереді. Бұл көзін бір ашып, бір жұмып сыраның ләззатына батып отырғанда вагондастары әлдеқашан өз орындарына жайғасып, Алматыны бетке алған пойыз орнынан қозғалып үлгерген. Енді тоқтамас. Бірте-бірте жылдамдығын арттырып гүрілдеген қалпы Шу вокзалы аумағынан ұзап барады.  

Әбдеш саспайды. Құдды салдыраған ескі пойызды ауылдан жалдап шыққан адамша асықпай отырған. Шөлін қандырып, көкірек сарайын жан бітіріп орнынан енді тұра бергені сол еді ойбайлаған дауысты құлағы шалды. Аса дарақы, таныс дауыс. Мұның домбырасын меншіктеп тапа-тал түсте ойбайды салып отырған бағанағы бейтаныс еркек көз ұшына таяп қалған пойыздың ізінен далақтап жүгіріп барады. Шуға дейін өзі мініп келген пойыздан айырылып қалғанын Әбдеш осы кезде барып түсінгендей болды. Сөйтті де мес қарынның ізінен далақтап бұл да жүгірген. Ақыры екеуі шұрқырап табысқан. Ол әжетін өтемек болып ұзағырақ отырып қалыпты. Бұл шөлін қандырмаққа әлектенген. Екеуінің де межесі – Алматы екен.  

– Енді қайттік? – дейді мастығынан, шаршауынан біржола айығып, біршама тиянақты кеппен.  

Бейтаныс еркек абдырап біраз тұрды да «мынаған мінеміз» деді алдында тұрған сары пойызға сұқ саусағын шошайтып.  

– Бұл қайда барады? 
– Қайда барушы еді... Алматыға да... 

Әбдеш жаңа танысының соңынан ілесе берген. 13 вагонның жолсерігі уақыт таяп қалдыға салып, жолаушыларды асықтырып жатыр екен. Екеуі қосақ арасына ілініп, өзге жанға байқатпай ішке қарай лып берген. Ырсылдаған мес қарын біреу құшақ жайып күтіп отырғандай «орнымызға барайық» дейді. Айтқандай өз пойыздарындағы 26 мен 28 орын мұнда да бос тұр екен. Әй-шайға қарамастан иемденген. Жолсерік әлде ұмытты, әлде кейінге қалдырды билет тексеруге келе қоймаған. Бұл аралықта Әбдеш жаңа серігімен танысып та алған. Сабырбай саудагер болып шықты.  

Нағыз «екі қойың бір теңгенің» дәл өзі. Ештеңе үшін уайымдамайтын, алаңдамайтын, нағыз атына заты сай жігіт екен. Мерзімінен бұрын алға қарай шығып кеткен қарыны сәл жараспайды демесең, алып денесі мен қағілез мінезі кісіге көлденең кесірлі де емес. Ортаға салқын сыра қойылған соң әңгімелері ә дегеннен жарасқан. Әйтеуір Алматыға жетсем болды деген Әбдештің де көңілі тоқ. Тек сүйікті домбырасының иесіз кетіп бара жатқанын есіне алып, уайымға батады.  

– Түк те алаң болма, – дейді Сабырбай босаған сыра бөтелкесін целлофан пакетке тоғытып жатып, – Қазір келесі вокзалдан қоңырау шалып, ескертіп қоямыз.  
– Ә-ә, мұның табылған ақыл болды, – дейді Әбдеш. Өзі өз болғалы ауылдан осыншалықты алысқа ұзап көрмегендігі ме, сапарға қатысты кез-келген шаруаны ойлап, уайым ете береді. Оның мұнысын байқаған Сабырбай сабырға шақырғыш-ақ. Ел-елдің, жер-жердің біразын аралаған әккі пәле екен. Айтуынша көзін ашқалы көргені – сауда.  
– Әкем заманында балға, балта, үй-жай мен құрылысқа керек материалдарды сататын, – дейді сырасын баппен сіміріп отырып. – Әкемнің екі інісі бар. Бірі – Алматыда. Қазір соны жағалап барамын. Ал кішісі Тәшкенде тұрады. Әкем қанша шақырса да келмейді, – деп бір қойды.  

Тумысынан аузы-аузына жұқпай әңгіме айтуға жоқ Әбдеш үнсіз отырып тыңдауды тастай қылады. Мұның өздігінен сөз бастай қоймасын аңдаған Сабырбай өз жайын түгел термелеп болып, сапарлас серігіне ауысқан. «Байқауымша, өнер адамысың, ә» дейді бір көзін сығырайта.  

– Солай десе де болады, – деп Әбдеш міңгір еткен.  
– Солай десе де боладың не? Солай ма, солай емес пе? 
– Солай... 
– Ә-ә, солай десеңші... 
– Иә... солай 
– Содан? 
– Ауыл клубында ән саламын. Ептеп той-жиынға қатысамыз дегендей.  
– Ә, бәрекелді. Қап, аспаптардың қап кеткені-ай, ә. Әйтпесе, Алматыға думандатып-ақ жетер едік 
– Сәке, аспаптар емес, біз қалып кеттік емес пе? 
– Ә-ә-ә, солай екен ау, – деп Сабырбай вагонды басына көтере күледі.  

Екеуі біразға сілтепті. Бірнеше бөтелке ішіндегі сөлінен ажырап, сүмірейіп қап түбіне сүңгіген. Салқын сыра буын-буынға тарап, мамыражай қалыпқа түсірген соң Сабырбай мен Әбдеш екеуі екі жерде теңкиіп қорылға басқан. Осы ұйықтағаннан мол ұйықтапты. Құдай жолдарын оңғарды ма бұларға не жолсерік келіп жөн сұрамапты, не жолаушы келіп орынын сұрамапты. Кең купенің астыңғы екі орынын ен жайлап, екі дауыста қорылдаған. Әбдеш түс көріп, біраз шаршып-шалдығып қалыпты.  

Есіне қайта-қайта домбырасы орала берді. Бұл оянғанда күн кешкіріп, көз байланып қалған екен. Новосібір-Ташкент бағытындағы жүрдек пойыз бірқалыпты шабысынан танбай желіп келеді. Біреу тамбур есігін ашық қалдырған ба темір дөңгелектердің тарсылы тым қатты шығып, құлаққа түрпідей тиеді.  

Мына тасыраңдаған дауыстар Әбдештің құлағына ғана емес, көңіл-жайына да тосындау әсер ете бастағандай. Көңілін белгісіз қауіп кернеп терезеге үңілген. Алыстан бір жарық көрінетіндей. Вагондағы адамдардың біразы ұйқыға жатыпты. Тек келесі бекеттен түсетіндері ғана жүктерін буып-түйіп дайын отыр. Енді сол адамдардың бет-жүзі мұның таңданысын тудыра бастады. Бет-әлпеті қазаққа келіңкірей қоймайтын бейтаныс келбетті ерлер мен әйелдер. Жалма-жан тұяқ серіппей ұйықтап жатқан Сабырбайды оятты.  

– Сәке, біз қайда келе жатырмыз өзі? 
– Қайдасы нес... Алматыға да 
– Әй, қайдам... тұршы, қарашы, – дейді Әбдеш тағатсызданып.  
– Кәні? 

Расымен күмәнданды ма, Сабырбай да терезеге еппен бұрылған. «Әй, мынау Тәшкен ғой» десін шаңқ етіп. Екеуі енді шындап сасайын деді. Бұл уақытта жолаушылардың алды бекетке түсе бастаған. Сыртқа мойын созса шынымен өзбек шаһарынан бір-ақ шығыпты. Әнші Әбдештің көзі дөңгеленіп, үрейге толған. Не істесе де, не жағдайға ұшыраса да сабырынан айырылмайтын Сабырбай жымың-жымың етеді.  

Осылайша, Әншәбдеш айдың-күннің аманында көрші елдің бас қаласына табан тіреген. Өмірі келемін деп ойламаған мекені. Ауызын ашып, көзін жұмады. Ақыры адастық қой, енді жөн болатын қам жасайық деп Сабырбай ә дегеннен ағасының үйін бетке алған. Ағасы – шашы түгелімен бұйра, сәл толықшалау келген, түр-келбет жағынан Сабырбайға үш қайнасы сорпасы қосылмайтын, ерек мінезді жан екен. Бұларды құшақ жая қарсы алып, бәйек болған да қалған.  

– Өзім де қазақ көрсем деп сағынып жүр едім, – деп қояды шәй үстінде қайта-қайта.  

Ішеміз деп пойыздан адасып, Тәшкеннен бір-ақ шықтық деуге мұның да, Сабырбайдың да батылы жетпеген. Сөзге бейім, іске епті серігі «Әбдеш екеуміз сауданың қамымен тәуекел деп тартып отырдық» десін шәй ортасына келгенде. Мына қисынға болысқысы келмей Әбдеш серігіне үрке қарап, көзін аударып-төңкеріп, кесе толы шәйді іше береді, іше береді. Осылайша, Әбдеш қыркүйектің тұп-тура он тоғызында Тәшкеннің оңтүстік шығысындағы Яшнабад ауданындағы екі қабатты зәулім сарайдың қақ ортасында маңдайы тершіп, шәйға қанып отырды.  

Алматыға бүгінді қоя тұрып, ертең де жете алмасы анық. Домбырасын бір Аллаға әлдеқашан тапсырып қойған. Дастарханды аста-төк асқа малындырып, үйдің әр бөлмесін көз тартар көркем дүниеге толтырған Сабырбайдың ағасы қырсыққанда кәдімгі үй телефонын орнатпапты. «Телефон емес, ай сайын бекерге ақша жейтін пәлекет дерсің» дейді. «Байлар да жылайды» деген сірә, осы шығар деп ойлады Әбдеш. Содан соң қожайынның ұялы телефонынан Шәрипаның үйіне қоңырау соққан. Бармады. Байланыс орнамайды. Қаладағы өзге телефондардан да қоңырау Қазақстанның оңтүстігіндегі алақандай ауылға жетпей-ақ қойды. Сабырбай екеуі әрі сандалып, бері сандалып ақыры еш амалын таппаған. Амал жоқ болған жайды сәл-пәл өзгертіп, Сабырбай екеуі ақылдасып отырып, ойдан оқиға ойлап тауып хат жазған. Хатты ауылға почтадан жолдап кеп жіберді. Оның қашан жетері бір Құдайға ғана аян.  

Үй иесі Шәбдікеннің бұларды жібергісі жоқ. «Асықпай екі күн жатыңдар, сосын базарға шығамыз» деп жүріп ақыры көндіріп тынған. Тіпті Әбдештің әншілігінен де хабардар болып, музыкалық аспаптар дүкенінен қалағанын алып берген. Әншәбдештің көзі жайнап кетті. Өмірінде мұндайды көрген бе. Жаңа аспаптарын қызықтап күнде кешке әуелете ән салады. Жайдары мінезі асып-төгіліп жатқан Шәбдікен енді қайда барса да қасына Әбдешті ертіп алатын болды. Тіпті, мына өмір Әншәбдештің өзіне де жағып бара жатқандай. Күн сайын базардың шаруасын тындырған Сабырбай жақсылап дастархан жайып қояды. Әншәбдеш болса өзбек тойханаларының жұлдызына айналып үлгерді. «Осындай әнші тапқан мен мықты емей, кім мықты? Қазақты осал деп кім айтты сендерге?!» деп мерейі тасып Шәбдікен отырады. Пысық неме, өзге ортада өзін мойындатып-ақ тастаған екен. Қай дөкейің болмасын, Шәбдікен-әкә, қош келдіңіз деп алдынан томпаңдап шыға келеді. Бірте-бірте Әбдешті де танитын болды. Танығаны былай тұрсын, төбелеріне көтерген.  

Шәбдікен дос тұтып, жақын араласатын Баходир әсіресе, ерекше таңдай қағады. «Әбдеш хофиз, мен сениң махоратыңа хайронмын» дейді аузының суы құрып. Айтып айтпай не керек, Әбдеш айналдырған аз уақыттың ішінде Яшнабадтың маңдайға ұстар айтулы өнерпазына айналып шыға келген. Бас шаһардың бай-бағландары рубльді буат-буат ұстата салатын мырзакөңіл жандар екен. Өңі түгіл түсіне кірмеген жетістік. Арман, мақсатыңды былай қойғанда, құр қиялына да ілікпеген өмірдің ғажайып бұрылысы. Жалпақ жұртқа мәлім болған жаңалық әсілі жерде қалған ба. Тәшкеннің менмін деген газет-журналы да бұл уақытта Әншәбдештің аты-жөніне, айтқан әніне қанық болып, ол туралы бұрқыратып жаза бастаған. Мұндайда тапшан үстінде арқасын жиюлы көрпеге сүйеп тастап, тістері ақсиып Сабырбай мәз болып жатады.  

– Әбдеш, көрдің бе мен сені қандай ғажап өмірге жетелеп әкелдім, -– дер еді мес қарыны ірк-ірк етіп. Сосын ағасына бұрылып: «ШәкеӘбдешжан осында қалсам деп отыр» дейді көзін сығырайта күліп. Күнде кешке айтатыны осы төңіректе. Мұндайда Әншәбдеш бұлқан-талқан ашуланып, ауылға кетем де кетем деп азар-безерге болады.  

Бұл уақытта Сайдагүл мен аудан басшылығы бірлесіп, Әбдешті қай жерде жүр, жалпы өлі ме, тірі ме деп жаппай іздестіріп жатқан. Ақыры құқық қорғау органдары із кесіп жүріп, Әншәбдештің бір дерегін тапқандай болған. Кім біледі таппас та еді, әрлі-берлі зымырап жатқан өзбекше газет-журналдарда қазақ әншісінің суреті өріп жүрді бұл уақытта. Әккі полицейлер соны айғақ етіп, Тәшкенге тартып отырған. Шәбдікеннің шаңырағын апталап іздеп жүріп тауып, екі милиция Әбдешті екі жағынан қолтықтап, ауылға қайтқан. Ағасының жанында сауда жасап маңдытпаған Сабырбай «Мені де ап кетіңдер» деп ілесе жөнеліпті.  

Әншәбдеш араға екі ай салып ауылға жеткенде бүкіл халық көздері жәудіреп, үрпиісіп күтіп отырған. Өзін вокзалға алып кеткен сұр волгадан Әншәбдеш түскен бетте бірінші жүгірген Сайдагүл болды. Жанары жасқа шыланып, күйеуінің мойнынан тас қылып құшақтай алған. Әбден сағынышын басып, өксіп жылап, құмығып жылап, айызын қандырған соң ғана: «Қайда жүрсің?» дегенді әрең айтқан. «Тәшкенге кетіп қалыппын ғой» деді Әншәбдеш міңгір етіп. Осымен әңгіме біткен. Сөйтсе, Әншәбдеш Тәшкеннен құр келмепті. Қалтасынан ақшаға толтырып оралыпты. Ертесіне әдейілеп ауданға барып, үйіне қажетті дүние-мүлікті сықап тиеп алып келген. Содан соң ауылдағы жалғыз әншінің шаруасы дөңгелеп жүре берді. Әуелі қымбат көлік мінді. Сосын даңғарадай етіп үй салды. Сабырбай екеуі бірлесіп жүріп дүкен ашқан. Оның шаруасын әрине, Сайдагүл дөңгелетеді. Ақша адамға тіл бітіретін де ғажайып күш емес пе. Бұрын аса үндей бермейтін, сөзге сараң Сайдагүл көсіліп сөйлейтін болған. Шешесінен сөйлеп туған шешен адамдай сайрайды. Шәрипаның үйінде болған құдай жолы асында айтыпты: «Байымды Тәшкенге тағы бір барып қайт деп үгіттегеніме біраз болды. Өзі баспай жүр. Басса басып-басып тауар әкелер еді» деп. Әншәбдеш сол күйі теледидарға шықпай қалғанына өкінген жоқ. Есесіне табыс табудың тың көзін тауып алды. Қит етсе болды қасына Сабырбайды ертіп алып Тәшкеннен бір-ақ шығады. Жиһазды сол жақтан тасуға құмар. Баяғыдай бірді бірге жалғай алмай, жалақысы жанын жабырқатып, табанына тас батып, тамағына ас батпай жүрген Әншәбдеш емес. Көңілі жай, көйлегі көк, жағасы жайлауда. Теледидардан айтулы әншілерді, елге танымал өнер адамдарын көргенде көңілі аздап қоңылтақсып, бойын белгісіз мұң билегені болмаса, өз өміріне өзі риза.  

Қазір жұрт «Әншәбдеш қашан концерт қояды екен?» демейді. «Әншәбдеш тауар әкеліп пе?» дейді. «Әншәбдеш тағы дүкен салып жатыр екен» дейді. «Әншәбдеш нешінші көлігін ауыстырған?» деп таңырқайды. Жұрт оның әнші екенін де ұмытқан сияқты. 

 

Т. Раушанұлы