Толымбек Әбдірайым. "Ормандағы оқиға"

Толымбек Әбдірайым.  "Ормандағы оқиға"
Фото: touchingnature.co.uk

Толымбек Әбдірайым балалар жазушысы, 1955 жылы 12 қыркүйекте Семей облысының Аякөз қаласында туған. 2006 жылдан бастап ҚР Мәденит және ақпарат министрлігіне қарасты "Жас өркен" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Астанадағы өкілетті өкілі. Алғашқы әңгімелері мен очерктері 1970 жылдан бастап газет-журналдарда жарияланып келеді. 1988 жылы "Елегізу" атты әңгімесі "Арман қанатында" жинағына енген. Бірнеше Құрмет грамотасымен, Білім және ғылым министрлігінің "Ыбырай Алтынсарин" медалімен марапатталған. "Еркешора", "Балауса", "Мақтаншақ сары сағат" т.б балаларға арналған кітаптары жарық көрген.

***
Жанат пен Қанат көрші тұрады, екеуі де бір сыныпта оқиды. Қашан көрсеңіз де жұбы жазылмай жүргені. Екеуі де табиғатты жанындай сүйеді. Ауыл шетінде қалың орман бар. Көбінесе қарағай мен ақ қайыңдар. Мұнда келген достар жырғап қалады. Орман ішінің ауасы саф, таза. Құстар ән салады. Бұтадан-бұтаға секірген кішкентай сүйкімді, ақшыл тиіндер бастапқыда балалардан үркетін. Қорқыңқырап, биік тал басына шығып кететін. Екі бала қалталарына салып нан, болмаса шемішке алып келеді. Әкелгендерін айтақыр жерге шашып, алыстан қарап бақылап отырады. Жан-жағына жалтақ-жалтақ қараған, құйрығы ұзын құйтақандай тиін бір басып, екі басып жердегі нан қоқымына жақындайды. Ешкімнің жоқтығына, тиіспейтіндігіне көзі жеткен соң, тинәмдәй аузымен жей бастайды. Жылдам-жылдам нәпақасын жеп тауысқан соң қарағай басына өрмелеп шығып кетеді.

– Өстіп-өстіп үйренеді ғой, - деді ұзынтұра Қанат, тиін өрмелеп шығып кеткен діңі жуан қарағай басына көз тастап.

– Оның рас, - деп досының әңгімесін іліп әкетті көзілдірікті, тапал бойлы Жанат. – Қанша айтқанмен, жабайының аты жабайы. Бірақ өзі адамға жақын сияқты. Тығылып қалғандықтан, бізді көрмесе де сезетін шығар. Аң-құстарда инстинкт керемет дамыған ғой.

– Тиін немен қоректенеді екен? – деді Жанат досына қарап.

–  Соны да білмейсің бе? – Танымдық кітаптарды көп оқитын Қанат Жанаттың сауалына таң-тосын. – Мына орман ішіндегі ағаштардың бәрі оған қорек емес пе?

– Сонда қалай, ағаш кеміре ме?

– Емен жаңғағы, грек жаңғағы, орман жаңғағы, бадам, гүлдің қауызы, саңырауқұлақ, жаңа ағаш қабықтары, жәндік, ұлулар, осының бәрін жейді.

– Бұл жер қара, күн жылы кездегі қорегі ғой. Қыста не істейді?

– Азық қорын жаз күндері ұясына апарып жияды.

– Ұясы қайда?

– Ұясын ағаш басына, кейде кеуегіне, не жартас жарығына немесе тоқылдақ тескен ойықтарға салады.

– Қызық екен! Не деген ақылды жануар!

– Неше метрге дейін секіреді екен? – деді Жанат.

– Артқы аяқтары ұзынырақ және мықты болған соң ағаштан ағашқа қарай 10-12 метрге дейін секіре алады. Мұншалықты ұзындыққа секіруге оның үлпілдек құйрығы көмектеседі.

– Қанша жыл өмір сүреді?

– 10 жылға дейін. Ғылыми болжамдар бойынша дүние жүзіндегі  миллиондаған ағаштар тиіндердің көміп-сақтаған, кейін ұмытып кеткен қауашақ сортты ағаш тұқымдастарынан жетілуде көрінеді.

Екі дос әңгімелесіп қалың орман ішіне ене берді. Біраз жүрген соң тарс-тұрс дыбыс естілді. Олар қалт тұра қалып, тың тыңдады. Әлгіндегі тарсыл ағашқа тиген балта  дыбысына ұқсайды.

– Біреулер ағаш шауып жатыр, - деді Қанат.

– Тападай-тал түсте ме?

– Ұрылар ғой?

– Қайдан білесің?

– Бұл орман алқабының мемлекет меншігінде екендігін, оны қоритын қорықшы барын естіген шығарсың.

– Естігем.

– Естісең сол, бұл ұрлық!

– Көзімізді жеткізейік әуелі. Екеуміздің айтып тұрғанымыз, әзірше жорамал.

– Оның да жөн.

– Жақынырақ барайық, сонда анықталады ақ-қарасы.

Балалар дыбыс шыққан тұсқа тақап барған. Аспанмен таласа жайқалған қарағай түбін балталап жатқан екеу дереу тоқтай қалды. Біреудің жүргенін олар да біліп, кілт кідірді. Жан-жақтарына жалтақтай қарап тұрды да, балта, араларын көтеріп жылыстап кетті. Арырақ тұстағы үш аяқты мотоциклдеріне жетіп, тез от алдырып тайып отырды.

– «Ұрының арты – қуыс» дейтін атам ылғи айтып отыратын мақал есіме түсті.

– Тура айтасың. Бұлар – ұрылар! Әйтпесе қаша ма?

– Заңды түрде қолдарында рұқсат қағаздары болса, бүйтпес еді.

– Қандай амал бар?

– Қорықшы Күнес ағайға барып айтайық.

– Сөйтейік.

Екі дос күннің кешкіргеніне қарамастан шапшаңдата ауылға жетті де, Күнес ағайларына болған жағдайды бастан-аяқ баяндады.

– Рахмет сендерге! Өткенде де орманның ішкері жағында біраз ағаш кесіліп, қолды болғанын көргем. Әбден дәндеген ғой! Бұл, олардың кезекті ұрлығы. Аңдып жүріп, дәл үстерінен түсуім керек. Әйтпесе мойындамайды.

– Біздің қандай көмегіміз бар, аға? – деді балалар қосамжарлана дауыстап.

– Уақыттарың болса, екі-үш күн қатарынан кешқұрым әлгі жерге барайық. Сабақтарың қай уақытта еді?

– Түске дейін оқимыз, түстен кейін боспыз, аға.

– Онда келістік, ертең түс ауа дайын болыңдар. Ауыл шетінде кешкі бесте жолығамыз.

...Орман қорықшысы мен екі дос екі күннен соң ұрыларды ұстады. Көрші селоның адамдары екен. Күнес аға акт жасап, нәтижесінде ұрылар недәуір сомадағы айыппұл ақша төледі.

Т. Раушанұлы