Жүсіпбек Қорғасбек. Мұқағали мен Фариза #4

Жүсіпбек Қорғасбек. Мұқағали мен Фариза #4
Фото: zhasorken.kz

Басы

4.

Кілең мипаз да маңғаз адамдар жиналған мейрамхананың бүгінгі көрінісінен зиялылық лебі еседі. Жұрттың үстінен қарап сөйлейтін сұлуша жүзді, еңселі жігіт ағасының шоқтығы бәрінен биік. Біреу «Олжас» деп еді, ол жұдырығын көтеріп амандасты. Төр жақта сырбаз қалпынан бір жазбай, әңгімесін бабымен айтып тұрған мақамды дауыстың иесін ортаға алғандар оны көпе-көрнеу көзге ілмейтін тәрізді.
Анадайдан алшысынан тұрған асықтай тікірейіп жып-жинақы бір жігіт көрінді. Адамдардың көзінен, жүзінен, тіпті жүрегінен де бірдеңе оқығысы келгендей қадалады. Өзіне «Асқар» деп амандасқандарға да жаңа көріп тұрғандай тесіледі. Ол есіктен жабырқау түрмен сүлесоқтана кіріп келе жатқан мұны байқап қалып:
– Таза қазақ! – деп бас бармағын шошайтқан.
Алыстан ол да қолын көтеріп ишарат білдірді, бұл да басын изеп ишарат қылды. Қасында Фариза бар, тағы екі-үш сыпа жігіт бар. Бірақ бұл оларды тосырқап, олар мұны тосырқап қалғандай салғыртсыған. Біреулер жүгіріп келіп амандасты да кетті, енді біреулер тұрған орындарынан бас изесті де қойды.

Өзімен өзі қоңырайып, оңашалау жерге барып тұрды. Сол жерден әркімге бір көз тоқтатып қарап, көңілсіздеу бір ойға шомды. Олардың кейбірімен жарыса өлең оқып, бірге жүрген сәттері көз алдынан тізіліп өтіп жатыр. Қайсысына қараса да апаш-құпаш құшақтаса кететін кездері еске түседі.
Кенет, тап қасынан тақ еткен дыбысты естіді. Ақ таяғына қос қолдай сүйеніп тұрған арыстан жал ағасын көрді. Тарихтан біреу тіріліп келгендей тұла бойы сауыс-сауыс. Ұштары желкесіне құлаған ақ шашы үлп-үлп етеді. Басы қалтылдап, жағы салқылдап, өзіне шаншыла қарап тұр.
– Өзің айтқандай, ақ таяғымды жоныңда ойнатсам ба екен, – деп
құшырланды. – Ғабитті келістіріп қойған едім, сен неге бармайсың, а?!
– Кездестім, бірақ, өңі жылымады, – деді бұл тілазарланып. – Әлде
жеке бастың ісіне сөзі өтпейтінін білді ме, білмедім.
– Енді ол сенің аузыңа шайнап ас салам демес, – дегенде ана кісінің
бет-әлпеті топырақ түстене күреңітіп кетті. – Бүгінгінің балаларына бәріміздің сөзіміз өтпей жүр. Біз одақтың басшысын сайлағанда ғана керекпіз!
– Жоқ, сіздерге ренжімеймін, – деді ол арыстан жал ағасын
қолтығынан демеп. – Өкпелесем, өзіме ғана өкпелеймін.
– Қайта… – деген сөз шығып кетті арыстан жал ағасының аузынан. –
Қайта сен ана заманда өмір сүрмегеніңе шүкір де. Ол заманда сөзі оқшау адамдардың бәрі айдалып, атылып кеткенін өзің де білесің. Ғабаң солардан қалған жұрнақ қой. Ал біз көптің ішіндеміз.
Сөйтті де бұған жерге тығып жіберетіндей ежірейіп қарап:
– Жүр, мені аналардың қасына апарып сал! – деп бұйырды.
– Ләппай! – деп терісі қатпарланып, тамырлары адырайған қолынан
бұл да шап беріп ұстай алды.
Ақ таяқтың ұшы ағаш еденге тағы да тақ етіп тиді. Екеуі қалың көпшіліктің ортасын көктей өтіп, төр жаққа қарай жүрді. Жарылып жол бергендер, жалбақтап сәлем де беріп жатты. Әлгі бір сұлуша жүзді, еңселі жігіт ағасы да:
– Әбеке – біздің заманның патриархы, – деп құрмет көрсете басын иді.
Ер-азаматтардың арасында тұрған әйелзат та әлденеге қуанғандай
айналасын шуақтандыра сыңғыр етіп күлді. Бұл топтағылар басқалардан ерекшеленіп, арыстан жал ақынның қолтығында өздері кетіп бара жатқандай шұрқыраса жөнелді. Орталарындағы әркімге бір қадалып сөйлеп тұрған әлгі жігіт:
– Ақылды адам! – деді бәріне естірте әр сөзін кірпияздана санап
айтып. – Үлкендермен арасын жарастырып жібермек!
Ол үлкендердің арасында жұртты күттіріп ұзағырақ айналып қалды. Мақамды дауыстың иесі де бұл жолы қабағы жадырап, ұзағынан сілтеді. Қасындағылар да жарқылдап сөйлеп, қарқылдап күліп, бірін бірі қолпаштаумен болды. Арасында оның да ағаларын қостап күлген көмекей қоңыр дауысы естіліп тұрды.
Үлкендерден жұрт кең-мол дастарханға бет қойғанда барып бөлініп шыққан. Аяқ жаққа қарай жүре бергенде біреу ақырын келіп қолтығынан ұстады. Оның әйелзат екенін көрмей-ақ сезгендей қинала күлімсіреді.
– «Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр» деген қариялар осылар, – деді
толқынысын жасыра алмай. – Бірақ бұлар меннен де мықты.
– Не шешті сонымен? – деп сұрақты тікесінен қойды әйелзат. – Ғабит
ақсақал не деді?
– Бұлар бір қозғалмайды, бір қозғалса бәрін шешеді, – деді ол әлденеге алаңдағандай оң жақ қабырғасының астын алақанымен басып. – Осы кісілердің назарында болсақ екен деп қанша тыраштандық десеңші. Ұлылардың назарында болсаң, ұлттың да назарында боласың. Біздің халықта бұл қатал қағиданы ешкім бұзып көрген жоқ.
Дастарханға жақын келіп, қатарласып отыра бергенде әйелзат тағы да жеңінен тартты.
– Таңдамалы шығатын болды ма сонымен?
– Шығады, Фариза, шығады!..
– Жұмыстың мәселесі де шешіле ме?
– Шешіледі, Фариза, шешіледі!..
– Партияға да қайта алғызуға құдіреттері жете ме?
– Жетеді, Фариза, жетеді!..
Әйелзат оның қайта-қайта бір қырындай бергенін байқап, бетіне
тіксіне қарады.
– Ендеше бұл неғылған көңілсіздік?
– Білмеймін… Жанымды салып жүріп өзім де аңғармаппын… Енді бәрі
де кеш пе деп қорқам…
– Апыр-ай, мынау неғылған қан?!.
Әйелзаттың өткір көздері тұмсығына қадалған. Ол өзі де бірдеңені
сезгендей қолын аузына апара берген. Алақанына жағылған қанды көріп, қалтасынан көлдей орамалын суырып алды. Дастархан басынан жылдам бұрылып, әйелзатты соститып жалғыз тастап кетті де қалды.
– Мынаның өңі жақсы емес! – деп кіділенді әлгі жігіт.
Басқалар көрсе де көрмегенсіді, жаңа ғана оның үлкендердің ортасынан құрметпен оралғанын табан астында ұмыта салды, тіпті жалғыз шошайып қалған әйелзатқа да назар аудармады. Зиялы қауымға арналып жайылған дастарханның мәртебесі бәрінен биік көрініп, бір отырған орындарынан тұрғылары келмей керенауланды. Басқа үстелден біреулер келіп, әйелзатты қолтығынан алып, орындығын алдына тосып бәйек болып олар әлек.
– Осындайда еркек боп тумағаныма өкінемін, – деп әйелзат сөз
қанжарын жарқ еткізді. – Отырмаймын мұндай жерге!

Осы кезде арада түк болмағандай ақсия күліп, Мұқағалидың өзі де жетіп келді. Жағасы мен омырауында қызарған дақтар бар демесең, арсалаңдаған түрінен ештеңе білінбейді. Әйелзат пен жігіттердің арасындағы түсінбестікті жуып-шайып:
– Тұмсығы қанамаған еркек еркек пе, Фаризажан?! – деп жігерлене
тіл қатып та үлгерді. – Бұлардан артық жұртты біз қайдан табамыз, бізден артық жұртты бұлар қайдан табады?
Бір сәтте мың құбылған мына көріністен есін жия алмай қалған әйелзатқа тағы да еңкейіп:
– Сен жалғыз қалмасын деп асықтым, – деп шынын айтты. –Дастарханның сәнін бұзбайық, кел енді!
Оған да көңілі орнықпағанын байқап:
– Фариза, Фаризажан, Фариза қыз,
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз, – деп бір қайырды да:
– Қарашы, атың да, затың да өлеңге өзі сұранып тұр, – деп жас балаша аусарланды.
Алдарына қойылған сусынды енді қолдарына ала бергенде:
– Шеңберден шығу керек, Фариза! – деп әңгіме ауанын мүлде басқа
жаққа аударып жіберді. – Орыстың қаны өлеңде де араласып кеткен. Олар сондықтан да еркін. Түбі ол бізге де келеді, көріп тұр.
Мұқағалидың аусарлығы дастархан басын демде дуылдатып жіберді. Ананы айтып, мынаны айтып, өзі де мәз болды, жұртты да мәз қылды. Тек Фариза ғана ашуы қайтпай тікірейіп, әркімге бір сынай қарап отырған. Әр қараған сайын, Мұқағалиға да ел қатарлы көзі түсумен болған. Көзі түскен сайын, ақ көйлектің омырауындағы алқызыл дақтар да еріксіз тіксінте берген…

Қала түні етегіне сүрініп жығылған арудай, таңға жуыққы ең бір тыныш сәтке талықсып жеткен кез еді. Ай сәулесі боз биенің сүтіндей тұна қалған айтса сенгісіз бір тымық шақ болатын. Ағаш бұталарының ашаларынан сыздықтап құйылған жұмсақ нұр өңің тұрмақ түсіңде көрмеген жұмақты көз алдыңа елестететін секілді. Қай ағаштан қандай жұпар аңқып тұрғанын айыра алмай басың айналатын тәрізді. Осындай ертегіге бергісіз ғажайып түнде араларынан ай жарығы себездеген екі сұлба баяу жылжып келіп, жолтабан шетіндегі ұзын сәкіге жайғасқан. Сәкінің арқалығы көгілдір шыршаға тірелген, екі жағына екі түп арша егілген, қарама қарсысында алып емен өсіп тұрған.
– Сонымен сенің шын атың кім болды?
– Менің азан шақырып қойған атым – Мұхамметқали.
– Иә-ә, мені бала күнімнен Мұқағали деп кеткен…
Бір күбірлеп, бір сыбырлағандай болып естілген дауыс тыныш түннің
шырқын бұзбай, ағаштарға асылған ай нұрымен қосыла тербеліп тұрды. Олар біресе бір адам құсап шошайып жалғызсырап, біресе екі адам құсап бастары түйісе кетіп үздік-создық әңгімелесіп отырды. Ай жарығына біресе бадамды бет-әлпет толысып тосыла қалса, біресе кіртиген жүдеулеу жүз жалт етіп көрініп, түн қараңғылығына қайта сіңіп кетіп жатты.
– Абайдың «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» дегендегі жасы қырық тоғыз екен. Сен болсаң қазір қырықтың төртеуіне келдің.
– Иә-ә-ә… Неше мың жыл мен неге жасамаймын,
Мың жыл жасап жүргенде қара қарға!?.
– Қазақ бай болғанды, ұзақ жасағанды ұнатпайды.
– Рас-рас… Өзіңді өзің түсініп болғанда өмір,
Жаннан көңіл қалғанда, малдан көңіл…
Әңгіме аяғы тұйыққа тіреле берді де, аз-кем ауыр үнсіздік орнады. Осы кезде саябақтың екінші шетінен қол ұстасқан қыз бен жігіт пайда бола кетті. Олар бұларды көрген жоқ, қастарынан өтіп бара жатқанда да байқамады. Үнсіз, тілсіз, тек қол ұстасып қана бара жатыр.
– Ақынды аңыз жасайды, – деді бадамдысы олар өтіп кеткен соң өзіне өзі сыр айтқандай күбірлеп қана. – Пушкиннің ақындығы да аңыз, махаббаты да аңыз. Ал егер аңыз тудырамыз десек, бір «Аршалы сайдың» өзі неге тұрады. Бірақ, сенің аңызың «Аршалы сай» емес, сенің аңызың – Фариза.
– Фариза ма? – деді жүдеу өңдісі жұлып алғандай. – Фариза патшайым ғой, астында тағы, мінетін қызмет көлігі бар. Бірақ, жалғыздық Құдайға ғана жарасқан!
Кенет, бадамды кісі жүдеу өңді ақынға еңсеріле бұрылды. «Қалай өзгеріп, тозып кеткенсің?» дегендей, бетіне үңіле қарады. Ай сәулесі тура түскенде, екеуінің қабағы да құзарлана қалды. Ондағы мұң түннен де қалың, түннің қараңғылығынан да қою болатын. Тек соңғы бір үміттің ұштығына жармасып әзер-әзер ұшқындаған жанарлар ғана әне-міне тұтана кеткелі тұрған тамызықтай жылтырады.
– Фаризаға арнаған өлеңің аңызға айналады, – деді бадамды кісі бәрін
көріп, біліп отырғандай байыппен тіл қатып.
– Мен Фаризаға арнап өлең жазғам жоқ қой, – деді жүдеу өңді ақын ішіне бір құпия сыр жасырғандай бөгеліңкіреп.
– Жазасың, – деді бадамды кісі сенімді түрде, – жаңа бастап та кеттің!
– Ол бір-екі жолы ғана, – деді жүдеу өңді ақын, – қалай аяқталары белгісіз дүние.
– Құдай қаласа, жақсы бір өлең туғалы тұр.
– Бірақ, бүгін аяқтауға шамам жоқ.
– Аяқтайсың… Аяқтайсың…
– Қашан?..
– Ауруханада!..
– Қалай?..
– Бәлкім… өлім сағаты соғар алдында!..
– А?!. Не дедің?!.
– 1976 жыл, 27 наурыз!..
– Найсап!..
– Не болса да сабырмен қарсы алғаның жөн!
– Түбіме жеттім деші ақыры!..
– Сабыр!..

Бадамды кісі мұның қасынан біржола кететіндей қимастық білдіре күрсініп, орнынан тұрды. Жүдеу өңді ақын ол кетеді екен деп тіпті кірпігін де қағып қоймады. Анау екі аттап, үш аттап ұзай берді де, әлде көкке ұшқаны, әлде жерге сіңгені белгісіз, бұл өмірде өмірі болмағандай жым-жылас жоғалды. Жүдеу өңді ақын естен танғандай тым-тырыс қалды да, бір кезде барып бойынан бір ауыр жүк түскендей зілсіз зірк етті.
– Өз түбіме өзім жеттім ақыры!..
Басын көтеріп, таң бозара бастағанын енді байқады. Құлағы тарс ашылғандай, алаңдап-елеңдеп олай бір тігілді, бұлай бір тігілді. Құстардың ана ағаштың басынан да, мына ағаштың басынан да шықылықтап сайрай жөнелген үндерін де жаңа естіді.
«Мен мына жерге қалай қонып шыққам?» дегендей, екі түп аршаның арасына қыстырылған тап-тар сәкіге таңырқай қарады. «Бұл жүрісімнің алды-арты осы болсын» дегендей үсті-басын жігерлене қаққыштады. Кенет, есіне әлдене түскендей не түсіре алмағандай қабағын құжырлана түйді де бірден жадырап сала берді. Іле түнде басын құраған, таңғы елең-алаңда тағы бірер шумағын жалғаған, қайда, кімге айтарын білмей тасқындап кеудесіне сыймаған өлеңінің алғашқы жолдарын толғап-толғап жіберді.
Фариза!
Фаризажан, Фариза-қыз,
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.
Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,
Бірімізден біріміз арылармыз.
Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз.
Сен мені білесің бе, білесің бе?
Жаралмаған жан екем күресуге.
Жылай жүріп, өтірік күлесің де,
Жүресің де қоясың, жүресің де.
Бірі итеріп кеудемнен, бірі шалып,
Тастағысы келеді күресінге.
Фаризажан, сен соны білесің бе?…
Жанарымды тұманмен тұмшаладым,
…Серіппесі үзіліп тұр садағым.
Жігітінен қазақтың дос таба алмай,
Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын…
Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім…
Таң жақындап, құстар бірін бірі оятқысы келгендей түрлі-түрлі үнмен жарыса шықылықтап, сайрауын үдете түсті. Ақын көкірегін жарып шыққан ащы мұң да қара шанақты шеңбіректете шырқыраған шерлі әуенге ұласты. Қылбұрау түскендей қылғынып, бұлқынып, жұлқынған жан азасы құлақтан кетпей бебеулеп тұрып алды.

жалғасы бар

А. Оралқызы