Сlaqueur (Әңгіме)

Сlaqueur (Әңгіме)
Фото: Belcanto.ru

Тақырыпты әңгімені оқып біткен кезде түсінесіз.
Білсеңіз тіпті жақсы.
Автор.

Жалғыз өзіңіз пәтерде тұрудың, адамдармен қарым-қатынасқа түсе алмай қиналудың қандай азап екенін сіз білмейсіз. Ал оны Қасым жақсы біледі. Бұл бала күннен келе жатқан дерт емес, адамның жасы келген сайын іштей қалыптасатын күйзелісі.

Тағы бір таң атты. Күнделікті әдет. Сол қалып. Ештеңе өзгерген жоқ. Өзгеріс жасауға Қасымда не таныс болмады, не ақшасы болмады. Себебі дипломын қолына алғалы бір жылдан асты әлі жұмыссыз. Жатыпішер болып кеткенін өзі де сезсе керек, шаршады. Шаршамай қайтеді, бір жыл бойы қанша ма есікке кіргенін, қанша ма бастықтың алдына барып кішірейгенін, қолынан келгенінің бәрін жасағанын есіне алса жынданып кетуге бар. Бірақ шыдады. Мұнша шыдамдылықты берген не деп ойлайсыз? Ауылда үлкен үміт артып отырған ата-анасы. Кеудесіне түскен күйіктің құрты жеп барады. Онсыз да жыл бойына пәтер ақысын ата-анасы төледі. Ал Қасым көк тиын шығара алған жоқ. Бәлкім бұл кейіпкердің қолынан ештеңе келмей деп түсінерсіз, бірақ олай еместігін сіз жақсы білесіз. Себебі осы күйге түсірген қоғамның қажеттілігі.

Орынан ерте тұрып, жуынуға кірген Қасымның досы – айна. Жуынып тұрып айнамен сырласады:

-         Айна, бүгін мені қандай жаңалық күтіп тұр?

-         ...

-         Менің жұмыс тапқым келеді. Неге қолымнан келер емес? Сөйлеші. Бірдеңе деші, өтініш.

-         ...

Күнде осы диалог. Жансыз зат мұны қайдан түсінсін. Түсінсе де қалай сөйлесін. Шындығында Қасым өзімен-өзі сөйлесті. Күнделікті әдетімен шайға жалғыз отырды. Ешкім жоқ. Досы да жоқ. Бар деген достарының қолы тимейді. Бәрінде жұмыс. Уақыттары жоқ. Ал Қасымның уақыты көп. Тек олардың барып мазасын да алғысы келмейді. Сыйлы жерге бара беріп сыйын кетіргісі де келмейді. Қара нанға жағып жеген майының дәмі күн сайын ащып болып бара жатқан секілді. Уақыты өткен бе дейін десе, әлі бір ай жарамды. Ендеше бар мәселе тамақта емес, Қасымның өзінде. Күн сайын миын жеген түрлі ойлар ішке түсіп, құсалық пайда болса керек, жүрегі ауырып, көңілі құлази береді. Өмірден мән таппаған, өмірден өз орынын таба алмаған адам секілді мең-зең болып теледидар қарады. Қай арнаға ауыстырса да көретіні «жұмыссыз жүрген жастардың зары», «жұмыс іздеп алданып қалған жандар». Бәрі әдейі жазып қойған сценарий секілді. Шындығында бұл ешқандай жазылып қойған сценарий емес, Қасымның басына кіріп алған ойлардан арыла алмай жүргендігі. Қол қусырып жатып ештеңе бітірмесін білді. Шырттай киініп далаға шықты. Сағат таңғы жеті. Аялдамаға келді. Автобус күтіп тұр. Бірақ қай автобусқа отырады, қайда бағыт алады өзі білмейді. Бастысы күні бойы үйде отырмаудың амалы. Жұмыс тындырып келгендей кешке асқа шаршап отыру керек. Қандай аянышты. Өзіңді-өзің алдау, амалсыз амалдау адам үшін өте ауыр болары анық. Аялдамаға келіп тоқтаған автобусқа мінді. Ішінде тіршілік қайнап жатыр. Жұмысқа асыққан адамдар. Кешігіп қалып бастықпен ұрысып жатқандар, жалақысын алып бақыттан басы айналып отырғандар... Қасым іштей ойланып тұр: «Мен жұмысқа кірсем кешікпес едім, жалақым қанша болса да маңызды емес, жұмысты бар махаббатыммен істер едім».  Бұл әбден ашынып кеткен, санасына тұнып қалған ойлардың әлегі ғана. Қасым көңілі қалап тұрған аялдамадан түсіп қалды. Жая жүріп келеді. Зәулім үйлерге қарап армандайды. Солардың ішінде жұмыс жасағысы келеді. Армандайды, аңсайды. Көше бойында тұрған «Хабарландыру» тақталарына мың барды. «Жұмысқа адам аламыз» деген парақша көрсе болды бірден хабарласады. Бірі адам бар десе, бірі түрлі жарнамалық агенттік болып шығады. Ештеңе өнбеді. Күн ымырт тартқанға дейін дала безген Қасым ақыры келесі бір автобусқа отырып, үйіне келді. Үйінің есігін енді аша бергені сол еді, телефоны шыр ете түсті. Әбден жұмыс іздеп сандалған жігіттің телефоны шыр ете түссе болды, көңіліне үміт ұялап, қуанып кетеді. Есікті ашпастан алдымен тұтқаны көтерді.

-         Ало? Ало?

-         Иә, ассалаумағалайкум! Тыңдап тұрмын сізді.

-         Сызылып қалыпсың ғой, Қасым! Мен ғой Медет. Көңіл быт-шыт болды. Жұмыс екен десе досы.

-         Иә, Медет. Тыңдап тұрмын.

-         Жаңалық бар?

-         Қандай?

-         Жұмыс керек пе? Қасымның есі шығып кетті. Тіпті мұндай жақсы сөзді өмірінде бірінші рет естіп тұрған адамдай айғай салды.

-         Иә! Керек, Досым! Аузынан «досым» деген сөздің сондай бір сүйіскеншілікпен шыққанын өзі де досы да аңғармай қалды.

-         Кешке бір бөтен номер хабарласады. Өзің келісерсің. Қандай жұмыс екенін өздері айтады.

-         Жақсы! Келістім. Күтем. Рақмет саған досым, бұл жақсылықты қалай қайтарсам екен.

-         Жоқ, оқасы жоқ. Бастысы жұмыс ұнаса болды.

-         Ұнайды. Ұнайды. Жұмыстың қандай екенін де білмейді. Бірақ сарыла күткен жұмыстың қандай болса да керектігін жақсы түсініп тұр.

Есіктен үйге ентелей кіріп, бірден жуынатын бөлмеге кірді. Айна алдына келіп:

-         Көрдің бе, айна! Мен жұмыс таптым. Мен ақыры бұл күнге жеттім.

-         ... Айнаның ар жағында тек сөйлеп тұрған Қасымның өзі. Айна алдындағы түрін көрсеңіз, дәл бұлай бақытты болған емес. Кейде бір сөз адамның өмірін өзгертуі мүмкін. Ол қандай сөз болса да маңызды емес, бастысы сөздің салмағында, үмітінде. Қасым осы қуанышпен кешкі шайына отырды. Енді іше берген кезде, жанында тұрған телефон шыр ете түсті. Ұртына енді жеткен кесені тастай салып, телефонды аптыға көтерді.

-         Ало?

-         Ало! Иә, тыңдап тұрмын.

-         Қасым ба екен?

-         Иә, иә Қасыммын аға!

-         Жақсы. Жұмыс жайында хабарласып тұр едім.

-         Иә, Медет айтып еді. Дайынмын. Қандай жұмыс болса да істеуге дайынмын.

-         Асықпа. Бұл оңай жұмыс емес.

-         Түсіндім! Бәрбір істеймін.

-         Өзің бір ұшқалақ адам екенсің, асықпай тұра тұр. Сен қазір қайдасың?

-         Үйдемін. Қайда барайын?

-         Абылайхан көшесінің бойына, Жазуышлар одағына келе аласың ба?

-         Әрине! Қазір шығамын.

-         Мен сені сол жердегі асханада күтемін.

-         Келістік!

-         Жақсы!

Ағылып жатқан көліктермен бірге Қасымда ағын судай ағып барады. Тез жетуге асығып келеді. Қандай жұмыс екенін білу емес, жұмыс ұсынып тұрған «періште-адамның» жүзін көргісі келіп тұр. Сондай тез жылдамдықпен жүріп келе жатқан көліктің өзі Қасымға жүрмей тұрған секліді сезілді. Әр саусағын ауызына бір салып, жүйкесі дамыл таппады. Тырнағын тістелей берді.

-         Жеттік бауырым.

-         Рақмет аға!

Есіктен шыға салып, Жазушылар Одағының жанындағы асханаға қарай жүгірді. Жол кесіп өтемін деп көлік қағып кете жаздады. Кейде адамдарға таң қаламын, қажеттілік үшін жанын беруге дайын. Асханаға кіре салып, жалғыз отырған адамды іздеді. Сонау бұрыш жақта басына ұзын шляпа киген, үстіне қара жейде киген, қолында темекісі бар, шай ішіп отырған адамға көзі түсті. Телефондағы дауыстың ырғағына сүйеніп, Қасым «осы болар» деп қасына жақындады. Жанына келгені сол еді:

-         Қасымсың ба?

-         Дәл солай, аға!

-         Бәрекелді. Кел отыр. Қасым үстелдің екінші жақ бетіне жайғасты.

-         Не ішесің?

-         Бір кесе су жетеді.

-         Су?

-         Иә! Даяшы алып келген бір кесе суды тоқаусыз жұтып алған Қасым енді есін жиған адамдай тынышталды. Ентігіп тұрған кеудесін қолына алып, жұмыс берушінің жүзіне ұзақ қарады.

-         Қасым, бірден іске көшелік. Қайда тұрасың?

-         Осында қалада.

-         Үйің бар ма?

-         Пәтер жалдап тұрамын.

-         Мамандық қандай?

-         Гуманитарлық бағытты бітірдім.

-         Ол тіпті жақсы. Медет сен туралы айтып еді. Жұмыс таба алмай жүрегіңді естідім. Жұмысқа деген махаббатыңды да айтты.

-         Иә, кез келген жұмысты істеуге бармын. Бастысы жұмысқа кірсем болды.

-         Түсінікті. Жалпы былай, сенің жұмысың өте оңай әрі ауыр.

-         Қандай жұмыс?

-         Шапалақ соқшы.

-         Түсінбедім?

-         Екі қолыңмен шапалақташы. Көрейін. Ештеңе түсінбеген Қасым жұмысқа кіру үшін жасалып жатқан сынақ болар деп, бар жан-тәнімен екі қолы қызарып кеткенше үш-төрт рет шапалақ соқты.

-         Жарайсың. Анық әрі шынайы шығады екен. Осы апта соңында, дәлірек айтсам жұма күні кешке менің шығармашылық кешім болады.

-         Иә...

-         Сол кезде саған ортадан орын алып қояды. Мен өлең оқыған сайын, саханаға шыққан сайын орныңнан тұрып не отырып шапалақ соғасың. Сенің шапалағың қасыңдағы адамдарға әсер етпеуі керек. Бірақ бәрі шынайы болу керек. Өлеңнен хабарың бар ма?

-         Әрине! Сүйіп оқимын, өзім де жазамын.

-         Онда тіпті жақсы. Жасайтын жұмысың үш-ақ нәрсе: «Керемет!», «Шедевр!» деген екі сөзбен шапалақ қана.

-         Болды ма? Сонда менің жұмысым осы ғана ма?

-         Иә. Сенің жұмысың осы. Келіп шапалақ соққаның үшін мың теңге, ал залды өзіңнің артынан ертіп, халықтың көңілін маған аударта алсаң, бес мың теңге беремін.

-         Түсінсем бұйырмасын, сонда бұл қандай жұмыс? Ұзақтығы қанша уақыт?

-         Бір-ақ күн. Бұл өзі сондай ерекше жұмыс. Сондықтан келісесің не басқа адам іздеймін.

-         Жо...жоқ! аға келістім. Тек менің тұрақты әрі ұзақ жалақы алып жұмыс жасағым келеді.

-         Онда ол жағын көрерсің. Келістің бе, жоқ па? Бастысы жұмыс шығып тұр ғой деген оймен Қасым келісті. Екеуі ұзақ отырмады. Қол алысып үйлеріне тарасып кетті.

Қасым үйге келіп біресе күледі, біресе жылайды. Не жұмыс екенін түсіне алмай әлек болды. «Шапалақ соққанда тұрған не бар. Барып соғамын да, ақшамды аламын. Бастысы жұмыс істеп бастаймын ғой» деп ойлады.

Жұманың кеші басталды. Жазушылар одағының алдында тұрған Қасымға ешкім мән берген жоқ. Келіп жатқан қонақтардың қарасы көп. Зал жартылай толып, кеш басталды. Тап ортада Қасым отыр. Бастысы өз тапсырмасын біледі. Ақын ортаға шыққаны сол екен, Қасым орнынан атып тұрып, шапалақтай бастады. Жанында отырған адамдар үрке қарады. Қасым оларға мән берген жоқ. Себебі оны қазіргі бастығы анау саханада тұрған ақын. Ақша беруші, жұмыс беруші сол. Сондықтан Қасымға адал жұмыс жасау керек. Қасымға еріп он шақты адам шапалақ соқты. Бірақ ешкім орнынан тұрған жоқ. Қасымды мың теңге қанағанттарымайды. Себебі аз. Адам о бастан қанағатсыз. Әйтпесе кеше ғана жұмыс болса болды, жалақысы маңызды емес деген жігіттің көңілінде барынша көп тапқысы келетін күдікті ой пайда болды.

Ақын өлең оқыған сайын Қасым орынан тұрып шапалақ соғып, «Керемет!», «Шедевр!» деп айғай салады. Жанында отырған адамдар күле қарайды. Мазаққа ілінді. Бірақ жігіттің көңілі үшін олар да шапалақ соғады. Жалпы адам қызық жаратылыс. Шапалақ соқпай да отыруға болады, бірақ біреу шапалақ соқса, не сөз бастап кетсе соған еру, еліктеу әдет. Бәлкім сол үшін болар, Қасым кеш біткенше бар залға шапалақ соққызып, орындарынан тұруға әсер етті. Кеш аяқталған соң, сахнаға артына келген Қасымға, ақын алғысын білдіріп, рақмет айтты.

-         Жарайсың бауырым! Бұл бір жағы сенің арқаң! Мә он мың теңге.

-         Жоқ, рақмет ала алмаймын. Келіскен бағаны алайын.

-         Жә, ештең етпес. Жақсы жұмыс. Тағы да шақырамын. Хабарда бол.

-         Жарайды, аман болыңыз аға!

Бүгін түнеріп тұрған, мұңға батып тұратын пәтердің ішіне жарық кірді. Сәуле еніп, Қасым он мың теңгені көтеріп ішке енді. Айғай салады, қуанады, біреуге хабарласып айтқысы келеді, бірақ келісім кезде айтуға болмайтыны ескертілген. Дегенмен ішінде жатса жарылып кетердей. Тағы да жуынатын бөлмедегі айнаға барып сырын айтты. Өзінің алғашқы жұмыстан тапқан он мың теңгесімен мақтанып ұйқыға кетті.  Түн ауған сәтте қоңырау шыр ете түсті.

-         Ало? Қасым ба?

-         Иә.. тыңдап тұрмын.

-         Жұмыс барысымен хабарласым тұрмын. Ұйқысы келіп жатқан Қасым атып тұрды.

-         Иә, аға айта беріңіз!

-         Кеш болып кетсе де айтайын, қазір жолыға аламыз ба?

-         Жарайды. Қай жерде

-         Тетарда.

-         Жақсы қазір шығамын.

-         Күтемін!

Бір жыл бойы күткен қуаныш қатарынан келген сайын Қасымның ішіне қуаныш пен бақыттан басқа ештеңе толған жоқ. Тағы да жұмыс табылды. Лезде киінген күйі, тетарға тартып отырды. Жете салып қайта қоңырауға хабарласты. Келіскен жерге жетіп, арықтау келген адамның өзін қарсы алғанын көрді де:

-         Қасымсың ба?

-         Иә!

-         Номеріңді біреуден алып едім. Кімнен алғаны түсінікті. Бірақ Қасым мән бермеген адамдай кейіп танытты.

-         Айта беріңіз! Қандай жұмыс?

-         Мен режиссермін. Ертең кеште менің қойылымым болады. Соған келіп «клакер» болып берсең.

-         Түсінбедім, қалай дедіңіз?

-         Үй, сен білмейсің бе «клакердің» не екенін?

-         Жоқ.

-         Түсінікті. Сенің осының алдында жасаған жұмысың, яғни шапалақ соғып елдің назарын аудартқаның «клакер» деп аталатын өнер түрі.

-         Мәссаған! Солай ма! Керемет! Оның атауы да бар екенін білмеппін.

-         Иә, бұл бағзыдан бар өнер. Сонымен жұмыстың барысын білесің, қойылым біткен соң он мың теңге беремін. Әрине өз жұмысыңды тиянақты атқарсаң.

-         Келістік!

-         Ендеше ертең кешке күтемін. Залдың шет жағында отырасың. Орның дайын.

-         Жақсы. Көріскенше!

Қасым үйге келіп ұзақ ойланды. Сонда менің жұмысымның аты да бар ма? Қызық. Клакер... Мен енді филолог емес, клакермін бе? Бәлкім бұл бір жақсылық болар. Он мың теңге жерде жатқан жоқ. Екі күнде жиырма мың теңге. Жақсы ақша. Несі бар көрелік.

Ертесінде айтылған уақытта, айтылған жерде Қасым күтті. Қойылым басталды. Қасым әдеттегідей «Керемет!», «Шедевр!» деп айғайлап, шапалақ соғумен болды. Жұрт бұған қарап шапалақ соғып, қосылып отырды. Қасым өзі залдағы дирижер секілді сезінді. Тек қолында таяқшасы жоқ, шапалағы бар дирижер. Қойылым біткен соң жүргізуші режиссердің атын айтып, ортаға шақырды. Қасым орнынан тұрып шапалақ соққаны сол екен, зал үре түрегеліп қосыла кетті. Бәрі бітіп, режиссер Қасымды сахна артына шақырды.

-         Керемет, бауырым! Мә, бұл сенің еңбегің деп жиырма мың теңге ұстатты.

Осының алдында бас тартқан Қасым, бұ жолы ойланбастан ақшаны алып қалтасына салды.

-         Рақмет аға! Көңілден шықса болды!

-         Әрине, шықты! Ал жолың болсын!

Екі күн ішінде отыз мың теңге тапқан Қасым өмірінің бұлай өзгеріп кететінін білген жоқ. Айына отыз мың теңге тауып жүрген достарының қасында өзін жоғары санай бастады. Қажеттілік қашан да керек. Бірақ қасым бұлай бәрі тез әрі лезде болып кетеді деп ойлаған жоқ. Жуынатын бөлмеге келіп, айнаға масаттана қарады.

-         Көрдің бе, өмірде бәрі болады. Маған сенбеген едің, ал мен екі күнде осынша ақша таптым. Не дейсің айна?

-         ....

-         Сөйлеудің қажеті жоқ. түсініп тұрмын. Менімен мақтанасың ғой. Әрине мен де өзіммен мақтанамын. Оңай жұмыс, жеңіл ақша. Тіпті менің жұмысымды «кла..» қалай еді, жарайды атауы емес, бастысы ол не екенін білесің бе?!

-         ...

-         Өнер! Өнер екен! Мен өнермен ақша тауып жүрмін! 

Жалғасы бар...

М. Ақан