- Негізгі бет
- Проза
- Талғат Кеңесбаев. Моцарт...
Талғат Кеңесбаев. Моцарт (роман)
Белгілі жазушы Талғат Кеңесбаевтың "Моцарт" атты романы – психологиялық шығарма. Музыканы аса жақсы көретін Ботайдың қапияда қандай жағдайға тап болатынын білгіңіз келсе, оқып көріңіз!
Түнімен ұйықтай алмаған Адам түс кезінде сүйретіліп орнынан тұрған. «Көзімнің ілінгені сол еді ғой, ұлым-ау. Пианиноңды дарылдатып, оятып жібердің ғой...»-деді ішінен. Әжетханаға кіріп, шаруасын бітіре отырып, ұзақ ойланды. Анау-мынау емес, бір мың доллар. Кеше жігіттер берген тапсырма. Сіріңке. Шиді түртіп қалады – мың доллар. Мына ескі «Жигулиді» сатады, жаңасын алады. Тағы...тағы...ойлар...
Адам жаман кісі емес, ақ көңіл. Аңқау. Бір кісіге жетерлік жомарттығы да бар. Бірақ қорқақ. Өзі соған ыза болады. Бала болып ойнағанымен, төбелесіп көрмепті.
Музыканың үні өшкенде, суды сар еткізіп ағызды.
– Ну, папа, ты даешь, не ішің ауырып қалды ма? – деді Ботай күліп.
Үндеген жоқ. «Сіріңке алу керек». Жол шетіндегі өз «учаскесіне» барса болды. Бір мың доллар.
– Кеттік, балам.
– Қайда?
– Орманға.
– Ой, папа, қандай молодецсің. Шіркін, менің пианиномды алып барсақ қой!
– Оны қайтесің? – деді Адам баласына таңырқай қарап.
– Папа, орманның өз әні бар ғой, сен білесің бе оны... Моцартты тыңдасаң ғой, папа!
Адам баласына күдіктіне қарады. «Есі дұрыс емес, әйтпесе жынды кісінің сөзін сөйлей ме?».
Бала жиналып жатыр. Үйдің ішінде ерігіп жүрген ақ пудель кірлеп кеткенін сезетін түрі жоқ. Ит. Адам емес. Адам ұқыпты. Таза жүреді. Қызмет. Бірақ онысынан қысқарып қалды. Мұғалім әйелі – базарда. Екі киоскісі бар. Налоговыйда ғой – балдызы. Жиенінде «КамАЗ» бар. Бауырмал өздері. «Ағалап, тәтелеп» тұрады. Өйтпей ше. Ештеңе жоқ, бәрі шешесінің көзі тірі кезінде осы үйде өсіп-өнген. Марқұм, өте мейірімді еді. Осы Ботайды алдына алып, ыңылдап ән айтып отыратын еді, жарықтық. Мектепке барғанын көре алмады.
– Жүр, папа, біз дайынбыз.
– Бізің кім?
– Шарик және мен.
– Жетіскен екенсің итпен дос болсаң...
Көптен адам болып ашуланғаны осы. Ашуланып жүріп машинасына от алдырды. МАИ бекетіне келгенде, жел соқса, құлағалы тұрған жүдеу, алатаяқты тоқтатты. Жүрегі су ете түсті. Правосының орнына сіріңке ұсыныпты ғой. Анау басын шайқаған.
– Байқап жүріңіз, - деді маңғазданып жүдеу неме. Бірдеңе дегісі келіп еді, бұған пысқырып та қараған жоқ, шидиген қолымен ала таяғын көтеріп, ағызып келе жатқан «иномарканы» шыиқ еткізіп тоқтатты.
Адам өз «учаскесіне» келді. Ботай мен ақ пудель қалың қарағайдың ішінде ойнап жүр. «Ақымақпын, ақымақпын, баланы ертіп нем бар еді.» Жігіттер ешкімге сездірмек түгілі, өздерінің тапсырыс бергені туралы тіс жармауын шегелеп тұрып тапсырған. Адам уәде берген.
– Папа, орманның иісі қандай тамаша! Иіскеші, бұл да ғажап музыка ғой, - деді Ботай.
«Точно,» - деді ішінен Адам. «Точно, жынды, мұны ертең дәрігерге қарату керек».
– Папа, тыңдашы, бұл – Моцарт, - деді ұлы кассетаны қосып жатып. Жүріп кетті. Адам адымдаған. Жүз елу қадам. Мың доллар. Ойланып жүріп алды. Сіріңке ұстаған қолдары дірілдеді. Бір тартты. Болмады. Тұтанбақ түгілі ши бел ортасынан шырт етіп бір-ақ сынды. «Китайский екен.»
Алға басқан аяғы артқа кетіп, машинаға келді. Ботай танауы пысылдап, ұйықтап қалыпты. Қолында кассета. Лентасы шұбатылып жатыр. Магнитофонның оңдайы бар. Налоговыйдағы балдызы тұған күніне жаңасын әперемін деген, ұмытып жүр. «Жезде, маған жұмысқа келсеңізші», - деп еді. Әйел көнбеді. «Үйде бол. Ботайды музыкаға кім апарып келеді.»
Терлеп кетті. Бойтұмардай сақтап жүрген орамалды қалтасынан алып, маңдайын сүртті.
- Апамнан қалған көз ғой, - деді сыңсып тұрған қалың орманға қарап. Адам түшкірді. Ботай пысылдап ұйықтап жатыр. Ұйқысырады. «Моцарт, Моцарт...»
«Ертең осыны дәрігерге қаратпасам».
Адам шешімге келді. Жүрегін басты. Багажниктен бензинді алып, банкіге құйды. Төгіп алды. Қайта құйды. Шүпілдеп тұр. Канистрдің аузын жабар-жаппастан багажникке емес, машинаның ішіне апарыпты ғой. Уақыт жоқ. Аяғын тез-тез басып, бағанағы жеріне келді. «Осы жер ме, өзі? Онда машина алыстау тұрған сияқты еді.» Уақыт жоқ. Бензин құйған банкіні жерге қойды. Қалтасына қол салып еді, сіріңке емес, орамал шықты. Анасы қайтыс болғанда жыртысқа таратқан үш жүз орамалдың біреуі өзінде қалған. Еңкейе бергенде аяғынан біреу түртті. Бұтына жіберіп қоя жаздады. Адам қорыққанынан қалш-қалш етті. Ақ пудель. Мойнына кассетаның лентасы оралып қалыпты. Иесінің қорыққанынан ыржиып тұр, иттің ғана баласы!
Адамның талайдан бергі күлгені осы. Өз-өзінен. Өмір бойында жоқ қайсарлық келе қалды. Бір минут батырлық бітті. Шап беріп ақ пудельді ұстап, үстіне шаша-маша бензин құйды. «Әй, сенің де әйелім Түркиядан әкелген кілемнің үстіне істемегенің бар ма?» Шыбықтай иретілген құйрығының ұшына орамалды байлап қойды. Жерге жіберіп, «кә-кә, күшігім» деп еді, ит емес пе, алдыңғы екі аяғын көтеріп, тілі салақтап, шыр көбелек айналды. Ботай үйреткен.
- Қазір сені билетемін, иттің баласы, - деді тұңғыш рет кіжініп. «Ит – иесі үшін» деген атам қазақ, мына орманды жалғыз өзім өртеп жүрем бе? Біреу көріп қайтса қайтпекпін. Ботай оянып кетсе мамасына айтып қоймай ма?
Оп-оңай сіріңкені тұтатып тастай салды.
Отты шар айналған. Анасынан қалған орамалды алмақ болып қолын созғанда жалын шарпып түсті. «Орамал, орамал – апамнан қалған көз...»
Отқа оранған ақ пудель жан ұшырып барып, Ботай ұйықтап жатқан «Жигулидің» ішіне кіріп барды. (Жан беру оңай ма...)
Сол-ақ екен...
Өрт үш күнге созылған. Бүкіл қала болып жабылып, әрең өшіріп алды.
...Адам оң көзден айырылған. Жүз жылға қартайған. Шашы түсіп қалған. Ол түк емес қой, Ботайдың жылын бергеннен кейін өмір бойы бірге оқыған, бірге тұрған әйелі күйеуге шыққан. Кімге дейсіз ғой? Налоговыйдағы балдызының бастығына. Ел бір-екі ай сөз қылды. Сосын қойды. Ел сөз қылып жатқанда «Гербалайфпен» қоректенген әйел жалт-жұлт еткен қап-қара «Мерседеске» мініп, қаланың ішінде ағызып жүр. Жол ережесін бұзбайды.
Адам орманға келді. Өз учаскесіне. Өртенген орман.
«КамАЗ»-ға ыңқитып тұрып ағаш тиеген бауыры жанынан өте шықты. Таныды. Тоқтаған жоқ. Ауру ағаның керегі не? Бірге тумақ болса да, бірге өлмек жоқ. «Заказды уақытында орындау керек, Адам аға!»
...Адам қара күйеге оралған, жалғыз қалған қарағайды құшақтап жылады. Ботайды – баласын сағынды. Айналасына қарады. Қылтиған түбірлер бір кезде Моцарттың әр нотасын басқан Ботайдың балғын саусақтарындай шошайып-шошайып тұр.
...МАИ бекеті. Бір кездегі жүдеу «гаишниктің» мойны жуандап, шыр біткен. Бірақ, түтіннің иісі тамағына келіп, жұтына береді екен. Таныс дәрігерлерінің бәріне қаралды. Сонда да болмапты. Ауырады. Өзі сондай беделді. Ешкімді менсінбейтіндердің өзі, оған «Бәленбай, Бәленбаевич» деп, жалпақтап жатады.
Күз ерте түсті. Баланың алақанындай жапырақтар жауды. Күн де жылы. Кепкен жапырақты шытырлаған бопыр ақшадай басып, жүріп жатырмыз.
Жексенбі күні ерте тұрдым. Желідегі тұрған коңыр телефон кісінеп жіберді. Көтердім. Бас редактор.
– Жалықтым, - деді мұңайып. – Қолыңнан келсе, екі-үш беттік бірдеңе жазып, әкеліп берші. Халтурщиктерден әбден жалықтым. Том-том романдарын арқалап келіп, міндетсиді. Тәуір дүние болса, бір жақсы ғой. Мына заманда, олардың шимайын кім оқиды? Жаза алмаймын дейсің бе, онда өзің біл. Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңе болайын деп, трубканы тастай салды.
Кармағымды алып, балық аулауға жиналдым. Велосипедіме мініп, орманшылардың соқпағына түсіп алып, тіке тартып келе жатыр едім, алдымнан зират кезікті. Жанында «ЗИЛ» машинасы тұр. Бір кішкентай бала, бір әйел, сосын етік киген, жүдеу еркек.
– Аға, аға, - деді шопыр менің төбем көрінген кезде.
– Не болып қалды? – дедім сасқалақтап.
– Көмектесіп жіберіңізші, өтінемін сізден. – Мына кісі жолдасын жерлеуге әкеліп тұр. Өзіңіз де білетін шығарсыз, бұл жас жігіт мына МАИ бекетінде тұратын еді ғой, тамағы ауырып, бір-ақ күнде қайтыс болды. Адам қолында бар кезінде керек екен ғой, «Бәленбаевич» деп, бәрі жалпақтап жүруші еді, жерлеуге де келмеді ғой, иттің ғана балалары...
Көмектестім. Топырақ салдым. Көртопырақтың иісін бірінші рет сездім. Келген ізіммен кері қайттым. МАИ бекетінде жасыл түсті киім киген екі жігіт әрі-бері өткен машиналарды тоқтатып жатыр.
Бір кезде, маған сеніңізші, мәртебелі оқушым, сықитып ағаш тиеген жиырма «КамАЗ» келіп қатар-қатар тоқтады.
Сол-ақ екен...
Қара орманнан шар ете түскен сәбидің даусы естілді...
Талғат Кеңесбаев
ПАВЛОДАР -2000 жыл