- Негізгі бет
- Проза
- Постмодернизм деген не?...
Постмодернизм деген не?
Кез келген елдің мәдениеті мен әдебиеті сол ел қандай екенін, ол елдегі саяси-экономикалық тұғырдың қай деңгейде дамып, қай жерде сүрініп жатқаны жайында ақпарат береді. Өйткені, адамзат баласындағы ойлау қабілетінің ең бірінші сатысы бірден есеп шығару немесе тәжірибе жасап көру емес, алдымен идея, санада белгілі бір ойлау объектісін қалыптастырып алу. Содан кейін адамның ісі жүзеге аспақ. Ендеше, сол идея, сол ойлаудың объектісін жасаушы – әдебиет. Бұл тұжырымды көктен алып отырған жоқпыз. Қазақтың маңдайына біткен ғалым, «әдебиет – ардың ісі» деп бағалайтын академик Зейнолла Қабдоловша айтқанда: «Әдебиет – сөз өнері».
Жалпы тақырып осы әдебиеттің ауылында болмақ. Постмодернизм. Ас атасы нанды бірден нан күйінде алға тартпаймыз. Алдымен анау атыз басындағы бидайы, оның диірменге түсіп тартылып, ұн қалпына келіп, одан шығып илеуге түскенінше оған біз «нан» деп баға бере алмаймыз. Дәл сол секілді постмодернизмнің қандай ағым екенін, жалпы тіркесе келген сөздің «модернизм» деген ағымнан айырмашылығы қандай, шығу тарихы деген секілді сұрақтарға жауап іздеуіміз абзал.
Алдымен басынан бастайық
Әр қоғамда әртүрлі әлеуметтік жағдай туғызатын, әр дәуірдегі идеологиялық күрестің әдебиеттегі көрінісі – әдеби ағым. Әдеби ағым – тарихи категория. Белгілі бір қоғамдағы саяси – әлеуметтік жағдайға байланысты туып, сонымен бірге жоғалып отырады. Кез келген әдебиетті алып қарайтын болсақ, сол әдебиетте пайда болған ағымдар белгілі бір категорияға негізделіп пайда болған жоқ. Олар тарихи кезеңдерде қалыптасып, сол кезеңде белең алды. Уақыттың тілін кері қарай бір шегеріп алайық.
XVII ғасырдың аяқ жағында туып, XVIIІ ғасырдың орта тұсына дейін өнер атаулының бәрінде, әсіресе Еуропа әдебиетінде орасан кең өріс алған жұртқа мәлім ағым классицизм болды.
Бұл ағымның тууына бірден бір себеп, жалпы Еуропада жаппай абсолютизм жанданған кез. Ал, абсолютизм деген дүние негізінен келгенде белгілі бір саяси-әлеуметтік билік. Қарап отырсақ, әдебиеттегі ағымның пайда болуына әсер етуші объект – қоғам. Адам және қоғамның сана жетілуінен осы ағымдар пайда болады. Тек бір абсолютизмдік билік арқылы классицизм жарық көрген жоқ, одан бөлек сентиментализм, натурализм, позитивизм, абстракционизм, символизм, импрессионизм деген сынды көптеген ағым жарық көрді. Әр ағымның әр қилы кезеңдері мен өзіндік құрылымдары, мәндері болды. Осы «-изм» дердің қатарын «модернизм» деген жаңа бір өкіл сырып тастап, өзінше арна салды.
Модернизм – (итал. modernismo, лат. modernus – жаңа, қазіргі) – ХХ ғасыр басында рухани сана дағдарысы кезінде пайда болған философиялық-эстетикалық ағымдардың жиынтық атауы. Бұл ағым ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында пайда болды. Негізінен алғанда соғыс кезеңінде дәуірледі. Мұндағы басты қағида: адамдардың жеке тұлғалық болмысын көрсету. Белгілі бір жүйеге бағыну емес, адамның жеке қалуы, оның ішкі жанының жалғыздықта қалып, сонымен арпалысуы сынды қисынсыз дүниенің пайда болуы. Модернистер әлемдік деңгейдегі қоғамдық қайшылықтар, санадағы қақтығыстар кезінде адам дүниенің мағынасыз екенін, өзінің өмірдегі жалғыздығын түсінеді деген пікірлерді алға тартты.
Біз айтып отырған ағымның «-измге» дейінгі атауы «постмодерн».
Постмодерн дегеніміз – ғылыми-техникалық және ақпараттық төңкерістердің қазіргі кезеңінің әсерінен саяси қатынастарда және процестерде жүріп жатқан өзгерістер дәуірі. Яғни, тұрақсыз, ауытқуы көп кезең. Оның қалыптасып, қоғамда белең ала бастауын ғалымдар 1968 жылдармен байланыстырады. Оған себеп, сол тұстағы Францияда болған студенттердің демократиялық қозғалыстары. Сана еркіндігі. Ал, жалпы ғылыми тұрғыда оның зерттелуін 1980 жылдардан бастайды. Бұл дәуірді философтар ұзақ зерттеуге алды. Зерттеудің түбі айналып келіп бір ғылым жасады. Ол – постмодернизм болып аталды. Постмодернизмнің теориясы қазіргі күнгі ең беделді философтардың бірі (ол сонымен қатар мәдениеттанушы, әдебиеттанушы, семиотик, лингвист) Жак Дерриданың концепциялары негізінде туған. Дерриданың пікірінше, «әлем - мәтін», «мәтін – шынайылықтың жалғыз ғана мүмкін моделі».