- Негізгі бет
- Проза
- Мұхтар Мағауин. "Мен"...
Мұхтар Мағауин. "Мен"
Белгілі жазушы Мұхтар Мағауиннің «Мен» ғұмырбаяндық хамсасын көпшілік оқырман іздеп жүріп оқыды. Қаламгер өмірімен жақын танысты, талай бүркеулі шындықтың бетін ашты. Бұл шығарма туралы сыншы А. М. Кəкенова былай дейді: "Қазақ сөз өнерінде айрықша өнер туындату өрнегімен ерекшеленген, озық туындылары қазақы рух пен тарихи таным тынысын ала келген қаламгердің бұл шығармасын жазудағы басты мақсаты – өткен өміріне көз жібере отырып, бүгінгі барымен бөлісу болатын". Иә, рас. Жазушының өмір жолына, әдебиеттегі жолына тағы бір мәрте үңіліп көрелік...
МЕН
Қаламға және оның жазуына серт!..
Құран – 68 сүре, 1-аят.
Бисмиллаһ ир-рахман ир-рахим! Өзіңе тура баста…
Шытырман. Яғни, менің еншілі өмірім мен таңбалы жазуым. Бастан өткен ғұмырдың көңілдегі суреті. Қаламға ілінген жазудың жүректегі жүгі. Тұтас ғұмыр емес, бедерлі белестер ғана. Бар жазу емес, дертті толғаныстар ғана. Өмір — арқау, жазу — өрмек. Екеуінің тумысы бір — Менің өзім. Мен. Мен… Кіммін? Ешкім білмейді. Өз ұғымым да бұлдыр. Анық ақиқаты: тегім — кісі, дінім — ислам, нәсілім — түрік, ұлтым — қазақ, ұраным — Алаш, есімім — Мұхтар, сойым — Мағауин, туған жылым — миләди 1940, бүгінгі жасым — елу алтының үстінде…
Өте ұзақ ғұмыр кешіппін. Өмірдің көбі өткен, азы емес, әлденендей бір бөлшегі ғана қалған. Абай атам айтқандай, келер заманың — көк тұман. Сәуле көмескі, үміт буалдыр. Сен… сенің кесімің әуел бастан белгілі. Тозаңнан жаралдың, топыраққа айналасың. Ештеңе өзгермейді. Бірақ… ұрпағың бар емес пе! Бүкіл ұлысың, ұлтың алдындағы тар кешу немен тынбақ? Азаматыңды қажытып, жеткініңнің жігерін құм қылып, бәсіре байлығыңды талапайға салып, жұртыңды біржола тоздырып бара жатқан заманға қарсы тұрар қайла бар ма? Сен білмейсің. Білсең де жүзеге асыра алмайсың. Сенің білгенің, қолыңнан келері жазу ғана еді. Сонымен қанағат таптың. Сонымен өміріңді ұзарттың. Кеудеңді басқан кер заманда қасірет, зардың өзі күш беріпті. “Мен сияқты ерлерді — Жаратты ма екен құдайым — Қайғыдан шіріп өлерге,— Кейінгі туған бала үшін!..” Бұл — Қазтуған — Мұрат. Сен малдандың, бірақ осы деңге жеткенше, яғни, қайғыдан шіріп өлмес бұрын бар запыраныңды ақтарып кетпек едің.
Сен, тіпті, жаңа бастаған бала кезіңнің өзінде осы ғасырдағы ең ұлы, ең зарлы тұлға Мағжанның тағдырына қызықтың. Азапты өліміне емес, соған дейін бәрін айтып үлгергеніне. Сен ұзағырақ жасадың, кеңшілікте болдың, бәрібір айтып үлгермедің.
Енді міне… бас байлаулы қалса да, ауызға ерік тиген заманда, өзегің талмай, өмірің түгесілмей тұрып қолың қалтырапты. Сенің ең соңғы серпінің — советтік империяның түбіне жеткен Август бүлігінен үш күн бұрын жарыққа шыққан “Сары қазақ” болыпты. Кейіпкердің заманға лағынет айтқан керез сөзімен бітетін еді ғой: “Қарғыс! Қарғыс атсын! Көріңде өкір! Қан жалдап тудың, қанға тұншығып өл! Адамзат тарихындағы ең қаралы, ең қапас, зұлмат заман, халықтардың қарғысы атсын сені!” Содан соң: “Бұл сөздер XX ғасырда барынан түгел айрылған ең бақытсыз қауым — алаш жұртының аузында табиғи әрі зілді естіледі екен” — деп түйіндепсің. Өз түйінің, өзіңнің керез сөзің бола жаздапты! Ақталма! “Қазақ тарихының әліппесі”— жиырма жасында жүрек түбіне түскен, отыз бірдеңе жыл бойы бұғып, бұлықсып жатқан Жоқтау жырының бір сәтте ғана лап етіп сыртқа шыққан көрінісі — кейін жазылса да, өткен күн есебіндегі еңбек, жарар, қажетті кезінде жарыққа жеткіздің, бірақ бар кетігіңді толтыра алмайды. Ал соңғы бес жылда аттың жалы, түйенің қомында жүріп таңбаға түскен екі әңгіме мен алты-жеті мақала — асса екі айлық қана жұмыс.
Саған сол тар күндердің өзінде күш берген немене? Сенім болса керек. Өзіңді өте жақсы көретін едің. Мен жазбасам, қазақ әдебиеті тұралап қалады, мен күреспесем, ежелгі мұра біржола ұмытылады, атаның аруағын арқалап жүрген — жалғыз өзім, алаштың мұратын келер ұрпаққа жеткізетін — Мен, Мен ғана, Мен болмасам, ұлысымның ырысы ортаяды, ұрпағымның көкірек-көзі ашылмайды, Мен, Мен… деп ойладың. Аз ба, көп пе, бар жасаған еңбегің — осы. Сенімнің көрінісі.
Жалғасы бар...
Н. Айдархан