Асхат Өмірбаев. "Мамық"

Асхат Өмірбаев. "Мамық"
Фото: 123hdwallpapers.com

«Қаратал» аудандық газетінің редакторы, жазушы Асхат Өмірбаев Массагет порталының поштасына әңгіме жолдаған екен. Жазушының "Мамық" деп аталатын әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз.

Мамық (Әңгіме)

Он екі-он үш жас шамасындағы қыз университет ғимаратынан көз алмай қарап тұрды. Ту сыртынан әлдебір жігіттің бейтаныс дауысы ойын бұзып жіберді.
- Біреуді күтіп тұрсыз ба? - деді көзілдірікті жігіт. Оқу орнына бір, қызға бір қарады. Қыз үріккен еліктей жалт бұрылып, асығыс жауап қатты.
- Жо-жоқ, а-а, иә, иә...
Екіұштылау жауапқа тосырқап қалған жігіт:
- Түсінбедім, - деді аң-таң болып. Мақтаса сегіз әлде тоғызыншы сыныпта оқитын шығар. Бойжетіп қалған қыздың жаутаңдай қараған қарақат көздерінен, уыздай жас келбетінен албырттықтың нышанын сезді. Езу тарты.
– Әпкемді тосып тұр едім, - деді ол.
– Қазір шығып қалар. Жай сұрадыңыз ба?
– Мен осы университетте сабақ берем. Магистратурада оқимын. Бағана ішке кіре бергенде сен біреуді тосып тұрғандай көріндің. Міне, әлі тұрсың.
Қыз езу тартып күлді.
– Сіз келмегенде бұлттарға әлі қарап тұра берер едім.
– Солай ма? – деп таңырқай түсті жігіт.
– Анау университет үстіндегі ақ мамық бұлттарды көрдіңіз бе? Тұп-тура мен сияқты екен.
– Бұлттардың саған не қатысы бар?
– Ой, сіздің басыңызды ауыртып жіберген жоқпын ба? Жай айтқаным ғой.
– Қысылмай айта бер. Қызық екен...
– Жарайды, сіз де қоймайды екенсіз. Мен мектепті бітірген соң осында білім алып, биікті бағындырсам деймін. Әне, көрдіңіз бе, тура ақ бұлттар секілді.
– Өзің қызық қыз екенсің, – деді жігіт жымиып.
– Қиялимын ғой, иә, ағай? Әйтеуір ылғи қиялдап жүремін.
– Оған несіне қысыласың. Біле білсең, ерекше жаратылған адамдар ғана қиялдай алады. Мысалы, адамның аты тағдырына да әсер етеді дейді. Атың кім сенің?
– Ой, таныспаппыз ғой, – деді қыз әлдене есіне түскендей. – Ағай, атымды айтпай-ақ қойсам бола ма?
– Соншалықты жаман ба?
– Білмеймін.
– Ендеше неге ұялып тұрсың?
– Мамық.
– Не?
– Атымды айтам.
– А-а, Мамық. Сонда атың Мамық па?
– Иә.
– Мамық! – жігіт кеңкілдеп күліп жіберді. – Осы үлкендердің ат қойғышын-ай!
– Әжем қойған екен, – деді қыз бұртиып. Жігіт кішкентай қыздың шамына тиіп кеткенін сезгендей, жуып-шайып:
– Менің атымды да қатырыпты, – деді.
– Сонда қалай? – деді қыздың жүзіне күлкі үйіріліп.
– Тіпті, айтқым да келмейді.
– Айтсаңызшы. Менікін біліп алып, мазақтап кете бересіз бе?
– Жақсы, жақсы, – деді жігіт езу тартып, – Әне, менің автобусым да келіп қалды.
– Қандай қусыз, – деді қыз. Ең болмаса, атыңызды айтқыңыз келмейді. Мені осылай ойға қалдырып кете бермексіз бе?
Бұл кезде нөмірі сегізінші автобус келіп, кілт тоқтады.
– Темір, - деді жігіт. – Мені Темір ағай деп атасаң болады.
– Темір ағай, - деді Мамық күліп. – Жүрісіңіз атыңызға сай екен.
– Жарайды, менің кетуім керек.
– Сау болыңыз!
Жігіт автобусқа қарғып мінгені сол еді, есік сарт етіп жабылды. Қыз қол бұлғап қалды.

Жалғасы бар...

@. @assel_assanova