Мамыр айында қар жауса... Күлкілі естілуі мүмкін. Бірақ, 1933 жылы Сиэтл қаласында жауған қар жалғызбасты ананы жалғыз ұлынан айырды.
1933 жыл, мамыр айы, Сиэтл штаты.
Вера Рэй есімді ана баласы Дэниельмен бір үйді жалдап тұратын. Жалғызбасты ана үш жасар баласын асырау үшін неге болса да дайын еді. Күн шуағын шашып тұрған мамыр айында бейжай тіршілік кешіп жүрген ана баласын әдеттегідей әндетіп ұйықтатып, жанына ойыншық қонжығын қойып, жұмысқа кеткен. Жұмысқа бар күшін салғанымен, ойы – баласында. Жығылғанға – жұдырық: кенеттен қар жауып, қарлы боран ұйытқиды. «Балам оянып кетпесе екен» деп үйіне ұмтылған ананың киген аяқ киімі жаздық болатын. Үйге жан ұшырып келіп, баласының төсегіне қараса, баласы орнында жоқ. Үйге асығып келгендіктен бе, сыртқы есіктің құлпын кілтпен ашпағаны есіне түседі. Далаға жүгіріп шықса, баласы қойнына қысып ұйықтаған қонжығын қар басып қалыпты. Махаббат, сәби және теңсіздік. Осы үшбұрыштың хордасында қалып қойған ананың тағдыры кішкентай көлшікке байланып қалады.
2011 жыл, мамыр айы, Сиэтл штаты.
Клэр Олдридж – жергілікті «Сиэтл Геральд» газетінің тілшісі. Араға сексен жыл салып, мамыр айында қаланы қалың қар басып, елді таңғалдырады. Клэр мұндай жағдай тура сексен жыл бұрын осы қалада орын алғаны туралы газет бетінде жариялағысы келеді. Шаң басқан архивтерден 1933 жылы болған қарлы боран кезінде үш жасар бүлдіршіннің жоғалғанын айғақтайтын құжаттарды тауып алады. Бұл жағдайдың мән-жайын ұғынғысы келген ол журналисттік зерттеу жүргізеді. Өз басынан тауқымет кешкен Клэр Сиэтл қаласы үшін үлкен жаңалық ашады. Ол баласын жоғалтқан ана сезімін өте жақсы түсінеді. Өйткені ол баласын көрмей жатып жоғалтқан. Өзі іздеген сұрақтың жауабы шығарма соңында күтпеген шешім түйеді.
Бұл романда ана мен баланың махаббаты, әлеуметтік теңсіздік сөз болады. Автор Сара Джио екі кейіпкерді бір кеңістікте, екі түрлі уақытта өз сөзімен сөйлетеді. Әр ғасырдың сыры болашақта жария болатынын тілге тиек етіп, кей сырлардың өз уақытын күтіп, жылдар қойнауында бұғып жататынын да айта кетеді. Шығарманың «Бүлдіргенді қыс» («Ежевичная зима») деп аталуы оқырманды бірден баурап алары сөзсіз.