Стефани Майер "Ымырт" романын қайта өңдеп жазды

Стефани Майер "Ымырт"  романын қайта өңдеп жазды
Фото: rudaki.ru

Сөзімізге сенбейтін шығарсыз, бірақ америкалық жазушы Стефани Майердің «Ымырт» («Twilight») атты туындысының шыққанына 10 жыл толды. Оның бірінші томы 2005 жылы шыққан еді.

Стефани төлемақысы жоғары заманауи жазушылардың қатарын толықтырып, кітаптары асқан жылдамдықпен сатылды. Әлемнің барша аруы осы кітапты қолына алып, жата-жастана оқыды. Ал фильмдегі басты рөлдерді сомдаған Кристен Стюарт пен Роберт Паттинсонның атағы туралы айту артық болар.

Стефани Майер онжылдық мерейтойда оқырмандарына сый дайындады. «Ымыртты» қайта жазып, басты қаһармандардың жынысын өзгертті. «Өмір мен өлім: «Ымыртты» қайта бағалау» ( Life and Death: Twilight Reimagined) деген атау берді. 442 беттен тұратын романда Бо есімді жасөспірім Эдит есімде қансорғышқа ғашық болады.

Жазушы «Good Morning America» телешоуында: «Жалпы айтқанда, бұл да махаббат хикаясы. Ол жерде кімнің қыз, кімнің жігіт болатыны маңызды емес», - деп өз ойымен бөлісті. Автор осыған дейін де туындыларын бірнеше рет қайта өңдеп шығарған болатын.

Осы жылдың маусым айында Э.Л. Джеймс «Сұр түстің елу реңкі» романының баламасын жазды. Ол жерде бар оқиғаны миллионер Кристиан Грейдің ғашығы Анастасия Стил баяндайды. «Грей» жақсы сатылса да, сыншылар жазушының жаңа романына одан әлдеқайда жақсырақ екенін айтты. Ал Стефани Майердің қансорғыштар туралы романы көпшілікке қаншалықты ұнайтындығын бүгін, 8 қазан күні анықтаймыз.

Қ. Бүйенбай