Мәдина Омарова. "Жол үстінде" (әңгіме)

Мәдина Омарова. "Жол үстінде" (әңгіме)

Белгілі жазушы, сыншы, марқұм Таласбек Әсемқұлов Мәдина Омарова шығармаларын "қазақ әдебиетіндегі готикалық прозаның басы" деп санып, жоғары баға берген. 

Таласбек Әсемқұлов Мәдинаның готикалық сарындағы "Жол үстінде" әңгімесі туралы: "Әңгімені бірінші жақтан баяндап отырған кейіпкер, түнде әлдебір адаммен жол жүріп серіктес болады. Ол жолаушы кейіпкермен бір ауылдан, ит асырап аты шыққан Алмабек деген кісінің баласы болып шығады. Ауылдағы үйіне жетіп апасымен әңгімелескен қыз, өзінің он жыл бұрын өлген адаммен жолсерік болғанына көзі жетеді. Әңгіме «Уақытында келіп жетпіс жыл кешіккен ажал туралы» деп аталатын, заманында қазақ ішіне кең тараған аңыз-әңгіменің оқиғасын елестетеді. Мәдинаның жазу мәнерінде мынадай белгілер бар: ол өмір шындығына матасу. Ойымша жас қаламгер өзінің қиялын жетілдіру керек. Әрине, аталмыш әңгімелердегі жайыттар жазушының өз басында болған деуден аулақпын. Бәрі де ойдан шығарылған, көркемдік заңдылықтарға сәйкес өмірде болғандай етіп қиыстырылған. Алайда әңгімедегі сөйлемдердің арасы ауыр қиысады. Осыған қарап отырып жазушының өзі ойлап шығарған сюжеттің әсерінен, магиясынан арыла алмайтынын сезесіз", - дейді. 

ЖОЛ ҮСТІНДЕ

Түн болатын. Ауадан бөлек иіс сезіледі. Қараңғылықтың иісі. Суық. Екеуміз келе жатырмыз. Алдымыздағы жыланша ирелеңдеген қара жолдың шегі көрінер емес. Көзімді жұмдым да, жолдан шығып кетем бе деген қауіпке шыдай алмай қайта аштым. Бәрібір түнек. Оған жақындап иығына сүйенгім келген. Батпадым. Кенет:
— Неге жалғыз келе жатылсың? – деді ол, жердің астынан шыққандай күңгірт дауыспен.
Өзіммен өзім болып келе жатқан мен қапелімде жауап бере алмай қалдым. Үнсіздік және күшіне ене бастады. “Мен жалғыз емеспін ғой” деп ойладым. Содан соң неге дереу осылай жауап бермедім деп өкіндім. Сол кезде ол бір нәрсе дер еді, содан кейін мен... Жаурап кеттім. Оған жақындап, ақырын денемді тигізгенмін. Бойымды жылы толқын шайып өтті. Тағы ұмсына бердім де, бұл әрекетімнің әбестігін ұғып, тартынып қалдым. Төмен қадалып қолын сермеп тез келе жатқан ол еш нәрсені сезбеген сыңайлы. Кеудемді реніш буды.
Жүріп келеміз. Аспан мен жерді қатар қаптаған қараңғылық айдалада келе жатқан екі адамды жаншып тастағысы келгендей түйіліп, кеудеме үрей болып енді. Мен оған қарадым. Қарайған сұлбасы ғана ажыратуға келеді..
“Тезірек ауылға жетсек екен, — деп күбірледім, — бұл не сұмдық әйтпесе”.
– Біл нәлсе деп келесің бе?
“О, құдай, сақтай көр”.
– Жоқ, әшейін. Суық деймін.
Тағы үндемей қалды. Ойыма “Өзің де жігіт қызықсың, сырыңды қайдан қыз ұқсын” деген мағынасыз сөздер оратыла берген соң, жанұшыра:
– Біздің ауылдан емес сияқтысыз ғой, — деп әңгіме бастадым.
– Неге? Көкқайналданмын.
– Танымайтын сияқтымын.
– Неге?
Ол есіне әлдене оралғандай жүрісін жеделдете түсті.
— Ауыл кішкентай ғой, бәрін білемін деп жүрсем...
Түрін көргім келіп бетіне қанша үңілсем де, қараңғылық құрған шымылдық көлегейлеп жібермеді. 
— Мен сізді танымаймын.
– Сен етікші шалдың қызы емессің бе? Контолда есепші болып істейсің.
– Иә. Әкем былтыр қайтыс болған.
– Білемін.
– Ал сіз ше?
– Мен Алмабектің баласымын.
– Қай Алмабек? Ит асырайтын ба?
– Иә.
Мырс ете қалды. “Оның баласы бар ма еді” деп ойладым. Алмабектің өзін ауыл тұрмақ бүкіл аудан біледі. Қайда барса да қасына артық-кемсіз он ит ертіп, дүниені азан-қазан етіп жүргені. Жалғызілік адам тәрізді еді, соқталдай баласы барын кім білген.
– Орталыққа жай барып па едіңіз?
– Мен бе?
Таңданғаны сонша суыт жүрісінен жаңылып, бетіме үңілген. Содан кейін сабасына түсті білем, баяғы жылдамдығын қайта тапты. “Есі дұрыс емес пе” деген ойдың басыма жаңа келгеніне қайран қалдым. Өзі сақау, өзі жынды. Құдай, саған не жаздым?
– Келісінше, олталықтан келемін. Ауылда тығыз шалуа болып. Түкке тұлмайтын шалуа, білақ өзім келмесем бітпейтін болды.
– М-м-м.. Түсінікті.
Қатып қалдым. Түннің өз суығы аз болғандай, тура желкемізден ызғар төгіп жел тұра бастады. Мен оған амалсыз тығылдым. Ең болмаса, қолымды қалтасына салсам ғой. Бірақ алдымен әйелі бар ма, жоқ па соны біліп алса болар еді. Дегенмен, есінің дұрыс еместігі рас болса, бойдақ шығар. Күлкім келді. Бұл кезде ауылдың шамы көрініп, иті үре бастаған. Ол ай-шай жоқ бірден көше сыртындағы өз үйіне беттеді. Шығарып сала ма деген әлсіз үміт өз-өзінен өшті. Есі шығып қарсы алған апама қайғылы пішінмен:
– Жаяу келдім, — дедім.
– Ойбай-ау, жалғыз ба? Қасқыр жеп кетсе қайтер едің.
– Қайтушы ем. Қызықсыз...
Бетіме бағжиып қараған апама мән бермеген күйі көрпенің астына кіріп кеттім. Апам көзін алар болмаған соң:
– Жалғыз келген жоқпын. Алмабек шалдың баласы екеуміз келдік, — деп шынымды айттым.
– Қай Алмабек?
– Иттері бар ше. 
Апам ернін сылп еткізді.
– Оның баласы өліп қалмап па еді.
– Өлмей-ақ тірі. Бірге келдік деп тұрмын ғой. 
Апам сандықтың үстіне отыра кетті.
– Оның жалғыз сақау баласы авариядан кеткен. Он жыл болды, міне.
– Сақау деймісің?
Мен жүн көрпенің салмағын елемей көтеріліп алдым.
— Сақау болатын...
Ертеңінде ұлыған иттердің дауысы астында қалған ауыл Алмабек қарттың қазасын естіді.

Сурет: Vk.com

Ш. Талап