- Негізгі бет
- Проза
- Қадыр Мырза Әли....
Қадыр Мырза Әли. Даңқ #1
"Жазмыш". Даңқ.
Даңқ! Даңқ! Қай жағыңнан келуге болады саған? Алдыңнан келсе – тістейсің, артыңнан келсе – тебесің. Қуғанға – жеткізбейсің, қашқанды – құтқармайсың. Сен деп өліп-өшкеннің жанына жуымайсың. Ал енді атақ-даңқта шаруасы жоқ, жазу үстелінен бас көтермей, ғұмыры үнемі ізденіс үстінде ететін еңбекқор сорлылардың соңынан қалмайсың. Біреулерді адам басы айналар биікке шығарсаң, біреулерді сондай биіктен шыңырау түбіне сүйектей лақтырасың. Қай жағыңнан келуге болады саған?!
Дүниеге шын ақын, ұлы ақын келген күні сонымен қабаттасып даңқ та туады. Көп кешікпей екеуінің арасында роман басталады. Қайткен күнде де сенен оңай құтылу жоқ. Саған құтылу оңай. Не ақын екеуің ырылдасып өтесіңдер. Не тату-тәтті тіл табасыңдар. Мұндай жағдайда ақын да бақытты, сен де бақыттысың. Әсіресе өлең-жыр бақытты. Оның жанкүйер оқырманы бақытты.
Әйтсе де, оған қаншама сүйсініп қол соққанмен, жұрт көзіне көп түскен, тілге көп іліккен даңғаза даңқ, екінің бірі білетін мәшһүрлік, Стефан Цвейг айтқандай: «талантты іштей тәлтіректетеді», кейде тіпті құртып тынады. Ол туралы әңгіме әлі алда.
Көп жағдайда ақын мен даңқ ерлі-зайыпты адамдар тәрізді. Ерте ме, кеш пе - ақын өледі. Даңқ қалады. Жесір қалады. Калай болғанда да азаппен келген даңқ - мәңгілік. «Кешегі даңқ есепке алынбайды, бүгінгі даңқ - баянсыз, ертеңгі даңқ - дұрыс даңқ», - деген екен Ренар. Соныкі жөн. Ертеңгі даңқ деп отырғаны - жесір даңқ.
«Өлгеннен кейінгі даңқ қана аруақтың жанына жақын... Ал казіргі, көзіңнің тірісіндегі даңқ, әсіресе қолдан жасалған даңқтың құны - көк тиын», - деген Гоголь. Бірақ мұны даңққұмар ағайындардың түсінгілері келмейді. «Жұрттың бәрі даңқ үшін қызмет етіп жүр», - деді маған бірде ақын інім. Мен одан мұндай сөз күткен жоқ едім. Таң қалдым. Таң қалдым және аяп кеттім.
Бұл мәселеде өз пікірін ортаға салған кезде Борис Пастернак жұрттың бәрінен де асып түскен. «Атақты болу - ұят», – деген ол. Келісесіз бе, келіспейсіз бе, өзіңіз біліңіз. Бұл пікір - ойландыратын пікір.
Қысқасы, даңқ туралы неше түрлі қызық ойлар айтылған. Оларға біз жөн-жосығына қарап, әлсін-әлсін соғып отырамыз. Ендігі әңгіме даңқтың иелері туралы.
Мәскеуде олимпиадалық ойындардың қызып жатқан кезі. Ел қайткенде де білуге тиісті бір хабар бар. Бірақ баспасөз де, радио да ұрттарына су толтырып алғандай. Тек «Мәскеу ақшамы» ғана Владимир Высоцкийдің дүние салғаны туралы төрт-ақ жол хабар береді. Төрт-ақ жол! Бірақ соның өзі жетіп жатыр. Орталық алаң, оған іргелес жатқан көшелер мен орамдар халыққа толы.
Соны көрген Юрий Трифонов: «Высоцкийден кейін өлудің өзі қиын болатын болды-ау», - дейді. Дәл сол сәтте бұл сөздің айтылуы өте орынды. Высоцкийде даңқтан басқа түк жоқ. Ал Высоцкийді тұншықтырып келген ресми адамдарда, кызғаншақ әріптестерде бәрі бар. Тек бүкіл ел білетін мәшһүрлік жоқ. Трифонов айтқандай өлімнің қадірі бір тәуліктің ішінде көтеріліп жүре берген. Тап сол тұста өкіметтің бүкіл орденін, тіпті алтын жұлдызын алған ресми есептегі басқа бір өнер адамы дүние салса, мына жиналған халықтың жүзден бірі болмас еді.
Владимир Высоцкий - актер, кино және театр актері, сазгер, өз әндерін өзі орындайтын әнші, ақын. Бірінен-бірін бөліп алу қиын. Бөле алмайсың. Әйтпесе кімге келді мына хабар?! Орындаушы-әнші Высоцкийге ме? Мүмкін ақын Высоцкийге шығар?
Актер Высоцкийге дейін десең, одан да мықты актерлерді білеміз. Мысалы, Инокентий Смактуновский. Оған неге мұнша халық жиналмайды?
Сазгер Высоцкий дейін десең, әлемде дүниежүзілік деңгейдегі орыс композиторлары жоқ па? Олардың өлімдеріне де мұнша халық жинала қоймайды ғой. Әнші-орындаушы Высоцкийге келген шығар мүмкін. Мүмкін, әрине мүмкін. Бірақ Ресейде одан да асқан әншілер өліп еді ғой!
Қателесуім де мүмкін. Бірақ маған мынандай бір ой келеді: Бұл халықтың даңққа жиналуы емес. Бұл елдің Высоцкийге деген сүйіспеншілігі. Жартылай сол кездегі қоғамға деген реніш. Сол тұрғыдан келгенде мұны іштей тіресу, демонстрация деп те атауға болады. Иә, иә, шошымаңыз, демонстрация! Владимир Высоцкий - ресми мойындалмаған талант. Талант - халық қазынасы. Талантты қадірлемеу халықтың намысына тиеді. Ал Высоцкий - қоғамның жынына тиген тентек дарын. Оны шенеуніктердің ұнатпауы да заңды.
Замандастарының естеліктеріне қарағанда Высоцкийдің пәтері орталықта болмаған тәрізді. Салқам-серінің бір жаман көлігі бар екен (Сірә, «Москвич» қой деймін). Ол жұмысқа сонысыменен барып-келіп жүрсе керек. Міне, сол мәшһүр әншінің күн сайын жүріп-тұратын машықты жолында ГАИ-дың бекеті... Бекетте әлсін-әлсін кезекті күзетінде тұратын бір инспектор болыпты. Высоцкий өнер адамы. Ол жұртша киінбейді. Өзін жұртша ұстамайды. Сөзі де, мінезі де бөлектеу. Содан ба әлгі инспекторға оның бірдеңесі ұнамаған әйтеуір. Қысқасы, сол сұрқия Высоцкийдің машинасын міндетті түрде тоқтатып, міндетті түрде ескертпе жасап, міндетті түрде айыппұл төлетеді екен. Сосын кешке шейін, ертең күнұзаққа «Мен бүгін (кеше) Высоцкийдің өзін біраз иледім», - деп мақтанады. Адам ба? Садист пе?
Міне, бұл оңай тиді дейсіз бе? Высоцкий кім? Ол кім? Инспектор оны біледі. Білгенде кандай! Сондықтан да ол Высоцкийді аямайды. Дүниеде кеткен кегінің бәрін әншіден алғысы келеді. Біз - адамдар, біз - пенделер, міне, осындаймыз.
Қызғанады. Қызғанса қызғанғандай... Бір бойжеткен қыз киностудияға келіп, жұмыс сұрайды.
- Неге басқа жерден іздемейсіз? Бізде істеуің міндет пе?
- Мен үшін міндет. Мен үшін қажет.
- Неге?
- Высоцкийді күн сайын көріп тұруым керек.
Ал керек бөлса! Халық ішінде ондайлар да бар.
Ал әлгі ГАИ-дың бекетіндегі инспекторды кімнің көргісі келеді? Ешкімнің де! Керісінше, оны тіпті көргісі келмейді. Әсіресе машинасы барлардың!
Жасыратыны жоқ, Высоцкийдің даңқына күдікпен қарайтын адамдар аз емес. Ол енді күрделі мәселе. Даңқты екені рас. Оны оның өлімі дәлелдеді. Дегенмен Ренардың жоғарыда мысалға келтірген үш даңкын еске қайта бір түсірген дұрыс-ау деймін. Соның қайсысы? Кешегі ме? Бүгінгі ме? Әзірше бүгінгі. Ертеңгісін болашақ көрсетеді. Ал басқа қырларын былай қойып, таза ақындығын алатын болсақ; Пушкинді, Тютчевті, Маяковскийді, Есенинді, Пастернакты, Цветаеваны, Ахматованы, Твардовскийді, Абайды, Мақтұмқұлиды, Шевченконы, Саят-Нованы, Расул Ғамзатовты жақсы білетін оқырманды ол, әрине, таң қалдыра алмайды... Бірақ даңқты.
Бір кездерде Демьян Бедныйдың даңқы бұдан жоғары болмаса, төмен болмаған. Ол Ленинмен бірге Кремльде тұрған. Кремльден пәтер алған одан басқа бір орыс ақынын тарих білмейді. Өйткені белгілі бір аралықта одан бақытты адам болмаған. «Демьян біздің жерлесіміз! », «Жоқ, біздің жерлесіміз! » - деп таласқан оқырмандар болған. Тап осы күнге шейін ел таласатын дүниеде бір ғана ақын болған. Ол - Гомер. Өйткені оның қайда, қай қалада туғаны әлі күнге белгісіз. Ал Демьян Бедныйға таласу бүгінгі оқырманның миына сыймайды. Есенин ол туралы өзінің бір өлеңінде «Какого-то Демьяна Бедного» деп әжуа қылады. Иә, Ренар дегенмен дұрыс айтады: «Кешегі даңқ есепке алынбайды, бүгінгі даңқ - баянсыз, ертеңгі даңқ - дұрыс даңқ». Демьян Бедный - кешегі даңқ. Никита Хрущевтің кезінде оның абырой-атағын қалпына келтіру әрекеттері болды. Сұмдық әдемі қылып бес томдық шығармалар жинағын шығарды. Әйтсе де халықтың көзқарасын өзгерте алмады.
Бірақ кейде бүгінгі даңқтың ертеңгі даңққа зорлықсыз-ақ жалғаса кететін кездері болды. Бұл енді абырой. Оған әлі көзіміз жетеді.
Жалғасы бар...
Қадыр Мырза Әлидің "Жазмыш" кітабынан дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: vysotsky-gallery.org
Н. Айдархан