Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Проза / Аягүл Мантаева "Интуиция"

Аягүл Мантаева "Интуиция"

Аягүл Мантаева

Біреуді жақсы көру, біреуді сүю – мен үшін тым күлкілі, жабайы, тұрпайы сезім. Өзімді қоршаған адамдарға деген аяныш – өзімді мүсіркеу. Өмірдің мәңгілік емес екенін, түбі бәріміздің өлетінімізді ойласам жүрегім қуанышқа бөленеді.

Ол иығымнан құшақтап, құлағымның түбінен:  

– Сүйем, – деп сыбырлады.

Өліктің исін сезіп, тыжырындым.

– Сен менен өліктің исін сезбейсің бе? – дедім.

– Ажалмен ойнау – Құдайды мазаққа айналдыру, – деп ол қабағын түйді.

– Біз бәріміз Құдайдың қуыршағымыз, – дедім қасарысып. – Мен қуыршақ болудан өлімді артық санаймын.

– О дүниеде сен басқа қуыршақтың рөлін ойнайсың.

– Құдай мен  менің «Менімнің» арасындағы байланыс тым әлсіз.  

Екеуміздің Құдай, дін, мәңгілік дүние туралы түсінігіміз тым-тым қарабайыр еді.

– Әлі сенің ажалға еңбегің сіңген жоқ,  – деп езу тартты.  – Қырсығым, менің бүгін түнде Нью-Йоркқа ұшатынымды ұмытпадың ба?

– Жолың болсын!

– Әуежайға шығарып салмайсың ба?

– Уақытым жоқ.

– Концертіме шақырам – уақытың жоқ. Кездесуге шақырам – уақытың жоқ.

– Мен ұйықтауға ғана уақыт табам.  Мен үшін өмірдің мәні – ұйқы, мәңгілік ұйқы.

– Мен сені кеше қиялыммен сүйдім. Ерніңнен ұйқының және шиенің дәмін сездім, – деп күлімсіреді.

Шешесі тәрбиелеген қыз мінезді, сезімтал жігіттің бәйкүнә жымиысы жүйкемнің талшықтарын қозғамаса да, әдеттегідей оған дөрекі үн қаттым:  

– Сенің ерніңнен топырақтың исі шығады.

– Мен сен секілді топыраққа айналуға асықпаймын. Жердің астында шіріп жататынымды ойласам, денем түршігеді. Сұлу мүсіндерді еш қиналмастан қара жер жұта береді, жұта береді. Неткен әділетсіздік?! Сол бір әділетсіздікке қарсылық ретінде біз  өмірдің әрбір күнін мереке етіп өткізуіміз керек. Өмірді қызықты етіп өткізу соншалықты қиын емес, жақсы көретін адамыңа қараған секілді, өмірге жай ғана күлімсіреп қарасаң жетеді, – деп мұңды бір даналықпен жымиды. – Саңыраудың құлақ пердесін, соқырдың қарашығын ашып, өмірді музыкаға айналдырғым келеді.

Мен одан жалыға бастадым.

– Менің ұзақ өмір сүргім келеді. Саған үйленіп, екі ұл сүйем. Ұлдарымның тәрбиесін амалсыздан саған тапсырам. Оларды сен қатал тәрбиелейсің бе деп қорқам. Онда олардың музыкаға бейімі болмайды, – деді қиял бесігінде тербеліп.  

Мен одан шынымен жалыға бастадым. Ұзақ өмір сүруді ешқашан армандамаппын.  Адамдардың қалайша сана-сезімі жетіп, ұзақ өмір сүруді армандайтынына таңғалам. Түбі өледі екенбіз, ұзақ өмір сүрудің қажеті қанша?! Жарайды, қанша жыл өмір сүретініміз бізге байланысты емес екен, ұзақ ғұмыр кешудің жолын іздеп, жанталасуға бола ма? Өлімсіреген жанар, қауқарсыз қол, тіссіз қызыл иек, қатпар-қатпар әжімдер, көру, есту қабілетін жоғалту... жо-жоқ!  

– Гастрольді азайтып, ұлдарыма көп көңіл бөлем. Шетелге гастрольге шыққанда ұлдарым мен анасын өзіммен ертіп жүрем.

«Көзіме көрінбей, қараңды батыршы» деп айқайлағым келді.

Оның жанарына көзім түскенде, денем тітіркенді. Маған қарап тұрған оның мөп-мөлдір, тұнық, мейірімді көзі емес, мен ешқашан өмірімде көрмеген соншалықты үрейлі,  соншалықты қорқынышты көз еді. Оның қарашығынан ажалдың бейнесін көргенімді түйсігіммен сездім.  

– Менің ұлдарым әлем сахналарында Құрманғазы мен Тәттімбет атасының күйлерін күмбірлетеді. Әлем халқы қазақтың ұлы өнеріне тәнті болып, бас иеді, – деді ол.

Бойымды үрей билеп, аяқ-қолым дірілдеді.

Ол бетіме таңдана қарап: – Сен жылап тұрсың ба? – деді.  

Мен оның көзіне қарауға қатты қорықтым. Тіпті өзімнің жылап тұрғанымды да сезбедім.

– Сенің талантты ұлдарыңның Құрманғазы мен Тәттімбеттің күйлерін әлемге танытатынына қуанып жылаймын. Ал олардың әкесі шетел сахнасында өнер көрсетіп жүргеніне бірталай жыл болса да, өзі пір тұтатын Құрманғазының бірде-бір шығармасын  орындаған емес, – дедім терезенің ар жағындағы ақ жаңбыр жауып тұрған даладан көз алмай.  

Ол: – Бұл мәселе тек маған ғана байланысты емес екенін өзің де білесің ғой.  Құрманғазы   шығармаларындағы көркемдік пен тереңдікті Бетховен, Моцарт, Бах, Шопеннің шығармаларымен салыстырып, зерттеуге болады, – деп шабыттанып сөйлеп жатты. Мен оның бір сөзін естісем, бір сөзін естімедім.

– Сен неге үнсіз қалдың? – деп сұрады. 

– Ұлылардың өз ұлтына тәуелділігі: бақыт пен қасіреттің шайқасы, – дедім.

Ол иығымнан құшақтап, бетімді өзіне бұрып:  

– Жылаған сәтте ерекше сұлуланып кетесің. Сондықтан көз жасыңды сүртпеймін, – деді сезімге толы үнмен.

Оның көзіне қарауға батылым жетпей жанарымды төмен салдым. Бұрын ол қолымнан ұстаған сәтте денем оның қолын қатты жатырқайтын. Бұл жолы денем оның алақанының жылуын сезінді.  Бойымдағы діріл де басылды.

– Көз жасынан ләззат алсаң, онда сен өмірді музыкаға айналдыра алмайсың, – дедім.  

Ол: – Мен анамның көз жасын ішіп өскем. «Менің әкем кім? Әкемді тауып бер» деп жер тепкілеп жылағанымда,  анам менімен қосылып жылайтын. Мен музыка мектебінде оқыдым. Жалғыз бөлмелі пәтерімізде ертелі-кеш фортепиано тартып, көршілердің мазасын алатынмын. Мазасыз, кірпияз  қара кемпір «адамға тыныштық бересің бе?» деп ұрсып, күніне үйге он рет келетін. «Балам сабағына дайындалуы тиіс» деп анам мен үшін ол кісімен жиі ұрсатын. Кекшіл кемпір мені оңаша жерде көрсе, «көрдемше, бүгін адамға тыныштық бер!» деп ысылдайтын. Кемпірдің «көрдемше» деген сөзі мойныма жылан орағандай сұп-суық әсер ететін, – деп жабырқап қалды. –  Алматыда өткен концертіме бұрынғы көршілеріміздің бәрін шақырдым. Қара кемпір қартайып, алжып қалыпты.  Бастапқыда мені тіпті танымады. Сосын есіне түсті білем, «Е-е, көрдемшесің бе?» деді. Қолымды әлсіз, суық алақанына салып, ұзақ жібермей ұстап тұрды. Ол менің атымның кім екенін білмесе керек және білгісі де келмеген шығар,  арада қанша жыл өтсе де мені тағы да «көрдемше» деп атады. Мен қазір танымал музыкантпын, бірақ көрдемшемін, шыны сол ғой.  Анамның өзі менің әкемнің кім екенін білмейді... Жылап отырып, ол маған осыны мойындаған. Мен оны кінәламаймын. Ол байғұс бір мезетте бірнеше қорқаудың құрбаны болған. Әрине, оны ұлына айту анама оңай болған жоқ. 

Әлгі алжыған кемпірге мен тіпті де ренжімеймін. Өзімнің жаратылысым еркек болса да, бала кезімнен неге екенін еркектерді жаратпаймын. Оның себебін кейін он сегіз жасымда анаммен ашық сөйлескенімде түсіндім, – деді терең күрсініп.

 – Аяш, сен тым еркесің. Еркін мінезіңнен әкеңнің еркелетіп өсіргені көрініп тұрады. Тіпті сен өмірге де еркелеп жүресің. Сені өмір бойы еркелетіп өтуге уәде берем, – деп менің алақанымды өзінің маңдайына басты. 

Мен, шынында да, анама қарағанда әкеме жақынмын. Әкемді шексіз жақсы көрем. Ауылда қоңыр тіршілік кешіп жатқан қарапайым әкем өзге біреулердің әкесі секілді маған барлық жағдайды жасап бере алмаған шығар, бәрібір мен оны терең құрметпен жақсы көрем. Көңілі жабырқап отырған әкесіз өскен жігітке дәл қазір әкем туралы, оның маған кез келген әке бере алмайтын құнды, рухани мұраны мирас еткенін  айтуды  қажет деп таппадым. 

Ол өзінің маңдайында тұрған менің қолымды қолымен сипап:   

–  Сенімен тағдырымды қосқым келеді, – деді.

 Жауап қатпадым.   

  – Сені не үшін жақсы көретінімді білесің бе? – деді ол. – Сенің қатыгездігіңнің астарында мейрімділік жымиып тұрады.

– Менің «Мендігіме» мейрімділік тән емес, – дедім.

– Қымбаттым, қателесесің. Сенің «Мендігіңе» жасандылық тән емес.

Онымен сөз таластырғым келмеді.

– Парижде фортепианом жетімсіреп қалды. Оны қатты сағындым, – деді ол.

– Ал мен өзімнің балалығыммен бірге жоғалтып алған шынайы болмысымды ғана сағынам. Сосын... сосын сені сағынам, – дедім.

Ол жаңылыс тыңдағандай бетіме таңдана қарап:

– Шын айтасың ба? – деп күмәндана сұрады.

– Күмәндану, сенімсіздік – өзін таппаған адамның сандырағы.

Ол екі бокалға өзі әкелген француз шарабын құйып, бірін маған ұсынып тұрып: – Сен бүгін өзіңе ұқсамайсың, – деді. – Бүгін сенің жандүниеңде жалғыздық ән салмайды. Біле білсең, мен сол бір мұңлы әуенге өлердей ғашық едім ғой.

– Біреудің жалғыздығына ғашық болған адамның әрекеті менің күлкімді келтіреді.

– Мейлі, мейлі, сенің ғана емес, барлық адамның күлкісі мен кекесінін тудырсын. Саған менің жүрегімді тәуелді еткен жалғыздықтың мұңлы күйі болатын, – деп ол менің көзіме түскен кекілімді қайтарып, шашымнан сипады. 

Шарап маған батылдық сыйлады. Оның көзіне қорықпай тіке қарадым. Оның қап-қара, мейірімді, жылы жанары мені еркелетіп қарап тұрды. 

Оны соңғы рет көріп тұрғанымды сезіп шошыдым. Оған еркелегім келді, оны еркелеткім келді. Бірақ мен оған ешқашан еркелеген емеспін және еркелей де алмайтын едім.

 – Мағынасыздық... Жандүниенің жалғыздығы... шаршатты... Бәрінен жалықтым.

– Жалықпашы, Аяш. Өмір еңсені езіп, шаршатып, жалықтырса да, шыдау керек. Бұл өмірден кім өтпеген, біз де өтеміз. Әттең, сен комедияны да трагедияға айналдырып жібересің ғой, – деді ол. – Сен тіпті өзіңдегі қуаныштың өзін сезінбейсің, көрмейсің. Сен әлемге үстемдік орнатқың келеді. Тек қана сенің айтқаның болуы керек. Бірақ диктатор болуға болмайды ғой. Әлемдегі диктаторлардың санын көбейтпей-aқ қойшы, қырсығым.

Көңілді әңгіме айтып, оны күлдіргім келді. Анекдот айту керек деп шештім.  

– Бүгін екі сөзден тұратын бір анекдот естідім. «Еврей – етікші».     

– Мүмкін емес.

Бұл анекдотқа өзім де күлмес едім.

Оның қалта телефоны шырылдады. Ол анасымен сөйлесіп болған соң, «Анам ет асып, бауырсақ пісіріп, мені тосып отыр екен. Менімен бірге үйге жүр, анам қуанып қалсын, ыстық бауырсаққа тоямыз» деп тісін ақситып, балаша күлді. Ол қанша жалынса да, дәл қазір бітіруге тиіс қауырт шаруам бар екенін айтып, үзілді-кесілді оның үйіне барудан бас тарттым.

Көзімді төмен салып: – Әуежайға өзім барам. Мені сонда күт, – деп күбірледім.  

Оны алғаш рет құшағыма қатты қысып, кеудесіне басымды қойып, жібермей ұзақ тұрдым.

***

Қалта телефоным шырылдап, безек қақты. Музыкант. Жауап қатпадым. Әуежайға оны шығарып салуға бармадым. Несіне барам? Оны өлімге шығарып салу үшін бе? Күндегі әдетіммен ұйқы дәрісін іштім. Ұшақтың құлағаны көз алдыма елестеп, кірпік ілмедім. «Сомнолдың» тағы бір түйірін аузыма салдым. Ұйықтадым ба, ұйықтамадым ба, білмеймін... жылаған жүрегіме тұңғыш рет жаным ашыды.                                              

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: Аягүл Мантаеваның жеке қорынан

Дайындаған: Ардақ Құлтай
Қосылған күні: 13 ақпан 2014, 10:35

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.