Жаңа жоба – "Бүгінгі проза" #1

Жаңа жоба – "Бүгінгі проза" #1

Massaget.kz сайтында "Бүгінгі проза" атты жаңа жоба қолға алынды. Сайттың проза бөліміне есімі елге таныла бастаған жаңа буын өкілдерінің туындылары әр апта сайын ұсынылып отырады. Ұсынылған шығармаға замандас-қатарлас жазушылар, сыншы-әдебиеттенушылар сыни пікір білдіріп, талқыға салады. Кез келген оқырман пікір айтып, ойын ортаға салуға ерікті. Бұл ой "Бүгінгі жас жазушылардың аяқ алысы қалай?", "Кім не жазып жүр?", "Қалай жазып жүр?", "Қатарлас қаламгерлер бір-бірін оқи ма?" деген сұрақтарға жауап іздеу мақсатында туындап отыр. Алғаш болып назарларыңызға жазушы Мәди Алжанбайдың "Үрей" атты әңгімесін ұсынамыз. Шығарма қызу талқыға салынып, лайықты бағасын алады деген үміттеміз!

Үрей

– Сізге айтатын бір сөзім бар еді. Уақытыңыз болмаса кейінірек сөйлесерміз...

Сабағына асығыс адымдап бара жатқан Бақытжанды бір кезде өзі оқытқан жас жігіттің сөзі селк еткізді. Шынында жүрегі зу ете қалды. Оның себебі де жоқ емес. Дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін бұл өзі оқытқан талай жеткіншекті қинағаны бар. Тіпті, «жігіт емеспісің» деген желеумен біраз бозбаланы бұзақылығы үшін сабақ үстінде түймештеп те алатын. Соның бәрі алдынан шығатын сияқты. Осы Қабылбектің де етін талай көгерткен. Енді, міне амандаса салып, бірден сөйлескісі келетінін жеткізді.

«Бұның ойы бұзық. Әйтпесе, әскерден келгені кеше ғана. Әлде, аксерблаттың желі әлі кетпей жүр ме екен?! Мүмкін...

Әрине, мұғалім болған соң оқушылардың тәртіпті, үлгерімі жақсы болғанын қалайды. Сол себептен де талай оқушыны қан қақсатқан. Бірақ солардың бәрі де бұның қинағанын ұмытып кетті. Кейбірі дардай жігіт болып, келіншек түсіргеннен кейін де бұның алдында именіп, қысылып тұратын. Ұялатын. Ақыл сұрайтын. Сыйлап, «...біздің ағайымыз» деп жас келінге сыбырлап жатқанын талай естіді. Содан бері өзінің құрметі асқанына сеніп жүруші еді...

Ал, мынау ма, мынау... Өзінің бетпақтығы бес қабат сияқты еді. Бірде белтемірге бекіткен мөлшер бойынша тартыла алмаған осы Қабылбекке екі қойған-ды. Сол жолы бала жігіт көппен бірдей-ақ тартылған. Бірақ ұстазының өзіне қатаң талап қоятынына ызаланып, көз жасына ерік беріп қойды. Алдымен тесірейіп, бұны көзімен жеп қоярдай түйіліп қараған Қабылбек өзінің әлсіздігіне, жетімдігіне шарасыз екендігін ұққандай бұрылып, көзінің жасын жеңімен сүртті, бойжеткен қыздардың алдында ыңғайсыз күйге түскеніне өкініп, күрсінді. Сонда бұл, шәкіртінің өксігенін сыныптастарының көзінше күлкі қылғаны бар.

Әй, өзі де оңбайды. Жасы кішілерді көрсе жыны ұстап кете ме, әйтеуір, қылжақ қылуға, мазақтауға дайын тұрады. Онысына кейде күлкілі сөз, қыжыртпа тіркес қосылады. Соның өтеуіндей болатын талай сөзді бұл да естіді. Боқтық, қыжыртуды құрбы-құрдасы кездескен сайын айтады. Ал, бүгін санасын дір еткізген жаңағы сөз...»

Мектеп қоңырауы сылдырлағанда Бақытжанның көңіліне күдік кіргізген үрей сейіле берді. Алғашқы сабағы өтетін спортзалға қарай дәлізбен адымдай жүріп кеткен мұғалімді сыртынан көрген адам: «Неткен қамсыз жан?!» деп ойлайтындай.

***

   Қабылбектің әскерден оралуы ойпаңға орналасқан шағын ауылға жыр болды. Бұла күші бойына сыймай серпін атқан жетім жігіт бір кездері өзіне тізесін батырғандарды шықпырта сабап, аз уақыттың ішінде өзі секілді жасөспірімдерді жанына жиып алған. Тіпті, ауылдың серке секілді сақа жігіттері онымен қипақтай амандасуға айналды. Бірде қалың ағашты клубтың қалқасында, бірде ауыл орталығындағы дүкеннің алдында шұбырып жүретін жігіттерден шынында да менмін деген жүрек жұтқанның өзі тайсалатын. Бір қызығы бұлар өздігінен ешкімге ұрынбайды. Тек бір кезде әлімжеттік жасап, өзінің жұдырығы жуан екенін білдіріп, жасы үлкендігін көрсетіп, басынғандар оңбай таяқ жейді. Бір күні алпыс сегізінші жылғы Қуантай көшенің қақ ортасында еңіреп жылап, бұлардан кешірім сұраған-ды. Оның масқара болып еңкілдеп жылағаны сол сәтінде-ақ ауылға түгелдей дерлік жайылды.

   Иығына гитара іліп, сыңси әндететін осы бір бозбаланың мінезі қызық: күлгенде жарқылдап айналасына нұр шашатын жанары, жайшылықта көбіне түксиіп жүретін қабағы, ашуланғанда – суық. Сосын әңгімеқұмар екендігі ауылдың шалдарына жақын жүретінінен байқалады. Әрқашан да алдымен ақсақал, көксақалдарға қол беріп амандасады, реті келсе мақтап қояды.

   Бүгін де қос көшенің қиылысына жайғасып, көзінің қиығымен кешкі малды күткен сыңайда картаның қызығына кірген шалдарға бұрыла келіп салам берді.

   – Ассалаумағалейкум!..

   – Уағалейкумассалам!

   – Әліксалам...

   – Алдым. Уәлейкум... молда бол, мен тамақ ішкенде қайда болсаң, онда бол.

   – Көтердің бе, не?!.

   Алтылықтың қызығына кірген шалдардың жанынан жылыстап, көшенің қақ ортасында тұрған достарына қосылған Қабылбек терең ойда. Оған таңертеңгісін көрген түсі себеп. Көптен түсіне кірмей кеткен анасы марқұм бұған ренжи қарап: «Балам ешкімді ренжітпе. Кешірім сұра...», – дегенде оянып кеткен. Шым-шытырық түстің ұшығын ұстай алмай біраз жатқан. Сағат түстен ауып кетіпті. Тұра салып, әпке-жездесінің үйіне тартты. Жеті шелпек пісіртіп, бір шәй ішіп шыққан беті осы. Көңілінен бақилық болған анасының сөзі кетер емес. Содан да шығар, кімге не айтқаны белгісіз. Тіпті, күнімен, түнімен бірге жүріп, таңға жуықтағанда ғана айырылысатын достарының да сөзін ұғар емес.

   – Бүгін Қуаныштың үйінде отырыс болады екен, барамыз ба?

   – Кімдер отырады?

   – Дильшат, Әзім бастаған қыздар. Барайық та. Құдашаң ғой, бір ауыз айтсаңшы.

   – Қой, ұят болар... Одан да әнеукүнгі Қуантайға барайықшы.

   – Неге?! Кешір демексің бе?!

   – Иә!

   – ?..

   – Иә, иә. Сөйтейік.

   – Өзі сұрасын алдымен, кешірімді. Кезінде талай сабап еді ғой, бізді. Енді несіне жаның аши қалды? Бір рет жеген таяқ оған аз.

   – Өзі не істеп жатыр дейді, ел?..

   – Кім біліпті, әйтеуір үйінен шықпайтын көрінеді. Ыза-күйіктен ішіп жатқан шығар?! Оған несіне емешегің езіле қалды? Баяғы да екеумізді: «Тиын әкел!» деп тентіретуші еді ғой. Есіңде ме?

   – Иә.

   – Онда несіне сұрайсың?!

   – Жарайды, бопты... – Сөзін жақын досы саналатын Айболға да өткізе алмасын ұққан Қабылбек үнсіздікке беттеді.

   – Одан да бастаңғыға барайық та.

   – Көреміз...

***

– Бәке, қалыңыз қалай?! Тоқтаңызшы... – деп кібіртіктеген дауыстан Бақытжан селк ете қалды. Кешкі қараңғылықта плащының етегі жер сызып, құрдасының үйінен қайтып келе жатқан мұғалім үшін расында күтпеген жағдай болды. Жүрегі атқақтап:

   – Не болды, ей?! Не болды?! – деп сыбырлай берді. Ойы басқада. Алдындағы көпірдің үстінде қасқайып тұрған жас жігітті көргенде миында: «Қашу керек» деген сөз сумаң ете қалды. Күздің қара суығында тізеден асатын былғары шапан, басына құлағы қайырылған тұмақ киген Қабылбектің сұлбасы оған зорайып көрінді. Иығына асқан мылтығы бар. Бір кездегі оқушысының қарсы алдынан шығуы бокстан спорт шеберлігіне кандидат Бақытжанды түрлі ойға жетеледі. Оның үстіне сыныптасының үйінен ішкен арақ та мәңгіртіп тұр. Ақыры құлашын созып, бұны құшағына алмақ болған шәкіртінің қапсыруынан сытылып, орнынан атырыла жөнелді. Түймесі ашық плащы сыпырылып қала берді.

   Артынан:

– Өй, ағай, сізге не болды? Қорықпаңыз, мен... – деп алакеуімде абдыраған Қабылбек не істерін білмей дал. Кенет қолында ұстазының ұзын етек плащы қалғанын көрген ол да жүгіре жөнелді. Анадайға барып, бұған қарайлаған ұстаз шәкіртінің жүгірген күйі сөйлеп келе жатқанын көріп, бөкен желісіне қайта түсті.

Ауыл қақ жарып ағып жатқан кішігірім өзеннің оң жағалауына секіріп өткен ол кей жерлерде адымдап, кей тұстарда екпіндеткен күйі зымырап барады. Әрбір үйдің тұсынан өткен сайын иттің үрген даусы естіледі. Арсылдақтардың бәрі де кештете дедектеген екеуге риза емес. Бақытжан ақыры үйіне жетіп, есікті іліп ала қойған әйеліне бір барқ етті де төсектің астындағы құс мылтықты суырып жатты. Бұл уақытта қақпасының орнына қос шанжа бекіткен үйдің ауласына кірген Қабылбек іштегі жарық нұры төгілген есіктен сыр аулағандай кейіпте табалдырыққа жетіп еді. Кенет шалқасынан шиқылдай ашылған ағаш есіктің ар жағынан мылтық ұңғысы шошайып шыға келді. Сақал-мұрты жаңа тебіндеген бала жігіт қолындағы ақ-сұр плащты тастап жіберіп, артқа шегіне берген.

– Ал, не айтпақсың? Айт, қане! Мені неге аңдып жүрсің? Жоқ әлде өсіп кеттің бе, не, боқмұрын... – деп кіжінген Бақытжанның даусы ызалы шықты.

– Мен ағай... мен...

– Не ағай?! Не ағай?! Жас бала құсап, неге кемсеңдей бересің?.. Жөндеп айт... – Бір кездегі ұстазы бастырмалатып барады.

– Сізбен сөйлесейін дегенде... – Күмілжіп қалған бозбала басындағы тұмақты алып, шашын сипай берді.

– Сөйлесетін қыз бен жігіт пе едік, не? Міңгірлеме... Не анау арқаңдағы, мылтықпен қорқытпақсың ба?! Шеш қане!..

   Қолын көтере қалшиған Қабылбек бұны естігенде жымия берді де, теріс айналды. Қолында құлағы қайырылған тұмақ, иығында шуда жіп тағылған гитара. Осы кезде өзінің жөнсіз үрейленгенін ұққан дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі қолындағы мылтығының ұңғысын түсіре берді. Желкесінен әйелінің «Ой, албасты алқаш...» деген сөзі естілді. Жеңілгісі келмеген Бақытжан:

– Мені неге аңдып жүрсің деймін, ей ақымақ?! Неге күлесің? – деп барқ ете қалды басын артқа бір сілкіген күйі. Әйел жым болды.

– Жәй, сізге рахмет айтайын деп...

– Не?!

– Мектепте қайта-қайта жүгіртіп қинағаныңыз маған көп көмектесті. Соның арқасында әскерде елдің алды болдым. Кейбір балалардың жүз метрге жүгіре алмай, белтемірге тартылуды оннан асыруға шамасы келмей қиналып жатқанын көргенде: «Сізге іздеп барып, рахмет айтайыншы» деп өзіме талай уәде берген едім. Соған ризашылығымды ай...

Аузы аңқиып, көзі бақырайған ұстазының көзінен екі тамшы жас аққанын көрген Қабылбек қалшиып, қатып қалды. Қолындағы мылтығы бәтіңкесін баса құлаған Бақытжан алға ұмтыла берді. Есіктің көзіндегі екеудің құшақтаса кеткенін көрген әйел ештеңе ұқпады.

Сол түні Бақытжан үйінің жарығы таңға дейін сөнбеді.

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: жеке мұрағаттан

Ш. Талап