Әділ Ботпанов. "Сен кетті деп сендіре алмай өзімді..."

Әділ Ботпанов. "Сен кетті деп сендіре алмай өзімді..."

28 жасында із-түзсіз жоғалып кеткен талантты ақын Әділ Ботпановтың кітабы «Қазығұрт» баспасынан «Өмірзая» деген атпен жарық көрген болатын. Ақынның өлеңдері мен прозалық дүниелері топтастырылған жинақты оқырман қауым жылы қабылдады. Әділ ақынның өлеңдерімен жақсы таныс Massaget.kz сайтының оқырмандарына бүгін прозалық туындыларының бірін ұсынғалы отырмыз. Әділ Бауыржан Бабажанұлы айтпақшы «прозалық туындыларына әңгіме немесе повесть деп «ен» салмаған». Ендеше, лайықты баға сіздің тарапыңыздан болсын, қадірлі оқырман!

 СЕН КЕТТІ ДЕП СЕНДІРЕ АЛМАЙ ӨЗІМДІ...

«Сен кімсің, Сұлулық?» — деймін мен. Ол үнсіз жымияды. Жымияды да, жанарын төмен салып, аңырап келе жатқан составқа қарай кете барады. Мен оянып кетем...

«Япыр-ау!» — деймін сосын, — «япыр-ау, мына тірлікте басқа өлсе де, сұлулық өлмейді дегені қайда? «Сөйтсем де көз алдымдағы оның бейнесімен сырласуға талпынам. Бірақ... бірақ ол төрт бұрышы тең емес тірліктің құлы — біздерді мүсіркегендей жымиған қалпында үнсіз қала береді. Неге? Осы неге аз күннің ішінде сормаңдайды қанша соқсам да, жарытымды жауап таба алмай қор болам. Бәлкім, арым айтқан қара қылды қақ бөлер қатал үкіммен үлп-үлп еткен үркектігі басымдау шыбын жан шіркін келісе алмайтын шығар. Солай-ау...

Есіме Достоевскийдің «Сұлулық әлемді құтқарады» дегені түседі. «Ал сонда сұлулықты кім құтқарады?» деймін мен, «Ар!» — дейді маған үнсіздік. «Сұлулық Ардың құлы болғанда, пенделікке салынып өз-өзін сатуға бармағанда ғана асқақ та әдемі қалпын сақтап, өзін рухани өлімнен арашалап қалады».

Тағы көзім ілінеді. «Сен кімсің, Еркелік?» — деймін мен. Ол тағы да үнсіз кетіп бара жатады. Мен оянып кетем. Сосынғысы — арпалыс. Арымды, адалдығымды сақтау үшін емес, қысқа түннің тәтті түрмесі — ұйқы деген арсыздық құшағына құлау үшін арпалысам мен байғұс.

Сөйтіп, таң да атады. Жаңа қызмет орнына емес, баяғы үйреншікті мекемеме бара берем. Бірақ маңдайшасында «15» деген жазуы бар бөлме есігін аша алмаймын. Өйткені ол бөлме құлазып тұр...

Аспан бүгін ерекше әдемі, нұрлы. Бәлкім аспанда сұлулық, өрлік, еркелік рухы әлі қалықтап жүргендіктен шығар деймін мен. «Иә», — дейді үнсіздік. Сосын тағы арпалыс. Арзан тірлікте өзіңді қымбатырақ санап, өзіңді біреуден жоғарырақ етіп, содан зор ләззат алу үшін болатын алмағайып арпалыс. Бұл — жер беті, ал аспанда асқақтық пен сұлулық рухы қалықтап жүр. Ол енді мұнда оралмайды. Ал біз аспанға барудан үміттіміз... Бірақ, кімнің аспанына... Білмеймін...  

21.ІІІ.1997 жыл.

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: xn--80aqafcrtq.cc

Ш. Талап