- Негізгі бет
- Поэзия
- "Жарық қылсын әлемді...
"Жарық қылсын әлемді көзің ғана"
Құрметті оқырман, бүгін біз сіздерге ес-түссіз жоғалып кеткеніне жиырма жылдың көлемі болған Әділ Ботпанов есімді дарынды ақынның шығармашылығын ұсынбақпыз. Ол бүгіндері аты аталып, ақындықтың төрінен көрініп жүрген ағалардан кем емес еді... Өзі жоғалған ақынның жырының да жоғалып кеткенін қаламас едік.
Жақында ғана "Өмірзая" атты жыр жинағы жарық көрген ақынның шығармашылығы мен ғұмырына бұрын да тоқталғанбыз. Әділ ақынның кітабы қолына тимеген оқырман үшін оның бірнеше өлеңдерін осында салуды жөн санадық. Қазақ поэзиясының өмірзаясы атанған ақын Әділді таны, оқырман...
Көңіл пернелері
Күлкім қашып, күзден қоңыр күйге ендім,
Енді, жоққа – семіз, барға – арықпын.
Мұңын ішіп мола шерткен күйлердің,
Үйеңкіден үнсіздікті үйрендім.
Тәубе етпей-ақ, тәңіріме тамсанып,
Өлең жаздым, сен сенбесең, тал сенер.
Шақыр мені, үнсіз ғана ән салып,
Құс боп самғар құдіретің қалса егер.
Жастан өттік жалғыздықты алдайтын,
Енді бізге екі дүние – бар сағым.
Сана қалса сәтті күтіп сарғайсын,
Ең соңғы рет ертегі іздеп самғайтын.
Үнсіз қалған үміттердің көгінде,
Үнсіз салған ән боп ұшып көрелік.
Бізден ешбір кінә жоқ қой тегінде,
Бәріне де тағдыр қылды төрелік.
Көк жүзінен күмбір-күмбір күй көрдім,
Күймелетіп көшкен күннің елінен.
Жарығынан қашып үміт үйлердің,
Үйеңкінің үнсіздігін сүйгенмін.
******
Жүдегендей күйдемін, жаным, жырдан.
Барайықшы сол баққа сағындырған.
Екеумізге телмірген ай астында,
Көз тігейін көркіңе табындырған.
Жүдегендей күйдемін, жаным, жырдан.
Кезек беріп бір сәтке төзім дана,
Жүректерден тіл қатсын сезім ғана.
Жұлдыздың да бұл кеште қажеті жоқ,
Жарық қылсын әлемді көзің ғана.
Сәуле шашшы жүрекке өзің ғана.
Бәлкім, жүрек көзіңнен жалын табар,
Жалын табар,
Аңсаған әнін табар,
Кетпе мәңгі, ендеше, кетпе мәңгі,
Әнім болып аяулым, жанымда қал,
Мәңгі сенен жүрегім жалын табар.
Махаббат диалогы
Кешкі аспан қызыл кілем тоқып беріп,
Отырмын жанарыңнан бақыт көріп.
Өзіңе Мұқағали ізіменен
Махаббат диалогын оқып беріп.
- Мен асқақ аспан болсам, не етер едің?
- Жер болып телмірумен өтер едім.
- Тулаған теңіз болсам, не етер едің?
- Түбіңе батып мәңгі кетер едім.
- Ызғарлы дауыл болсам, не етер едің?
- Кеудемді ызғарыңа төсер едім.
- Өлсем ше... Иә, өлсем, не етер едің?
- Ақ бөз боп өзіңді орап кетер едім.
... Кешкілік. Тек екеуміз. Керенау бақ.
Отырдық табиғаттан өлең аулап.
- Жолында махаббаттың өлер болсаң,
Өле бер, - дейсің күліп, - Менен аулақ.
- Дәмесін қара, - дейсің, күліп маған,
Тыңдайды пәк күлкіңді ұйып далам.
Деміңнен оттай ыстық балқып денем,
Қалтырап, енді бірде сүйіп тоңам.
Сыңғырлай тағы күлдің іңірде осы,
Шын ба, айтшы, жазғандарым шыным деші.
- Шын, - деймін, - Айып екен мұның несі,
Сүйемін кеткенше өтіп ғұмыр көші.
Аппақ ай төгіп бізге шұғыласын,
Қанатын жайды іңірге түн ұласып.
Мойылдай жанарларың мөлт-мөлт етіп:
- Сендім, - деп құшағыма тығыласың.
Кездесу
Күнім менің,
Бұлт артынан қалайша білінбедің?
Алақаныңды аяулы ұстағанда,
Дүрсілдеп жүрек неге дірілдедің?
Ақымағым,
Кірпік ілмей таңымды атырамын.
Өзіңе сый етсем бе жүрегімді,
Жұлым-жұлым махаббат жапырағын.
Аппақ айым,
Көзім тігіп көркіңе шаттанайын.
Сыймай келген кеудеме айтарымды,
Ағыл-тегіл алдыңа ақтарайын.
Табынарым,
Өлердей-ақ өзіңді сағынамын.
Сондықтан да қайтуға асықпашы,
Асықпашы, аяулым, жалынамын...
Күнім менің,
Қуаныштан алдыңда дірілдедім.
Бұлт артынан қалайша білінбедің?
Күнім менің,
Жап-жарық күнім менің...
Сәлеметсіз бе?
Жаныңызда жүрдіңіз жара жеп күзде,
Ал күздің желі, меніңше, сәл әдепсіз бе...
Жапырақтарын шашты алдан.
Бұрылдыңыз да,
Дедіңіз:
- Сәлеметсіз бе?
- Сәлеметсіз бе...
Сонау күз бізге ерекше сый табыстырды,
Сый табыстырды, бөлекше күй таныстырды.
Қандай күш екен сол күні сәлемдестірген
Бейтаныс бізді?
Сол таныстырған біздерді жайлап өтті күз,
Жапырақтарын алысқа айдап өтті күз.
Жапырақ тектес пе едіңіз, бейтаныс ару,
Қайда кеттіңіз?..
Сол баққа келем жанымды жара жеп күзде,
Ал күздің желі әлі де сәл әдепсіз бе...
Жапырақтарын шашады алдымнан менің.
Дейтіндей:
- Сәлеметсіз бе?
- Сәлеметсіз бе...
Қарақалпақ қызына
Қоңырат жақтан жеткен қыз,
Ерке қылығың баурап жүректі.
Сүйген ем... Бірақ ерте күз
Айырды бізді, жүдетті.
Қиынға әркез бекіне білген,
Қара да нар ем кәтепті.
... Сен мінген ұшақ көкірегімнен
Кереметімді әкетті.
Мен жалғыз қалдым аспан да мұндай,
Қатыгез бе еді, керімім.
Қарақалпақтың дастандарындай
Қилы да болды-ау өмірім.
Бейүміт күйді ұғынып бибім,
Тағдырым созбас қол ұшын.
Елесіңді елден тығылып сүйдім,
Өкпелеме деп сол үшін.
Мұңдылау саған жазған хаттар мың,
Тауысып бәрін бояудың.
Мен бүгін, міне, тозған бақтардың
Қарақшысындаймын, аяулым.
Аздым да, тоздым. Шарапты балдай
Сімірдім елтіп сезімге,
Қайтейін енді қарақшы болмай,
Жүрегім кетсе өзіңде.
Соңғы хат
Еңлік гүлім,
Шығарып естен мәңгіге сол үміт түнін,
Маржаныңнан ең соңғы моншақ тіз де,
Мені ұмыт бүгін.
Тереңін бойлап ой деген қаралы көлдің,
Мен саған жаралы келдім.
Себебі, гүлім, осынау домбыра-жердің,
Жыр толы шанағы менмін!
Еңлік гүлім,
Соны ұғып бүгін,
Жыр баураған жүрекке таласпай-ақ,
Өлең сөздің отына жанаспай-ақ,
Мені ұмыт, шыным.
Сезіміңді тастама отқа ғайып,
Ақын саған тең емес, сақта байып.
Жыр баураған жүректі жаулап алу
Қиын... Қиын, осыған тоқталайық...
Еңлік гүлім,
Шығарып естен мәңгіге сол үміт түнін,
Маржаныңнан ең соңғы моншақ тіз де,
Мені ұмыт бүгін,
Еңлік гүлім,
Еңлік гүлім...
Ақынның "Өмірзая" кітабы бойынша дайындаған: Ақерке Әбілхан | |
Суреттер: | chitalnya.ru, facebook.com, blog.tvoyapechat.ru |