Ернағыз Жанатқан: "Мына күз, өтірікке сенгіш әлі"

Ернағыз Жанатқан: "Мына күз, өтірікке сенгіш әлі"

Массагет порталы жас ақындарды қолдап шығармашылығын жариялап келеді. Бүгінгі жыр-қонағы талантты жас ақын – ЕРНАҒЫЗ Жанатқан. Оның сиясы кеппеген өлеңдерін оқырман қауымға ұсынамыз.

009ТА

Сені қай жолдар,
Қай рельс осында ап келді?
Сезімдер бүр жарып нәп-нәзік,
Үміттер лап берді.
Кейін, санамда сан сұрақ сандалып, 
Көк тер де, ақ термін.
Сонсоң тағдырдың жадына көшірдім,
Осынау аяулы кезеңді,
Осынау әдемі сәттерді.
 
Сен – Луврда сақталған,
мыңжылдық жауһарлар секілді.
Жұлдыздар жаныңды тербетіп,
Күн келіп сүйетін бетіңді.
Жағаңнан, жұпарлар иісі аңқып не түрлі…
Көшкенмін,
мендегі түнектен,
сендегі тілекке. 
Ал сен,келдің мендегі жүрекке!
 
Келесі аялдама Алматы-1. 
 
Қала (эллегия)

Меңіреу көшелер,
боз үйлер,
маршурттар ескірген.
Мен анау бой түзеп өсіп ем тауларға,
даланың төсінде ес білгем.
Ал, мұнда жатсындым,
Сыр айтқым келген жоқ пендеге,
Сөйлескім келген жоқ ешкіммен.
Атпайтын сияқты таң ерте,
Батпайтын сияқты кеш мүлдем.
Сөйтіп біраз күн,
ойынсыз, сауықсыз,
шаттықсыз, күндерді кештім мен.
Кейін, қытымыр аяз кеп қысады,
Үміттер – сең басқан,
Ой – ызғар,
Гуілі естілді, пойыздар.
Елең-алаң да,
Аңсарым ауады жолына құстардың.
Қайда ұшып барады?
тобына құштармын.
(Мен де ұшқым келеді).
тек, жек көріп кетіппін жолдарды,
Сағыныш дейсің ба?
дұшпанмын...
 
“Әлди-әлди”
 
Жанарыңда түн қалғып, 
Жылағаның не қарғам?
Үркек үміт,терезеңді тұрды аңдып,
Аядым шын,жүрегіңнен не қалған?
Жұбатқым-ақ келгені рас,жарығым,
Жан-дәрменім таусылып,
Сені тағы, дауысыңнан таныдым.
Жұбанбадың, бұл не деген кербездік?
Бұл недеген қарсылық?
Содан кейін өзің жайлы түс көрдім,
Өлең екен – есімің,
Сен әзірлеп, мен сіміріп ішкен мұң,
Қандай тәтті,
Бар күнәмді кешірің.
Маза бермей жатқан шығар сан сауал?
Аспан да шу,түн де шу,
Маңдайыңнан өпкен кезде таң самал.
Мендік аңсар –
жазымышыңда жүздесу,
Жазымышымда күн кешу.
 
Сарғыш
 
Жапырақ желге ұшады,
ашады жер құшағын.
үмітті үлбіреген, 
сіз құшасыз,
содан соң, мен құшамын…
Мына біз, алдануға бейімдеуміз,
Мына күз, өтірікке сенгіш әлі.
Ес неге шығасылы-кіресілі?
Ештеңе, түсінгем жоқ мен мысалы...
 
Біздер,қай жерде жолықтық?
Қай жерде адастық?
Бұл мүмкін сәтсіздік 
Ғасырға қимадым сәтті үздік…
Мүмкін, санасы сап-сары сағыныш, 
Шаштары сап-сары ақ қыздың.
Сосын ,жетімек күй кешті бақ күзгі,
Қайыңдар, жолымда,
жолыңда, сап түзді,
Уайымдар, сананы биледі қап, біздің!
 
Еске алу

Бұл қай мезгіл,
Кешқұрым ба?
Жоқ әлде таң сәрі ме?
Көше кезген мен ғана тар шәрі де,
Бармай қалған жолдарда қандай айып?
Жанбай қалған үміттің аңсары не?
 
Жолығудың болмады ыңғай-ебі,
Хат жазбадым, емес ед бұл да әдейі.
Адастырып алармын тағы сізді, 
Жүрегімді нетесіз мұңға бейім. 
 
Сізде бәрі бар еді ақыл,көрік
Үндемедім,
шіркін қандай жан едім дәтім берік.
Үнсіз қалған сәтімді сөге көрме, 
Өмір жайлы ойланып жатыр деп ұқ.
 
Қынжылта ма, 
жақының да,жатың да еместігім?! 
Бізді қалай арбайды елес ғұмыр?
Жолықтырып қалғым-ақ келіп еді
Сізді бірақ,
бұл қалада тұрмайды деп естідім. 

Т. Раушанұлы