Алаштуғанның “Жалғыз аспан” атты өлеңдер жинағы жарық көрді

Алаштуғанның “Жалғыз аспан” атты өлеңдер жинағы жарық көрді

Ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ержан Алаштуғанның “Жалғыз аспан” атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Іс-шара Қазақстан Жазушылар Одағының “Әдебиетшілер үйінде” өтті.

Тұсаукесерге белгілі ақын-жазушылар, ақынның ұстаздары және оқырман қауым қатысты. 

Алғаш болып сөз алған ақын Байбота Қошым-Ноғай Ержан Алаштуғанды алғашқы жыр жинағы шыққан жас кезінен бері шығармашылығын бақылар келе жатқанын, өлеңдеріне тәнті екенін айтты.

“Иманғали басшылыққа келгенде қаламгерлерге қолдау білдірді. Сол кезде 100 жас ақын-жазушының кітабын шығарып беретін болды. Оған бұрын кітаптары жарық көрмеген 10 шақты ақын енді. Олардың қолжазбасы маған берілді. Мен  ол кезде “Жазушы” баспасында редактор болып жұмыс істейтін едім. Көп жастардың өлеңдерімен таныстым. Білген ақылымызды айттық.  Солар енді әдебиетімізге олжа салып жүрген үлкен ақынға айналды. Айтайын дегенім, сол 10 ақынның ішінен Ержан Алаштуғанның өлеңдері дараланып тұрды. Ақын Есенғали Раушанов: “Осы ақындардың ішінде ерекшесі бар ма?” деп сұрады. Мен Ержанның өлеңдері алабөтен, бәрінен дараланып тұратынын айттым. Кейіннен сол Ержанымды баспасөз беттерінен кездестіре алмай қалдым. Айналамнан сұрасам ешкім білмейді. Сосын facebook-ке “Осындай Ержан деген ақын бар еді?” деп іздеу сұрап жаздым. Міне, сол ақыным табылды. Бүгін “Жалғыз аспан” деген өлеңдер жинағы жарыққа шығып отыр. Жақында Ержанның өлеңдерін, көптеген аудармаларын оқыдым. Бұл біздің әдебиетімізге салынған үлкен олжа. Ержанды оқырмандарымен қайта қауышуымен құттықтаймын”, - деді Байбота Қошым-Ноғай.

Содан соң іс-шара тізгіні ұстаған ақын Бақыт Беделхан Ержан Алаштуғанның сонау өткен ғасырдың 90-жылдарында өлеңге қалай келгенін айтып, оны Қазақстан Жазушылар Одағының арнайы сыйлығы және “Мұқағали Мақатаев” төсбелгісімен марапаттады.

“Ержан досым біраз уақыт жоғалып кетті. Сөйтсем, бекерге жоғалмапты. Өзін іздепті. Біреулер бар бақытын тауып, уақытын жоғалтып жатады, енді біреулер уақытын тауып, бақытын жоғалтып жатады. Ал, Ержан бақытын да уақытын да қатар ұстап, өз қазығына қайта оралды. Жас кезімізде Ержан екеуміз таңғы беске дейін өлең жазып келу бойынша жарысатын едік. Осылай жаттығып, ізденіп өстік”, - деді Бақыт Беделхан.

“Жалғыз аспан” кітабының тұсауын ақын Байбота Қошым-Ноғай, Бауыржан Омаров, журналист Қали Сәрсенбай, ақын-жазушы Нұржан Қуантай, ақын Болат Жетекбай кесті.

Тұсаукесерден соң белгілі әнші Ерлан Төлеутай сахнаға шығып, ақынға ізгі тілегін білдірді. 

“Ержанның тағдырын Мәди, Иманжүсіп, Балуан Шолақтарға ұқсатам. Ол жалғанды жалпағынан басып, басын тауға да тасқа да ұрды. Арамыздан біраз уақыт жоғалып кетті. Соның бәрінде Ержан ақындығын сақтап келе жатыр. Ақындық деген қызық құбылыс. Бір адамдар жиырма бес жасқа дейін ақын болады, сосын сөніп қалады, енді бірі отызға дейін ақын болады сосын сөніп қалады, енді бірі қырыққа дейін барады, әрі қарай өлеңдері қоламтана бастайды. Ал Ержанның ақындығы жыл өткен сайын ашыған шарап секілді күшейіп келеді. Оның өлеңдерін оқығанда басың айналып кетеді”, - деп әннен шашу шашты.

Кеш барысында ақын “Жалғыз аспан” жинағына енген өлеңдерін оқыды. 

Белгілі ақын Олжас Сүлейменов Алаштуғанның өлеңдері туралы пікірін білдіріп, жаңа жинаққа сәт сапар тілеген.

“Алаштуғанның поэзиясымен таныстығым менің өлеңдерімді ана тілімізге аударғаннан басталды...Шығармашылығына тереңірек үңіліп, үлкен ізденістердің нәтижесі мен дара дарыннан бөлек, тағы бір дүние назарымды аудара берген еді. Ойдың еркіндігі сөздің көркемдігімен тамаша үйлесім тауып, көненің көкжиегінің кеңейтіп, жаңа жырда келісті кейіпте көрінгені қуантты. Дастан далада жүзжылдықтарен бірге жасап келе жатқан бабалардың бірегей жырының жаңғырығынұлы рухтың ұрпақ жадысындағы жаңғырған жасампаз бейнесіндей “Жалғыз аспаннан” байқап, ел әдебиетінің ертеңіне сенімім ұлғая түскендей. Алаштың ақынына ақ жол тілеймін!” - деген Олжас Сүлейменов.

Одан кейін сөз алған Серік Қалиев ақынның шығармашылығына тоқталып өтті.

“Ержан ақын жазғаныңнан жазарың көр болсын. Елдің рухын оятып, ұлтқа қызмет ете бер. Біз сені аламанның алдынан талай әлі күтеміз. Өйткені сен жүрегіңе жыр қонған ақынсың”, - деді ол.

Кешке арнайы келген ақын, Дәурен Берікқажыұлы мына қоғамда ақын болып жүру де ерлік екенін тілге тиек етті.

“Ержанның ең алғашқы антологияға кірген өлеңінің өзі жалт қаратты. Тағы бір таң қалатын нәрсе бізде ақын көп, қайраткер ақындар саусақпен санарлық. Ал Ержан тумысымен, болмысымен, мінезімен қайраткер ақын. Жалпы, қараткер ақын деп айтудың өзі ұят. Ақын қайраткер болуы керек. Бірақ, қазір бізде жылы-жұмсаққа жастанып жатып, өлең жазатындар көп. Осы тұрғыдан Ержанның мына қатігез қоғамда, зорлықшыл, әділеттілікті белден басатын қоғамда есер болмауға хақысы жоқ еді. Бірақ есерліктің де түр-түрі бар. Ержанның есерлігі есті есерлік. Бірақ біз соны ескермедік. 25 жылдан кейін мен өзімнің Ержанымды тауып тұрсам, қазақ оқырманы Ержан ақынымен қауышты”, - деді Дәурен Берікқажыұлы.

Кеш соңында Ердан Алаштуған көпшілікке өз алғысын білдірді. 

Айта кетейік, Ержан Алаштуған – әдеби ортаға тоқсаныншы жылдардың басында танылған ақын. 1975 жылы Жезқазған облысы, Қаражал қаласында туған. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын №2 Республикалық мектеп-интернатта оқыған. Абай атындағы Алматы Мемлекеттік Университетінің түлегі. Ұлттық Ғылым Академиясының Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану Институтында, Қарағанды облыстық мәдениет басқармасында қызметтер атқарған. Шығармалары алғаш “Толқыннан толқын туады” ұжымдық жинағына енген. “Тақсыр, Күн”, “Ашиналардың Аспаны” кітаптарының авторы. “Алпауыт ақындар" антологиясының және "Толағай-Талай" жыр жинағының авторы. Ержан бүгінде орыс әдебиеті мен шетел әдебиеті ақындарының поэзиясын қазақ тіліне аударып жүр. Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының кеңесшісі болып қызмет етеді.

А. Оралқызы