Ретбек Мағаз: "Құшырланған қой сүті қиялымды жарытып..."

Ретбек Мағаз: "Құшырланған қой сүті қиялымды жарытып..."
Фото: zhasorken.kz

Құрметті жыр сүйер оқырман назарларыңызға талантты ақын Ретбек Мағаздың сиясы кеппеген өлеңдерін ұсынамыз.
 
Жел  мен сұлу
Ес білгелі,
Маңдайымды күн сүйіп,
Кекілімнен сипап өттің өзің жел.
Мен жасқанып етегімді қымтадым,
Сен де,
Күн де,
Тойымсыздау едіңдер…
Бүгін менің дәнегем жоқ аяитын,
Гүл көркімді ал, тойлаңдар,
Келіңдер.
 
Көзді арбаған
Күндей гүлді көйлегім,
Сен де аздың,
Жел тілінде сөйледің.
Ақ балтырым жалт етті.
Анадайдан тілін тістеп, күмілжіп:
«Жастығың да өте шығар»,-дейді өлім.
 
Желсіз тағы ашыла ма ой - көгім,
Күнсіз тағы құлпырамайды көйлегім.
Мен де өмірге жел тілімен сөйледім.
Балтырыма бас ұрып,
Келіп тұрат көзі жасты кейде өлім.
 
ХХ ғасыр. ОҚ
 
Зулап келеді,
Зулап келеді...
Замандай тар,
Көрдей соқыр,
Бітер емес ұңғы іші.
Құлағында шуылдайды ғасырлық,
Жер бетінің қылмысы.
 
...шықты ұңғыдан,
Кеңірдектен қаңсыған,
Түтін ертіп бір шүйке.
Өлім исі аңқыған.
 
...Зымырап барады,
Зымырап барады.
сұмпыдай сұр,
Ұңғыдай тар,
Осы ма өмір жарығы.
Осы ма пәни дүние-
Кешіп өту қан сасыған ауаны.
Тұла бойын ұяттан,
"Тозақ" оты қарыды.
 
Маңдайында бір ақ рет атылу,
Қайырылмайды атылған оқ қайтадан.
Қайырылмайтын заман аунап барады,
Оқ ұшында, кесапаттан шайқалған.
  
Көк көйлегін күйік шалған жапырақ
 
Сүрініп – жығылып,
Тереземнен жапырақ кірді.
Көк көйлегін күйік шалған,
Жыртылған.
Кім оны қуалап жүрген?
Жел ме, әлде уақыт па?
Дым білмейді.
Тереземнің сыртында тілін тістеп түн тұрған.
 
Шошынған жапырақ,
Қалш – қалш етіп жатыр еденде.
Не өкпе айтасың,
Сұп – сұры үйлерге сүйенген пақыр – еменге.
 
Қандай қатыкездік –
Етегіне өрт қойып қуалау.
Өшіре алмайды жаңбыр да жуындырып.
Қаштың ба, емен – мекенге байланған кіндік –
Тағдыр жібін үзіп.
 
Кір – кір еденде,
Жартысы жанған жапырақ жатыр.
Мезгілдің сұп – суық деміне өртеніп.
Төменде,
Еменнің жүзіне қарауға батпай,
Шегінем тоңып.
  
Абыз дүние кеудесі екен қыл қобыз
Екі дүние мән – есігі,
Жан жүректе ашылғанда айпара,
Қышқылтым ой қымыз сынды,
Ғұмыр бойы шайқыла,
Құтырына сапырылып,
Тұла бойды суғарып,
Әпсанасы дала кезген абыздың
Кеудесі екен қыл қобыз,
Жапан түзде қалған бір күн қуарып.
Күн қаңсытқан,
Түн аңқытқан,
Жел жаңғыртқан,
Көктің жасы сірі еткен,
Қос бөлтірік ұялап,
Қалған құртқа-қаншықтан,
Абыз дүние кеудесі екен қыл қобыз!

Қозы жайғам…

Қамсыз, мұңсыз таң атып,
Тобылғының басы гүлдеп –
Ақ көбелек қанаты,
Жеңіл желпіп таратып
жұпарын.
Бақбақтың тұла бойы
Сүт ағын.
Қайың басы күн көзіне тұтанып.
 
Бесігімнің басында,
Шошынғанда,
Құя салған қорғасындай үйірлі,
Үріккен қозым,
Сан кейіпті білдіріп,
Сайға қарай жүгірді.
Айды,
Күнді,
Жұлдызды,
Менің көңіл-күйімді.
 
Жоқ олардың бағыты,
Ой – тасқынын,
Жібергендей ағытып.
Мен де сайға жүгірдім.
Құмырамда шайқалады қой сүті,
Құшырланып,
Қиялымды жарытып.
 
Жан тамырын таудың нәрі сыздантып,
Аздан кейін шар саулықтар маңырар.
Екі көзім қой еңкейген беткейде,
Қозыдайын жамырар.

Бала күн - бала қайың.

Жартаста топырақ жеп тұрғаныңда, 
Жаныңа бала қайың барған едім.
Сен Мені оңай алдай салған едің.
Биледің таста тұрып, көңілді едің, 
Қозыдай жамыраған жапырағың, 
түрткілеп туған дала қоңыр желін, 
самалды мекірентті ырғатылып.
Түменде сыңғырлайды жылға - тұнық.
Сипатып Мен де желге кекілімді, 
жымидым ұзақ қарап.
Сонда мүмкін, 
Менен де риясыз сен жымидың, 
бұлтиып топыраққа толған ұртың.

Содан соң желік бітіп көңіліме, 
Тауларға тұман түсіп, жасын ойнап
өткенде, таста тұнған көк аспанның, 
көз жасын жапырағыңа шашып ойнап, 
отырдым, тірлік аңқып тынысымда, 
мөп - мөлдір әрі кермек шексіздіктің, 
моншағы саудырайды уысымнан...

Бала күн, туған тауда қалған қайың, 
жөңкіген тамырында сол топырақ, 
ақ тамшы тым ғайыптан тамған дәйім; 
түрлентіп, толықсытып алақанда,
есейтіп жібердің бе сол шіркінді, 
сұқтантып көзбіткенді қаратардай.
Тошыңы тостағандай төсін керіп, 
Сыздай ма ақ балтыры алатаңда.
Бала күн, туған тауда қалған қайың, 
Өзіңді бір көруді армандаймын.

Т. Раушанұлы