Былтыр жыл соңында ақын Мұрат Шаймаранның “Жасыл түн” атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Бұл кітапқа ақынның бұрын жарық көрген және еш жерде жарияланбаған өлеңдері, поэмалары, балладалары топтастырылған.
Жасыл түске байланысты бірер сөз
Қасиетті кітаптарда түстердің жақсысы – жасыл деген. Үш нәрсе көзге нұр береді: жасыл түске, ағын суға және адал, сұлу адамның жүзіне қарау.
Терапиядағы науқастар жасыл түс арқылы тыныштыққа, қуанышқа, бақытқа бөлене алады.
Жасыл түс – еркіндікке деген жігерлікті, табандылықты, мақсаткерлікті, өзімшілдікті, “Мен” деп өзіне жоғары баға берушілікті білдіреді.
Психологияда, бұл түсті таңдағандар – өзінің құндылығына деген сенімді жоғарылатқысы келетіндер, айналасындағы адамдардан мақтаулар, жақсы пікірлер күтетін адамдар деп ұғынылады. Жасыл – адамға сенімділік береді.
Жасыл түс – нағыз гармониялық түс. Адамның жүйке жүйесін тыныштандырады. Бұл түс біреудің қуаныш, ренішіне ортақтаса білетін, достары көп адамдарға тән.
Ақынмен кездесіп жаңа кітабының неліктен “Жасыл түн” деп аталуының себебін сұрадық.
Мұрат Шаймаран: "Жалпы, кітаптың “Жасыл түн” деп қойылған себебі кітаптың ішінде қазақтың классик ақыны Омарғазы Айтанның өміріне арналған “Жасыл түн” атты поэма бар. Маған өлеңдегі жасыл түс – Омарғазының поэзиясынан келген ұғым. Оның поэзиясында жасыл түске өте көп тоқталады. “Жасыл көйлек”, “Жайлау сонысындағы жасыл іздер” дейтін атақты поэмалары бар. Өлеңдерінде де көп кездеседі. Мысалы:
“Пейіштің әсем сирақ жасыл құсы”, - дейді.
Жалпы жасыл ұғымы тыныштықтың, жұмақтың, еркіндіктің символы ретінде елестейді маған. Бұл түстің емдік қасиеті бар. Бұл пендауи тірліктен жаның азат боп, рухың қалықтағанда жап-жасыл дүние оралатын секілді болып сезіледі. Омарғазы поэзиясында да осы нәрселер көп айтылады.
Бір жағынан Омарғазы Айтан қайтыс болатын күннің кеші бір алабөтен ерекше кеш болыпты. “Түннің түсі жасыл сияқты болды” дейді көрушілер. Поэманың, жалпы кітаптың “Жасыл түс” аталуына да осы жағдайлар себепкер болды деп ойлаймын.
Жасыл түс ислам ұғымында да қасиетті. Жанымызға жақын, рухымыз барқадам табатын түс қой”.
“Мен кетермін,
Ашар аспан саңылау,
Ақыл-дұшпан,
Жұрт табашыл,
(бәрі жау!)
Түпсіз терең көздеріңмен киылып,
Қарамауың керек еді, жаным-ау”.
Мұрат Шаймаранның өлеңінен үзінді.
Massaget.kz: “Қазақ “ашу-дұшпан, ақыл-дос” дейді. Сіз керісінше айтасыз. Ақынның өлеңіне түсінік бергені ерсі болса да “ақыл-дұшпанға” комментарий берсеңіз?
Мұрат Шаймаран: “Ақыл-дұшпан” дегенім...бұл өлең лирикалық өлең. Алабұртқан, аңсаған сезімнің жыры. Ал адамның сезімін тежейтін Абай айтпақшы суық ақыл емес пе?! Бұл жерде жас жігіт образын алып жазып отырмын. Менің өлеңдерімде мен ғана емес, мың адамның тағдыры жатыр. Өйткені өлеңді өзім емес, басқа адамдардың хәлінде – жас жігіт, бозбалалардың кейпінде жазамын. Лапылдаған сезімді тежейтін ақыл ғой. Мен сол образда қолданып жазғанмын”.
Massaget.kz: Ал, кезекті кітабыңызға 21 жастан бастап жазған жырларыңыз бен жаңа өлеңдеріңізді де енгізіпсіз. Бұл ақын Мұрат Шаймаранның 50 жасына берген есебі деп қабылдадық. Болашақта, алдағы күндері ақын Мұрат Шаймараннан не оқимыз?
Мұрат Шаймаран: “Оның бәрі уақыттың еншісінде. Мәселен, осы кітапты жарыққа шығарғаннан кейін дәл қазіргі уақытқа дейін ештеңе жазбадым. Менде сондай кездер өте көп болады. 3-4 жылға дейін қалам ұстамаған кездерім болды. Тіпті кейде ақын екенімді ұмытып кетемін. Кейде қалың ұйқыдан шошып оянған секілді “мен бірдеме жазушы едім ғой” деймін. Алдағы уақытта не жазатынымды өмір, санам, сезімім белгілейді. Әйтеуір, жаман дүние жазбасам екен деймін. Мына кітапта барлық жазған дүниелерді кіргізуге тырыстым. Өйткені кезінде “Атажұрт” баспасынан “Еркін аспан өлеңі” деген кітабым шықты. Сол кітабым көп адамдарға жетпей қалды. Бізде кітап тарату жұмысы дұрыс жолға қойылмаған ғой. Мені білетін оқырмандар өлеңдерімді таныса, оқыса деген ой, екінші жағынан 50 жасыма берген есебім болды. Болашақта өмір не сыйласа соны жазамын”.
Жасыл түн кітабынан бір өлең
МҮГЕДЕКТЕР АРБАСЫНДАҒЫ ҚАЙЫРШЫ ҚЫЗ ТУРАЛЫ ЖЫР
Сүйдірмек һәм жаралған сүймек үшін,
Кемтар тағдыр...
Өртеніп күйген іші.
Асау, тентек музыка ырғағына
Оның да бір келеді билегісі.
Жүрегінің әмірін мол тыңдатып,
Жанарының жақұтын жалтылдатып,
Оның да бір келеді билегісі,
Ақ өркешін төсінің толқындатып.
Тонап жатқан уақыттың жырындысы,
Жетер ме екен дәрмені – ғұмыр күші;
Желбіретіп жап-жасыл орамалын
Баққа қарай бар тағы жүгіргісі.
Көркемдіктің кем қанат құмар құсы,
Жанып бітпей жастықтың тынар ма ісі?!
Хат жазғысы келеді біреулерге,
Құшақ толы біреуден гүл алғысы.
Солай болды жазмыш – сый-несібе,
Алар жиі аңсаулы күйді есіне.
Кетіп бара жатады ол қиялында,
Қос ат жеккен қалыңдық күймесінде.
Елестейді –
(шаттығы бір басылмай)
Келді біреу сақидың тұлғасындай,
Садақаға тастаған қара бақыр –
Бұқараның саф алтын ділдасындай...
Ала бұлтқа Алматы күні жерік,
Бірі ұшып жүр көгершін,
бірі қонып.
Бұзды қыздың тәп-тәтті қаймақ ойын,
Қоңырауы шіркеудің күңіреніп.
Адыра қап ақ әуен, шырайлы өлең,
Салқын іңір ініне түнейді әлем.
Ол түс көрер – түсінде билеп жүрер,
Мен түс көрем, Жоримын, Үрейленем...
Айта кетейік, Мұрат Шаймаран “Түнгі сарын”, “Еркін аспан өлеңі” және “Жасыл түн” атты жыр кітаптарының авторы. Ол қазақ поэзиясындағы романтизмге өзіндік мектеп қалыптастырып, өзгеше леп, соны жаңалық алып келген белгілі ақын. Жырларында кестеленген сезімнің нәзік иірімдері, жүректің аңсары, рухтың асқақтығы, адам болмысы мен құдай тақырыбы оқырмандарын бей-жай қалдырмайды. Әсіресе, “Жасыл түн” поэмасы – қазіргі қазақ әдебиетіне қосылған үлкен олжа.