- Негізгі бет
- Поэзия
- Қараша айы келгенде......
Қараша айы келгенде...
Ұларбек Дәлейұлы Байтайлақ – ақын деген киелі атты ардақтай ұстап жүрген қалам иесі. Өне бойы ұлттық ділменен суарылған, қазақ десе, қасқайып тұрып, керек десе, жанын беретін жалынды жас. Сатқындықты кешірмейтін, екіжүзділікті жек көретін, әділетсіздікке төзбейтін күрескер. Өз басым осы жігітті ежелгі шығыстың жеті шайыры мен кешегі Махамбеттің сарқытындай көремін. Себебі Жаратқан Ие оған сондай қасиет берген, дарын сыйлаған. Бауыржан атамыз «Алдымен қазақ бол, сосын адам бол!» деп өсиет етіпті, сол айтқандай Ұларбек ақын, ең алдымен – қазақ! Күллі дүниедегі ең ақын халықтың, сөз қасиетін ұғып, қастерлеген халықтың өкілі!
Заңғар Кәрімхан
Қараша айы келгенде
Баһадүрлер сияқты майданда сап түзеген,
Иіліп тұр сені еске ап,
Мың самырсын, жүз емен.
Дала мұңды болғанмен, қала таңы қарбалас,
(Жауған жаңбыр шайырдың сағынышын аңдамас).
Жан азабын кімдердің жырға қосып келем мен,
Көз жасымен аялап бұлт қарайды төбемнен.
Мен іздейтін дерегін,
Сен сен едің, сен едің,
Қара жердің қайғысын бір көтеріп келемін.
Түн де қара бұл жақта, жол да қара, бұлт қара,
Мен айтатын ескі әнді алайда, сен құптама.
Жүрегімнің жыртығын сенен басқа кім жамар,
Сенбеймін мен құстарға, кетеді алдап тырналар...
Һәм жаралы, һәм мұңлы,
Елесімен барады айлар кесіп алдымды.
Шайырлар көп айтатын күтер мені нұрлы күн,
Сағынышың боп оралам,
Ораламын, құлдығым!
Қараша айы келгенде қасымда бол, қамқорым,
Қарауытқан таулардың басында бол, қамқорым!
Жел сүйреген құмдардың ішінде бол, қамқорым,
Мен сүйреген мұңдардың түсінде бол, қамқорым.
Ақшам келсе желпініп көп ұшады сауысқан,
Ол әкелген хаттарды оқып-оқып тауысқам...
...............
Баһадүрлер сияқты майданда сап түзеген,
Иіліп тұр сені еске ап,
Мың самырсын, жүз емен.
Қараша айы болғанда, қара жаңбыр жауғанда,
Сен сияқты күтетін құлазыған орман да.
...Күз жауыны онсызда қасіретімді молайтар,
Мен жайлы ізгі хабарды іңір барып сол айтар...
Аңсар
Осынау бағдарсыз өмірде,
Қай маңнан табылар жол, тұрақ?
Мен сені күтемін қараша желінде,
Бұтадай қалтырап.
Жаныма бір нұрлы от жақты,
Сен жақтан ерменнің иісі.
Жолаушы кезеді сан тарау соқпақты,
Кешкі өкпек кетірген күйісін.
Ойында жусанды даласы,
Найзағай кемірген һәм ескі таулары.
Бөрілер жататын таласып,
Шілде де жауатын қарлары.
Жортуыл жолдары,
Сынған бір сойылдар арманда.
...Қарт Алтай Тәңіріге созатын қолдарын,
Көкжиек көзінен қызыл қан тамғанда...
Аршалар!
О, нұрлы жасындар,
Қанымда қаһарлы сел аққан.
Мен сені күтемін,
Гүлзарлар қасында,
Мұңлықтар мекені – көзінде таң атқан.
Ол маңда бізге енді жоқ өлім,
Жалғыздық парағы фәниден жыртылған.
Мен оған сәбидей сенемін,
Сәбидей иірімге ұмтылған.
Ешқашан басылмай аптығы,
Уақыт шаңдағы самайға қонады.
...Әкемнің жоғалтқан жастығы,
Анамның ескірген жамалы...
...Осынау бағдарсыз өмірде,
Қай маңнан табылар жол, тұрақ?
Мен сені күтемін,
Қараша желінде,
Бұтадай қалтырап...
Стамбул күзі
Стамбулда ырғақты күз әуені,
Ырғақты күз – сағыныштар әлемі.
Бұл маңда да жүр екен ғой жалғыздық,
(Жалғыздықтар маған ғана тән еді...)
Сол ескі үміт түске айналып түндегі,
Мені құрсап сағыныштың тұр лебі.
Қандай сазды еді мешіт азаны,
Стамбулдың күзі қандай мұңлы еді...
Қимасым-ай!
Қимайды екен дегізіп,
Жағалауда қалды сірә, көп ізім.
Кешіп өтіп саған жетсем деп едім,
Мұнар жапқан түпсіз Мәрмәр теңізін.
Кемелерде кешкі жалау қылаңдар,
Жалауларда жауабы жоқ сұраулар.
Мен секілді...
Батыс Кипр жерінен,
Адастырып алып келген тұмандар.
Ең бір ізгі үмітімдей ардақтап,
Соғады жел,
Жел соғады жан-жақтан.
Жіберер ем қанатына хат жазып,
Шағалалар бармайды әттең, ол жаққа.
Құжырамда қалды ақынның шер-мұңы,
Өткінші деп атай көрме сен мұны!
Тереземде тұнған жасын көктемнің,
Жаңбыр шайып кеткен шығар ендігі.
Кетсін деп ем, сол Алматы кешімен,
Ұмыта алмадым.
Ұмытуға бекіп ем.
Саған ұқсас көрдім Айдың елесін,
Күзгі жаңбыр жуған жолдар бетінен...
Сауал
Көңіл қалай? – деп мен,
Күз ғой дедің күбірлеп,
Өмір қалай? – деп ем мен,
Мұз ғой дедің күбірлеп...
Өзің қалай? – деп мен,
Сіз... ғой дедің күбірлеп.
Түсініксіз бұл күйді тарта берме, Сетерім,
Желден бұрын желпініп бір күн саған жетемін...
Түнгі салқын бойыңды тоңазытса таң алды,
Тағдырыңа жүгініп емдеп берем жараңды...
Жапанда өскен Жаутерек, жапырағы жасыл-ды,
Жапырақта жүз өлең!
Жаны да оның Ғасыл-ды...
Алау алау, алау от!
Айта алмаған арманым,
Анау анау, анау от!
Көп тістеген бармағым...
Кешкі жаңбыр төгілген жолдар беті мың елес,
Сені үнсіз сағыну – қуаныш ол, мұң емес.
...Көңіл қалай? – деп ем мен,
Күз ғой дедің көңілсіз,
– Дала үнсіз және де сіз келетін жол үнсіз...
Жалғыз ұшса түн құсы – сағынышым бір-ақ тал,
Орман да тұр орнында, мұз қатқан жоқ бұлақтар.
Мына мендік азаптың топырағы жеңіл-ді,
Жемсауына шер толған жеңеді ол да өлімді.
Тарік етіп төрт күндік осынау тар жалғанды,
Мен жүремін күзетіп қырау тұнған аулаңды.
...Күз ғой дедің көңілсіз...
* * *
Бір елес торыған жолымды,
Ендігі құтылу жоқ одан.
Билеген тәнімді, қанымды,
Қыраулы терезем сыртында сол адам.
Гулеген боранның өтінде – сол адам,
Сүреңсіз жолдардың бетінде – сол адам,
Бораған ақ қардың ішінде – сол адам,
Сарғайған жапырақ түсінде – сол адам!
Қараша қанатын қаққанда жасырын,
Мөлт етіп үзілген сағыныш жасымын!
Тым ауыр ойлардың мекені –
Мен және
Шырағдан түтіні ыстаған лашығым.
Жел кеулеп етегі,
Ол маған бір күні жетеді, жетеді.
Бақытқа мастанып, қайғыға қайысып,
Мұнардан келеді, мұнарға кетеді.
Дәл біздей кім тыңдар,
Күн жырын, түн зарын,
Жарасын кім таңар ынтызар жыр жазып?..
Кеземіз қолдасып һәм үнсіз арбасып,
Шираздың шаң басқан ескілеу гүлзарын.
Талықсам оятар ертеңгі шығар күн,
(Шығар күн мойынында алқынған тұмармын).
...Мен оны сүйемін,
Сол сүю арқылы,
Тағдырды мазақтап алуға құмармын...
Елестер кезетін іңірде жер бетін,
Бір ұлы сағыныш басады меңдетіп.
Шырағдан түбінде жыр жазып отырмын,
Түнгі Айдың көз жасын тағы да көлдетіп...
Бір елес торыған жолымды.
Дайындаған: Қайсар Қауымбекұлы
Сурет: жеке мұрағаттан
Қ. Қауымбек