Мұқағали Мақатаев өлеңдеріндегі афоризмдер

Мұқағали Мақатаев өлеңдеріндегі афоризмдер
Фото: Skuki.net

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың есімі аталса, бүкіл қазақ даласы лирикалық әуенге бөленіп, сезімнің сиқырлы әлеміне тап болады. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені оның өлеңдері нәзік сезім, шынайы сыр мен махаббатқа толы. Қай жастан сұрасаңыз да, ақынның бір өлеңін жатқа оқып беруге дайын. Тілге жеңіл, көңілге қонымды ой орамдары мен өлеңдері халықтың мәңгі жадында сақталды. Дегенмен өлеңдерін оқып отырып мән бермейтін тұстар бар. Ол ақын өлеңдерінде кездесетін, жұрт байқамай қалатын тілдегі афоризмдер.

Адамның ғұмырынан қысқа не бар,
Күн еңкейсе болғаны, кеш кіреді.

***************************

Қазақтың мал – ырысы, малы – бағы.

***************************

Байлық, бақыт – бәрі де бар ауылда.

*************************** 

Арулар – тіршілікке күре тамыр,
Өмірді бір – біріне жалғап тұрар.

***************************

Адамда адам түсінбеу – бір ақырет.

***************************

Жасасаң қайыр, қарыз деп айтпа, жарқыным
Қарыз ғып берсең, қажет те емес алтының.

***************************

Жамандарды іздемен, өзі-ақ табылар,
Жақсылардың табуың қиын екен.

***************************

Мұң басқанда,
Не жетсін сырды ашқанға.

***************************

Шығармаса да ұшпаққа,
Бала керек құшпаққа.

 ***************************

Ақ қағаздар арасынан аққуымды,
ажырата алмаған сормаңдаймын.

 ***************************

Не жыны бар бақыт мені көргенде,
Кетеді үркіп, енді жете бергенде.

***************************

Жақыныңның жалғанда жат болмағы
Жасаған-ай, неғылған қиын еді.

*************************** 

Ақымақтың бақ боп қонып басына,
Ақылдыдан аулақ кетер, бармайды.

***************************

Достық деген – адамның көрігі екен,
Достық деген – ақылдың серігі екен.

Күлкаева Ғ. «Мұқағали Мақатаев өлеңдеріндегі афоризмдер».
Мұқағали журналы. 2010. 51-52 бет.

М. Ақан