Мағжан Жұмабаевтың махаббат туралы өлеңдері

Мағжан Жұмабаевтың махаббат туралы өлеңдері
Фото: Pixabay

Қазақ поэзиясының алыбы Мағжан Жұмабаев махаббат жайында да қалам тербеген. Ендеше аяулы ақынның сұлу сезім жайындағы өлеңдерін оқып көрейік. 

Айрылдым сенен, жан сәулем

(Гетеден)
Айрылдым сенен, жан сәулем,
Көруге енді жоқ үміт.
Бірақ соңғы сөздерің
Кетпейді естен боп ұмыт.
Жапанда жалғыз жолаушы,
Аспанда торғай жырласа,
Көзі көкте, тілегі -
Көріп жақын, тыңдаса...
Мен де сондай қапамын,
Тоғайға, қырға қараймын.
Қайғымен жалғыз күңіреніп,
«Жан-жарым!»- деп жылаймын.

Сүйгеніме

Жандым-күйдім, сені ойлап, дамыл көрмей,
Еш жанға сенен басқа көңіл бермей.
Сен - бір жақ, жалған - бір жақ, қатар қойып,
Сені іздедім, жалғаннан қолым сермей.
Қайғы жұттым, «аһ» десем, шықты жалын,
Сыртым - сау, ішімде - өрт жанған қалың.
Күйдірген қалың өрттің зардабынан
Өлгелі тұр сүмірейіп сорлы жаным.
Сөзім, көзім айтып тұр сүйгенімді,
Қуарған, сарғайған жүз, күйгенімді,
Талған жүрек, жүдеген, солған дене -
Сүюдің қолына ен тигенімді.
Күні-түн сені іздедім, қайғы жедім,
«Отқа түскен сорлыңды сүйші»,- дедім.
Төгілген көз жасыма бір иімей,
Денеңді аулақ салдың, қоспай жігің.
Жан ұрдым, жаным қидым, қайрылмадың,
Өміріңше «Кет әрменнен!» айрылмадың.
Шырылдап көз алдында отта жандым,
Тіліңмен де бір аяп қайғырмадың.
Күн болған көңілімде сенің сәулең,
Болып ем өмірімше сорлы әурең.
Міне, мен сені тастап кетпекшімін,
Қош енді, жанып-күйіп сүйген сәулем.
Мен таптым, сүймесең де, өзіме жар,
Керегің жоқ, мейірімсіз жолыңа бар.
Маған енді ол жармен тыныш, рақат,
Бәрібір жазы-күзі жауса да қар.
Өмірінше бірге, тастап кетпегі жоқ,
Сен сықылды қайғылы етпегі жоқ.
Өзгермес бір қалыпта кең тіршілік,
Бірде шаттық, бірде мұң жетпегі жоқ.
Қош, сөулем, бермен қара, сорлыңды көр,
Амандас, мен кетейін, қолыңды бер.
Алдымда құшақ жайып қарсы алатын
Сүйген жарым - мейірімді ол қара жер!

Сәуле

Көрісе алмай зарығып,
Сарғайысқан екі жас,
Әлдеқалай тура кеп,
Көріседі - көңіл мас.
Мөлдіресіп көздері,
Бір-біріне қарайды.
Қысқа болды сөздері,
Жылы у бойға тарайды.
Ауызға ауыз тиісті -
Денелері балқыды.
Тілден тәтті сүйісті -
Жүрек жанды, шалқыды.
Ыстық лебіз сүйгенде
Өртегендей жүздерін.
Енді дене күйгенде
Ашты екеуі көздерін.
Оянысса, адам жоқ,
Түс алдайтын жау ма екен?
Бір-бірін түсте сүйсін деп,
Ойнап сүйген сәуле екен.
Есінеп, бір керіліп,
Қайта тағы жұмып көз:
«Ұйқымды, сәуле, бұздың!»,-деп,
Жатты жамылып сұлу қыз.
Абақтыда оянып,
Жігіт «уһ» деп дем алды.
Көрген түске жұбанып,
Сәулеге алтын қуанды.

Сүй жан сәулем

Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін,
Патша тағы, бүкіл дүние малына.

Құшақтатып нәзік талдай беліңнен,
Сүйгіз, сәулем, тәтті балдай тіліңнен.
Бой шымырлап, талықсиды жүрегім,
Балқып денем, барам еріп деміңнен.

Кір қойныма, қыпша белің бұралып,
Тарқат шашың, жатсын жібек оралып.
Жаным!Жаным! Тезірек тисін төске төс,
Көз жұмулы, жиі ыстық дем алып.

Шашың - қара, денең ақ бұлт, жүзің – Ай,
Тісің – меруерт, көзің, сәулем, құралай.
Ләззат, рақат, бақыт – бәрі қойныңда,
Сұрамаймын енді ұжмақ – жақсы жай!

Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Жасағаннан бір-ақ нәрсе тілеймін,
Өтпесе түн, атпаса екен таңы да.

М. Оңғарова